Сұлулыққа неге құмармыз?

865

0

Адамның сұлулыққа неге құмартатыны әлі жұмбақ. Біз оған тамсанамыз, баға береміз. Анықтама бергіміз келіп, өзімізше пәлсапа соғамыз. Бірақ оның пайдасы не, құндылығы неде екенін ешкім ашып айта алмайды. Кейде экраннан немесе суреттен көргеннің өзінде, кейбір қалалардың сәулеті мен мәдениетінің сұлулығына таңғаламыз. Айталық, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар Еуропаға ағылады. Себебі, оның қалаларының таңғажайып сұлулығын көргісі келеді.

Расында, сұлулық өмірдің біз ойлағаннан әлдеқайда сыры терең, құнды нәрсе екенін еске салып тұрады. Қарапайым көпқабатты үйлер пішінінің үйлесімділігінен бастап, ұлы өнер туындыларына дейінгінің барлығы адам табиғатындағы ең ізгі сезімдерді қозғап, ашыла түсуіне ықпал етеді. Ал, ол сезімдерсіз адам өмір сүре алмайды.

Адамдар мұны өнер түрі ретінде, ең әуелі, музыкадан сезінеді. Музыка – қазіргі жастар үшін басты мәдени фокус. Әуен – түрлі дыбыстардың қайталанатын тізбегі. Дәлірек айтсақ, қайталанатын тізбектердің үйлесімді араласуы. Дәл осы үйлесім, осы жарасым адамның ағзасын, санасын, көңіл-күйін тепе-теңдікте ұстайды. Ал, адамның ішкі жарасымы сыртқы дүниеге әсер етеді.

Осылайша қоғам жарасым табады. Тізбек – ғарыштық жарасымға дейін жалғасады. Дүниенің өзі де сондай қайталанатын тізбектерден тұрады. Демек, музыка – дүниенің бір көрінісі. Сондықтан адамның жан әлемінде оған деген мұқтаждық бар. Адам сұлулықтан рухани күш алады. Өз осалдығына қарсы тұрады.

Жазушы Таласбек Әсемқұлов: «Өнер дегеніміз (бұл жерде поэзия, сурет  немесе  музыка  деп, түрлі жанрлардың арасын бөлмей-ақ қояйық) – сұлулықта ояну» деген екен. Өнер туындысы адамның жан әлеміне жарасым орнатады. Осылайша, өнер туындысымен танысқан әрбір адам өз өмірінде трансцендентальды нәрсеге жол береді. Белгілі бір мағынада бір сәтке болса да құпиялы әлемге, тіпті, құдайлық өлшемге өтеді. Ол туынды кейін адамның бір бөлшегіне айналады. Тағдырына әсер етіп, өмірін басқа арнаға бұрады.

Бүкіл қоғам ояу жүріп ұйқыда жатқан кезде, тылсым ұйқыдағы адамзаттан бір адамды өнер туындысы осылай оятады. Өнер – өміртанудың бір мектебі. Көркем, сұлу мектеп. Көпшіліктің қолы жете бермейтін, бірақ көрермен бола алатын, сол арқылы бәрібір іштесіп, көңілі сезіп, жаны сусындайтын мектеп. Өйткені Өмір сүру, Тірлік кешу дегеніміз – Сұлулық пен Мән-мағына іздеу…

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<