Күміс қасық

837

0

Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінде зерттеу­ші-теңізші А.Бутаковтың 1850 жылғы алғашқы картасы және  күміс қасығы сақтаулы.

Күмістен жасалған шай қасық тұтқасының көлемі 3х1,7 см, биіктігі 14 см, ені 2х3 см. Ресей зауытында жасалған. Гүл өрнегі бар. Қасықта 1847 ж. деген белгі салынған. Көне жәдігерді Арал теңізі Райым бекінісінде жұмыс жасаған экспедиция мүшелері пайдаланған болар деп ойлаймыз.

1848-1849 жылдары әскери теңізші әрі зерттеуші А.Бутаков экспедициясы Арал теңізінің су айдынын алғаш рет толық зерттеуге келді. Ол – адмиралдар династиясынан шыққан  ержүрек теңіз офицері, 1828-1829 жылдары орыс-түрік соғысына қатысып, конт-адмирал, ал,  1848 жылы вице-адмирал шенін алған.

А.Бутаков бастаған экспедиция 1848 жылы 26 шілдеде Сыр­ды бойлап, адамзат тарихында тұңғыш рет ұлы теңіз қақпасын ашты. Сонау Санкт-Петербургтен Азия түкпіріндегі сол жылы тұңғыш рет іргетасы қаланған Орынбор бекінісіне Арал теңізін зерттеушілер тобымен ай жарым уақытта жетті. Экспедиция­ның азық-түлік, қару-жарақ, жабдық артқан көлігінен жер қайысты. Атты көлікке 30000 түйеден тұратын керуен келіп қосылды. Бұған 565 қазақ көш бастау­шы болды. Экспедиция құрамында штурман К.Поспелов, штабс-капитан А.Макшеев және айдауда жүрген атақты ақын, суретші Т.Шевченко болды.

1848-1849 жыл аралығында А.Бутаков Арал теңізінде жүзген сәттерін, оның тереңдігін, ағысының жылдамдығын, желдің бағытын қолжазбасына түсіріп, Ресей жағрафия­лық қоғамы арқылы патшаға ұсынып отырған.

Арал теңізінің география­лық жағдайын зерттей келе, оның 6-7 бал теңіз дауылдарына қарамай, «Константин», «Николай» атты шағын шхуналармен ұлы теңізді зерттеп, картаға түсірді. Осы күнгі «Барсакелмес» аралының оң­түс­тігіндегі аралшық «Бутаков мүйісі» аталады.

Экспедиция аяқталғаннан кейін  А.Бутаков пен К.Пос­пелов гидрографиялық карта құрастырды, ол 1850 жылы басылып шықты.

Ол Арал теңізі түбінің сипатын, тұрақты ағыс­тардың бағыттары мен жылдамдықтарын зерттеуге он бес жылын жұмсады.

Гүлнар  

Каримолдақызы,

Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<