«Жеңеше, құлағыңа сыбырлайын»

1210

0

Бұрын ұзатылған қыз бойына бала бітсе, жаңалықты төркініне жеткізу үшін жақын, сырлас жеңгесіне «жеңеше, құлағыңа сыбырлайын» деп сәлем айтып жібереді екен. Болды, көп сөздің керегі жоқ, бәрі де түсінікті. Бұл әрекетте әдеп пен иба тұнып тұр.

Кейінгі кезде салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұғымдарының түрленіп, жаңаша бағыт алғаны  ұлттық ұстанымдарды көмескілендіріп барады. Жастар арасында кең қолданысқа ие, әлеуметтік желіде көпшілік қызыға қарайтын  «гендер патиді» алайық. Қазақша «құрсақ шашу» ғой, бірақ…

Батыстан келген дәстүрдің бәрі озық деп қабылдайтын еліктегіш қалпымызбен оның не екенін жете түсінбесек те, заманауи трендтен  қалмау басты мақсатқа айналды. Тойымыз аз еді, енді жас отбасылар осы «гендер патиді» де үлкен-кішіні, ата-аналарды шақырып атап өтетін болды.

Қысқаша тарихына тоқталсақ, «гендер пати» – американдықтардың жақындарымен, дос-құрбыларымен атап өтетін отбасылық мерекесі. Негізгі атауы – Gender Reveal Party. Гендерлік кешті жоспарлаған ерлі-зайыптылар УЗИ-ге түскенде баланың жынысын айтпауды, жасырын түрде конвертке жазып беруді сұрайды. Құпия анықтаманы кеш барысында ашады. Осылайша, өздері де, қонақтар да баланың жынысын біледі. Торттың түсі немесе шар жару, қорапқа жасырылған түрлі заттар арқылы айқындалатын бұл жөн-жоралғының соңы үлкен мерекеге ұласады.

Әрине, өмірге ұрпақ әкелу – үлкен қуаныш. Жастардың ұғымында мұндай қуанышты тойлаудың еш әбестігі жоқ шығар. Алайда үлкендер қауымы мұны құп көрмейді. Ата салтын ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған ақжаулықты аналарымыз осындай сәтте «келін үшін біз ұяламыз» дейді.

– Қазір жастар «гендер пати» дегенді өткізетін болды. Құрсағына шарана бітсе болды, көпшіліктен сүйінші сұрауға дайын тұрады. Қазақы ырым түсінікте аяғы ауыр келіншек көпшілік назарына ілігуден сақтануы керек. Тіл-көз бар дегендей.

Бұрын көпті көрген, алтын құрсақты аналарымыз келінінің жүкті болғанын сезсе, оны жалпақ жұртқа жария етпеген. Себебі, бала құрсаққа толығымен орныққанша, тіл-көзден қорғаштап, ешкімге айтуға болмайды. Бірақ заман ағымына қарай қазір жастардың да ойы өзгерді. Қазақы сенімдерге бей-жай қарайды. Оның барлығы бүгінде ақпараттың көптігінен, оны екшейтін сана сүзгісі жоқтығынан деп ойлаймын. Соның салдарынан қазақ қоғамына жат дүниелер көзге үйреншікті, құлаққа сіңімді болып барады, – дейді көпбалалы ана София Балтабайқызы.

Біздің салтымызда мұндай жоралғыға арналған, жоғарыда айтылғандай «құрсақ шашу» деген дәстүр бар. Ол да басқосу түрінде өтеді. Бірақ ер-азаматтардың қатысуынсыз. Жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, қыз-келіншектерді жинайды. Сауық-сайран құрып, ән айтылып, би биленеді. Барлығы келіннің аман-есен босануын тілеп, жылы лебіздерін жолдайды. Былайша айтқанда «гендер патиден» әлдеқайда артық.

«Құрсақ шашу» мен «гендер пати» туралы қазіргі жас аналардан да сұрап көрдік. Жас ана Мөлдір Аманбайқызы:

– Мен кішкентайымнан ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. Келін болып түскен отбасымда да өз ұямнан алған тәрбиені көрсетемін. Заман ағымына қарай түрленіп жатқан жоралғыларды мүлде қолданбаймыз. Меніңше, оның барлығы – уақытша дүние. Бүгін бар болғанмен, түптің-түбінде ұмытылып кетеді. Себебі, қазақтың қанына сіңбеген салт. Өзгенің істегеніне қызығудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Тағы бір жас ана:

– Меніңше заман ағымынан қалмау қажет. Бұл әрбір ана үшін маңызды кезең. Онда тұрған не бар? Қайта бәрінің көңілі көтеріліп, керемет кеш өтеді. Жалпы өзіме ұнайды, еш қарсылығым жоқ. Ескіше көзқарастан арылып, жаңаша ойлайтын кез келді. Жұрттың көзі, сөзі тиеді дей бермей жақсыға ұмтылуымыз керек, – дейді.

Иә, неше адам болса, сонша пікір бар. «Ұят болады» деген тыйымды мансұқтау белең алып тұрған тұста «үлкен-кішінің алдында баланың жынысын жариялау, оны айдай әлемге тарату ыңғайсыздау» деп ақыл айтқаныңмен, заманнан қалыс қалған атанасың.  Одан да жас қыз-келіншектерге «құрсақ шашу» дәстүрінің мән-мағынасын терең ұғындыру, оның «гендер патиден» анағұрлым ауқымды әрі тағылымды іс-шара екенін түсіндіру керек сияқты. Уақыт күнделікті тіршілігімізге, ұлттық болмысымызға өзгерістерін енгізіп жатқанымен осындай дәстүрлерімізді насихаттау арқылы иммунитет қалыптастырсақ деген ой ғой.

Желіні ақтарып отырып тағы бір көрініске не айтарымды білмедім. Жас келін жүктілікті анықтайтын тестті қорапқа салып, тосынсый етіп дастарқан басында ас ішіп отырған үлкен-кішінің ортасына қойды. Бәрі мәз, көңілі бостары көздерін шылап алды. Бірақ ана тесттің дастарқан басына келетін зат еместігін біреуі ойлады ма екен? Әй, қайдам?

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<