Судың да сұрауы бар емес пе?

1640

1

Облыс орталығының тұрғындары «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің қызметін пайдаланады. Ұзақ жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпорын әрдайым сапалы жұмыс жасауға көңіл бөледі. Десе де, олардың алдында бірқатар проблемалар бар. Мәселен, тұтынушылар қызмет ақысын уақытылы төлемейді. Бұл мекеменің қалыпты жұмыс ырғағына кедергі келтіреді.

Мамандардың айтуынша, кәсіп­орын шығындарына мемлекет тара­пынан субсидия қаралмаған. Олар тұтынушылар төлейтін төлемдер бойынша өтеледі. Мекеме күнделікті тіршілігінде көптеген шығын жұм­сауға мәжбүр. Мамандар жалақысы, зейнетақы жарнасы, міндетті салық төлемі бар. Сондай-ақ, ғимараттарды күтіп ұстау, ауызсуды өңдеу, құбыр­ларды алмастыру, су мен кәріз желілеріндегі құдықтардың ұрлан­ған қақпағын жаңалау, жерасты суын тарту насостарын сатып алу, жөндеу шығындары бар. Кәсіп­орындағы арнайы техни­калардың, автокөліктердің жанар­майы, қосалқы бөлшектеріне жұм­са­латын, қызмет көрсету бары­­сында қолданылатын электр қуа­тымен жұмыс жасайтын барлық қондырғының электр энер­гиясына шығыны сол тұтынушылар тарапынан түскен төлемақы негізінде өтеледі.

– Бұл орайда көпшілік тарапынан түсінбеушілік кездеседі. Біз әр кезде өз жұмысымызды сапалы атқаруға тырысамыз. Дегенмен мекеме көрсеткен қызмет түрлеріне тұтынушылар уақытылы төлем жасаса деген өтінішіміз бар. Өйткені, қаржы мәселесі көп түйткіл туындатып жатады. Тұтынушылардың 20-25 процентке жуығы ғана қызмет ақысын дер уақытында төлеп отырады. Бұл мекеменің қалыпты жұмыс жасауына жетпейді. Соның салдарынан кәсіпорында жалақыны бір-екі айға кешіктіріліп беру жағдайы кездесті, –  деді «Қызылорда су жүйесі» КММ директоры Марат Жәмиев.

Кәсіпорын басшысы жазда су қысымының төмендеп кетуін былайша түсіндіріп берді. Қазір облыс орталығында 74 мыңнан астам абонент бар. Қыс-көктем айларында жергілікті тұрғындар тәулігіне 35-40 мың текше метр су пайдаланды. Бүгінде оның көлемі 86 мың текше метрге дейін жетті. Себебі белгілі. Қалада ирригация жүйесінің дұрыс болмауына байланысты тұрғындар есік алдындағы бақшасын суаруға ауызсуды пайдалануға мәжбүр. Кейде жаз айларында оның көлемі 100 мың текше метрден асып кетеді. Сондықтан су қысымының төмендеп кету жағдайы кездесіп жатады.

– Төлемақымен есептесуде зейнеткерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері жауапкершілік таны­тады. Ал көпшілік тарапынан мұндай белсенділік байқала бермейді. Бұл бағытта тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге көңіл бөлеміз. Әйтсе де, мамандар көптеген проблемаға кездеседі. Тұрғындардың көбісі күндіз жұмыста болады. Соның салдарынан бірыңғай төлем құжаты келгенде «бұл дұрыс есептелмеген» деген шағымын білдіріп жатады, – деді кәсіпорын басшысы.  

Қандай қиын жағдайда да мекеме тұрғындарға тұрақты су беруді тоқтатқан емес. Тек төлемақы мәсе­лесінде тиянақтылық керек.

Мамандардың айтуынша, былтыр­ғы жылдың алғашқы айларында кәсіпорында жұмысшыларға жалақы 4-5 айға дейін кешіктіріліп берілді. Тіпті, салық төлемдерін төлеуде де кідіріс болды. Одан кейінгі уақытта кәсіпорын тарапынан бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Тұрғындардың есептесуіне тиісті мүмкіндіктер жасалды.

– Заңды және жеке тұлғалар үшін мекеменің және «Энергосервис» кассасынан, терминалдар арқылы төлеуіне қолайлы жағдай бар. Көп­шілік инспекторларға қолма-қол төлемейді. Пломба тегін орнатылатын болды. Ауыз су бағасы да арзандады. Жыл басында ол 61,19 теңгені құраса, қазір 45,61 теңгені шамалайды. Ал кәріз жүйесі бойынша ол бұрын 60,56 теңгені маңайласа, бүгінде ол 48,82 теңгені құрайды. Өткен жылдың қорытындысымен кәсіпорынның жалақыға қарызы болған жоқ. Барлық қызметкердің еңбек демалысы, жалақысы және өзге де алашақтары толық төленді. Бұл мамандардың тұрақтануына, сапалы қызмет жасауға оң ықпалын тигізді. Сондықтан кәсіпорынның қалыпты жұмыс жасауына тұрғындардың түсіністік танытуын сұраймыз, – деді М.Жәмиев.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<