Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы – орта ғасырда өмір сүрген қолбасшы, батыр, саясаткер, Самарқанды қырық жыл билеген әмір. Қазақ тарихындағы Кіші жүздің әйгілі Әйтеке биінің атасы.
Жастайынан халық арасында есімі кеңінен танылған ол есейген шағында талай-талай соғысқа қатысып, тарихи шайқастарды басынан өткерді. Жылдар өте келе өзінің жаужүрек батыр, қаһарман қолбасшы екенін танытады. Сол дәуірдегі ең жоғары лауазым – аталық дәрежесіне дейін көтеріліп, ел ішінде баһадүр атанып кетеді.
Жалаңтөс қолбасшы Самарқан шаһарына әмірлік еткен тұсында Регистанда «Ширдор» (Арыстан медресесі), «Тіллә-Қари» (Алтынмен апталған) медресесін салдырғанын тарихи деректерден білеміз.
Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден қайтып, Самарқанға жақын Дағбид қыстағына, өзі пір тұтқан Мақтым Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген. Самарқанды қырық жыл билегендіктен, Өзбекстан тарихында оның әскери қолбасшылық қызметі, шаһар әмірі болған кезіндегі ғұмырнамасы жан-жақты жазылған. Баһадүрді өзбек пен қазақ өз жағына тартып мақтан ететініне осындай тарихи деректер негіз еді.
Даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдығына орай Сыр елінде аламан айтыс өтті. «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс!» атты «Өнер орталығында» өткен республикалық ақындар айтысының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Сыр топырағында туып, күллі Орта Азияда атақ-даңқымен әйгілі болған Жалаңтөс баһадүрдің ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты. Сондай-ақ дүбірлі сөз додасына келген айтыскерлерге сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» деген болатын. Бұл орайда Қазақ хандығының сындарлы кезеңінде саясаткер әрі қолбасшы болған тарихи тұлға – Жалаңтөс баһадүрдің орны екенін айрықша атап өткеніміз жөн.
Сөз – қуатты құрал, ақын – сөз құдіретін кеудеден қорытып шығарып, ой-санаға құюшы. Сондықтан бүгін ерлік даңқы аспандайтын күн болмақ. Айтыс аламанына ат қоса келген сөз жүйріктеріне батыр атын асқақтатып, ел рухын көтеріп, көмбеге сүрінбей жетіп, бәйгелі болыңыздар деп тілек білдіреміз, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Республикалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра», мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп қазылық етті. Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев айтысты жүргізді.
Жыр додасы жасанды интеллект көмегімен жасалған Жалаңтөс баһадүр образындағы тақырыптық монологпен басталды. Онда қаһарман қолбасшының қалың әскерді бастап, сайыста атой салған рухты бейнесі көрініс берді.
Айта кетейік, айтыстың шарты бойынша ақындарға «Заң мен тәртіп», «Ел бірлігі», «Ауыл аманаты», «Таза Қазақстан» сияқты түрлі тақырыптар берілді. Демек айтыскерлер басты тақырыппен бірге ел ішіндегі осындай қоғамдық-саяси мәселелерді де қамтуы тиіс.
Айтыс аламанында 12 ақын бақ сынады. Оның ішінде үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, бір мәрте иегері Мейірбек Сұлтанхан, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар, сондай-ақ Дидар Қами, Мақсат Ақанов сынды есімдері елге танымал ақындар болды. Бұдан бөлек, Қабдолла Бейісхан, Жұлдызай Маратбек, Аяулым Жұмабекқызы, Аян Ниязбек, Расул Сауытбек сияқты жас ақындар өз кезегінде шалт ұйқас, шұрайлы сөз саптауымен көрермен көңілінен шықты.
Мысалы, Мұхтар Ниязовпен айтысқан жас жүйрік Қабдолла Бейісханның алысқа шырқай алатын шамасы аңғарылып тұрды. Ағасымен біраз айқасты. Айта-айта келгенде:
Біз секілді кіші Аралдар болмаса,
Үлкен Арал өздігінен толар ма еді? – деп аға мен інінің арасындағы жақындықты әзіл-қалжыңымен әсірелей отырып, жап-жақсы жеткізді. Жас ақынның аяқ алысын Мұхтар ағасы да мойындағаны болуы керек, «Жолымды берсін» деп шапанын шешіп інісінің иығына жапты.
Қыз бен жігіт айтысының хас жүйрігі Мақсат Ақановқа қарсылас болған Жұлдызай Маратбек өзінің «осал жау» еместігін көрсетті. Сөз арасында Мақсат кезінде інісіне әпере алмай қалғанын айтып, «андай келін» деген еді. Іле-шала жауап қайырған Жұлдызай ағасына тосыннан соққы беріп, қарымтасын қайтарды.
«Андай келін» дегенің қандай аға?
Таланты мен талабы таудай аға,
Айтысайық әріге бармай аға,
Жұлдызайды бір түрлі суреттейсіз,
Өзіңізді ел білмес жандай аға.
Қыздармен айтысқанда түлен түртіп,
Арқасы жыбырлайтын «андай аға», – деп жұртты ду күлдірді.
Жасыратыны жоқ, осыған дейін ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін әйгілі Мақсат бұл жолы қарындасты қағытуға батылы бармай, тізгін тартқандай болды.
Ойдың тереңіне бойлап, мейлінше, салиқалы сөз саптауға тырысатын Мейірбек Сұлтанхан мен тәжірибелі айтыскер Дидар Қамидың сөз сайысы да тартысты өтті. Айтып отырғанымыздай, мәнді де мағыналы ойдың тиегін ағытқан Мейірбек басым болды. Әсіресе, туған жерінен жырақ, Астанада жүргенін айтып, намысын қамшылаған Дидар қарсыласына Мейірбектің берген жауабы өте сәтті әрі салмақты болды.
Ау, жігіт деген қолына ту алмай ма?
Қайда жүрсе елдің даңқын
шығармай ма?
Бабасы Самарқанды билегенде,
Баласы Сарыарқада жүре алмай ма?! – деп қорғасындай ауыр сөзімен жеңіл-желпі әзілге біржола нүкте қойды.
Қазылардың сараптауымен Шығыстың ақын қызы Жұлдызай Маратбек бас жүлдені иеленсе, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязов I орынды қанжығасына байлады. Қызылжардың құлагері Қабдолла Бейісхан II орынды жеңіп алса, III орынды қыз бен жігіт айтысының жүйрігі Мақсат Ақанов пен Сырдың талантты перзенті Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті. Ал Жалаңтөс баһадүр атындағы арнайы жүлдемен белгілі айтыскер ақын Дидар Қами марапатталды.
Иә, баба даңқын биік көтеріп, тарихқа тағзым етуді мақсат еткен аламан айтыста бүгінгі қоғамның да басты тақырыптары қозғалды. Тағылымды ойлар тарқатылды. Рухани сабақтастық деген ұғымның мәнісі де осы болар, сірә?!
Ғазиза ӘБІЛДА
«Сыр бойы»





