Кино – өнер. Кино – идеология. Кино – бизнес

1670

0

Кино өнері әртүрлі бағытта дамиды. Аудиторияның сұранысы мен қабылдау деңгейі әртүрлі. Режиссерлардың дүниетанымы бөлек. Әр идеяның өзіндік атқаратын миссиясы бар. Әрбір жанрдың өзінің өрлеу кезеңі болады. Бірін дамытып, бірін тежеу­ге болмайды. 

Осы өзекті мәселеге қатысты қоғамда үнемі заңды сауал туады. Коммерциялық кино мен авторлық кино бағытының өкілдері прокат мәселесіне келгенде пікірлері екіге бөлінеді. Мемлекеттік маңызы бар фильм­дерге деген көзқарас та дау туғызады. Осы тұрғыда, киносыншы маманы ретінде кино өнерінің даму бағыттарындағы бас­ты міндеттерінің байыбына барып, тұжырымдар жасау маңызды деп есептеймін.

КИНО – ӨНЕР

Нағыз өнер – теңдессіз. Идеясы құнды. Өресі биік. Тілі, табиғаты шынайы. Жеке дүниетанымның қалыптасуына да қосатын үлесі шексіз. Адамзаттың алға жылжуына ықпал жасайтын идеялар бар. Өнердің табиғатының өзі адамды тазаруға, рухтандыруға, жігерлендіруге бағытталған үлкен миссияны атқарады. Ғажайып туындылар – арыңның бағдаршамы іспетті.

Біз көбінесе кино тілінде бей­неленген нағыз өнер туындысы деп авторлық фильмдерді баға­лап жатамыз. Бізде терең және ерекше ойлайтын киногерлер бар. Өздерінің қолтаңбасын қалып­тастыра алған. Авторлық кино ба­ғытының қарқыны ерекше. Мас­штабтары әлемдегі мықты ки­ногер­лерден еш кем емес.

Интеллектуалдық киноның аудиториясы қашан да шектеулі. Шынайылық басым болғанмен, тілі күрделі. Көпшілік идеяның ас­тарын түсінбей, бейнелік қата­рын қабылдай алмай жатуы­ның басты себебі осында. Пәлса­па­лық негізі басым. Бұл автор дү­ние­танымының масштабы. Оқиға­лар­ды көбінесе терең ойлармен көм­керуге басымдық беріледі. Ма­ғына іздейді.

Кез келген автор өз фильмі ар­қылы өз өресін көрсетеді. Дү­ние­танымын. Мәдениетін. Ойлау жүйесін. Қоршаған ортадан қа­былдаған оқиғалардан түйген қорытындысын. Авторлық кино­дағы режиссерлардың шығарма­шылығы сонысымен қызықты. Ой қозғауыңа ықпал жасайды. Кейде, пікірталастар қақтығысы да болады.

Жамандықсыз кейде жақсы­лық­тың қадірін түсінбей жатамыз. Сынақ түспесе, өмірде маңызды жайттарға назар салмаймыз. Ав­торлық киноның табиғаты да солай. Өмірге басқаша қырынан қа­рауға мүмкіндік береді. Кейбір фильмдер қоғамның асқынған дертін дөп басып көрсетеді.

Кейде осы өмірдің көлең­келі жақтарын суреттеген режиссер­ларға наразылық білдіріп те жатамыз. Бұл қалыпты. Көзқарастар әртүрлі. Олардың алға тартқан ақиқатымен келіспеуге де құқы­мыз бар. Себебі, ол бір ғана ав­тордың жеке пікірі.  

Алайда, ақиқатын айтамын деп, мақсатты түрде ұлттың мүд­десіне арнайы шабуыл жасайтын авторлар да бар. Көздеген саясаты сол болады. Көрермендерге теріс пиғылдағы ойларын зорлап таңады. Эгоизмін алдыңғы планға шығарады. Бұл қауіпті.

Олардың жеке өмірбаянын зерттесең, осындай әрекеттерге ба­руының негізгі себептерінің ас­тарын оқуға болады. Жеке комп­лекстері, тағдырына наразылығы, жеңіліс тапқан сәтсіздіктерінің өшін өз шығармашылығынан алады. Олардың ойы кейде қоғамды емдемейді, асқынған дертті қоз­дырады.  

Нағыз өнер – залалсыз. Зияны тимейді. Өз арына есеп беретін авторлар идеяны қоздырғыш күш ретінде қолданбайды. Әсерін шы­найы суреттейді. Ойларымен ашық сырласады. Адамзаттың игі­лігі жолында құнды идеяларды ғана дәріптейді.

 

КИНО – ИДЕОЛОГИЯ

Кино өнерінің шын мәнінде әлеумет санасына ықпалы бар. Тіпті, зор. Кино саясаты арқы­лы көп тетікті басқаруға бола­ды. Мақсатты түрде. Оның идео­логиялық қауқары соғыссыз ше­­ка­ра алуға жетеді. Кино өнері­нің тілін масштабты мақсаттарға қолдану мүмкіндігі бар. Иә, кино – демалу, сергу, көңіл көтеріп, қы­зықтаудың да құралы. Бірақ, оны мақсатты идеяны жүзеге асыруға қолданса, алынбайтын қамал жоқ. Кино тілінің мүмкіндігі көп.

Өнер алаңында да кейде саяси батыл қадамдар жасалып жатады. Әр ұлттың амбициясы әртүрлі. Алға тартатын ақпараттар легі де. Бірақ, өнерде идеяны жан-жақты сараптаудан өткізу маңызды. Адамзатқа ашық шабуыл, ұлтты кемсітуді мақсатты түрде қолдан ұйымдастырылмауды әр мемлекет өзі бақылауында ұстағаны абзал.

Авторлар кез келген идеясы­ның артында қандай жауапкер­шілік тұр, осыны назарында ұста­ғаны маңызды. Нені дәріптей­сің, қандай мақсатта дәріптеп отыр­сың, экранға шықпас бұрын өзіңе есеп берудің қажеттілігі бар. Ішіме сыймаған шығармашылық күйім деп, сараптаудан өткізбей, қадамдарын салмақтамай, әлем халқының алдына абыройсыз іс­терін саналы түрде жария етуге асығатындар бар.

Халықаралық кинофестиваль­дарға көбінесе осындай мақсат­тағы фильмдер ұсынылады. Қол­дайды. Қаржыландырады. Жүлде алу үшін дәл сол әлеуметтік мә­селелерді арнайы ашып суреттеген фильмдерін апарады.

Көпшілігі саяси астарын тү­сінбейді. Бұл – әлемдік өнер ке­ңістігінде ұлттардың жеке амбициясын үлкен экранда насихат түрінде қорлау. Ұлт мүддесі ал­дындағы ұстанымдарың дұрыс бағытта болғаны маңызды. Рухын жығып бермеу, артық кетпеу, қиянат етпеу. Режиссерлар да саяси сауатты болса, игі.

Идеологияның басты күші – санаға төңкеріліс жасау. Игі істерді насихаттау. Адамдық, ар ісіне адалдықты өз биігіне көтеру. Көрерменді жүйелі түрде бір мақ­сатқа жұмылдыру. Адамзаттың мәдени-рухани қарым-қатынасын арттыру, танымдық тұрғыдан үл­кен рөл атқару, игі істерге үлес қосуға ықпалдасу, ақиқат пен әділдіктің шынайы жанашыры болу – идеологияның басты темір­қазығы.

КИНО – БИЗНЕС

Кино – сөзсіз бизнес. Іскер киногерлер мақсатын көпшілік аудиторияның сұранысына жұ­мыл­дырады. Қаржы табады. Про­каттағы қазақ фильмдерінің оқи­ғасы тым арзан деп талқылап жатамыз. Кәсіпкерлер ең алдымен ұсынатын өнімді аудиторияның сұранысына қарай икемдейді. Демек, сұраныс бар.

Кинотеатрға көрермендер көбі­несе, күнделікті күйбең тірліктен сергу, рухани демалу мақсатында барады. Қабылдауға жеңіл, эмо­ция­лар сыйлайтын фильмдер өтімді. Алайда, көрермендердің өресі тең емес. Өмір туралы ой салатын жаңа фильмдерді іздеп баратындар да бар. Бүгінгі дәуір Кеңес заманындағыдай кинотеатр жүйесін идеология көзі ретінде қолданып отырған жоқ. Нарық талабына сай өнім ұсынуда еркіндік бар. Бүгінгі кинотеатр жүйесі – бизнес көзі.

Алайда, өнім ұсынушылар оның сапасына тікелей жауапты. Сатылымы жақсы деп рухани жауапкершілікті ұмытуға болмайды. Азғындықты насихаттау, сапасыз идеяларды тықпалау – бұл рухани қылмыс. Сатудың басты шарты – ақша қуып, ашкөздіктің соңына түсу емес, оның барлық мәдени талаптарына сай, нарыққа, аудиторияға пайдалы әрі сапалы өнім ұсыну.

Қазіргі фильмдерде ең бірінші динамика маңызды. Екінші – идея. Үшінші – жеткізу тілің. Қызықсыз болса, қарамайды. Көрерменді эк­ранның алдында қинап ұстай ал­майсың. Таңдау еркіндігі бар. Өткен тарихқа қарағанда, келе­шектегі ғарыштық хикаялар қы­зықты. Фантастика. Бізде бұл жанр дамымаған. Киногерлерге кө­бірек іздену керек.

Шеберлігі жетпей жататын кездер болады. Ескі сарын ешкімге қызық емес. Күн сайын дамудың жаңа жолдарын таңдауымызға тура келеді. Тәсілдер. Ерекше­лік­тер. Жеткізудің жолдары. Бү­гін­гі ғарыштық ғасырдың тілі де бөлек. Ойлау жүйемізде күр­делі құбылыстар жүріп жатыр. Отандық киногерлер осыны мо­йындауы керек. Әлемде не болып жатыр көбірек зерттеп, ізденіп, әрбірден соң халықаралық прокатта қандай бағыттағы фильм­дер жетістікке жетіп жатыр соны бақылау маңызды.

Көрермендердің өресі өскен. Қазір ешкім ақымақ емес. Алданбайды. Әрбір адамның қо­лын­да ұялы телефон арқылы әлем­ді басқарудың тетігі тұр. Жа­ңа­лықтардан хабардар. Әр елдің үздік фильмдерінің үлгісін қа­райды. Салыстырады. Ой тү­йеді. Қорытындыға келеді. Өзіміз­дің отандық фильмдерге баға береді. Көңіл толмайтын құбылыс жоқ емес.

Егер осы «өнер, идеология, бизнес» үшеуінің тұғырын бір мақсатқа біріктіре алатын ше­берлік болса – онда сөз­сіз ха­лықаралық прокатта да мо­­йындаламыз. «Оскар» алған ту­ын­­­дылардың көпшілігі осы үш тұ­­­ғыр­дың өлшеміне сай болған соң ғана мықты. Бізде бір талабы ескерілсе, екінші жағы өкінішке орай, ақсап жатады.  

Гүлзат КӨБЕК,

киносыншы, Өнертану PhD  докторы, «Тұран» университетінің профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<