Мәдени жұмыстар мәні – өмір өзегі

787

0

Сыр елінің рухани өмірі мен мәдени өрлеуіне алпыс жылдан астам тарихы бар Халық шығармашылығы орталығының қосқан үлесі орасан. Облыстың мәдениет пен өнеріндегі өрнекті жолын 1958 жылы Облыстық халық творчествосы үйі болып бастаған бұл мекеме алғашқы уақытта құрамында 3- 4 адамы бар мәдени-үгіт тобы ретінде еңбекші елді аралап жүріп өнер көрсеткен.


Бүгінде халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік ор­талығы болып аталатын өнер ор­дасында 5 бөлім, 4 халықтық ұжым ең­бек етеді. «Сыр сұлуы», «Нұргүл» халық ән-би ан­самбльдері, халықтық фотостудия, ки­ностудия және бала­лар студиясы жұмыс жасайды. Олар – облыстық барлық мәдени шара­ларына белсене қатысып қана қой­май, халықтың ру­хын көтеріп, өнер әлеміндегі жаңа есімдерді тәр­биелеп шыға­ратын ұлттық ұстахана.


Өткен жыл да ел мәдениетінде елеулі өз­ге­рістер мен айтулы жетіс­тіктерге толы болды. Әлемде орын алған пандемиялық кезең мәде­ниет саласына да оңай соқпады. Дегенмен, об­лы­сы­мыздағы 174 мәдениет үйі мен клуб кә­сіп­­орындары жаңа жағдайға бейімделіп, тұр­ғындарға мәдени қыз­меттің қолжетімділігін арт­тыра түсті.
Клуб мекемелерінің шығармашы­лық жұмыс­тар­мен айналысуға жағдай жасау – аса ма­ңызды мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда мәдениет сала­сы­на деген облыс басшылығының қам­қор­лығы үзілген емес. Былтыр об­лыс көлемінде 4 клуб ғимаратының құрылысы басталып, Қазалы ау­даны Ақсуат ауылдық клубы пайдалануға берілді.

Ал, Шиелі ауданындағы Жи­деліарық ауылдық және Жаңақорған ауданындағы Шалқия кенттік, Қазалы аудандық мәдениет үйлерінің құры­лысы бірінші тоқсанда аяқ­тал­мақ. Ай­ма­ғы­мыз­­­да республикалық және жер­­гі­лікті бюд­жеттерден оңтүстік ау­дан­­дар­дағы 3 ауылдық клубқа қайта жаң­­ғырту, күрделі жөн­деу жұмыс­тары, 16 клубқа жай жөндеу жұ­мыс­­тары жүр­гізілді. Өткен жылы бір­қатар клуб кәсіпорындарының ма­те­риал­­дық-техникалық ба­засы ны­ғай­­ты­лып, компьютер, сахна киімі, театр крес­лосы, дыбыс кү­шейт­кіш аппа­ратура, музы­калық аспап­тар және кон­церттік костюмдер, бас­қа да қажет­тіліктер алынды. Сон­­дай-ақ, ру­хани құн­дылықтарды дамы­ту мақса­тында бір­неше ақын-жазу­шы­­лардың кітаптары жарық көр­ді.

Ел көлеміндегі айтулы оқиғалар мен ұлы тұлғаларға арналып ұйымдас­ты­рылған 9186 мәдени-көпшілік ша­раға 1593040 көрермен қам­тылды. Оның 7665-і онлайн режимінде өткізіліп, қа­ралым саны 1407506-ға дейін жетті.


Облыс көлемінде жас таланттарды табу, олар­дың шығармашылығын шың­дау мақсатында 12 республи­калық, 3 аймақтық, 95 облыстық онлайн бай­қау-фестивальдар ұйымдасты­рылды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнан­байұлының 175 жылдығы, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жыл­дығы, Алтын орданың 750 жыл­ды­ғы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сын­ды айтулы оқиғалар жоғары дең­гейде на­сихатталды. Аймақтағы клуб меке­мелері елдегі карантиндік шектеу­­­лер­ге дер кезінде икемделіп, әлеу­­мет­тік желілерде және «Сыр шаңы­­­ра­ғы» арнасында өңірімізден өт­кен ба­тырлар мен билердің, шешен­дер мен жы­­­раулардың кәріқұлақ қария­лардан жет­кен әңгімелері мен кесімді шешімдері – «Бабалар тарауы», «Тау тұлға Тұр­мағамбет», «Туған өлке – тұнған шежіре», «Тектіден қалған төре сөз», «Жерімнің аты – елімнің хаты» атты айдар­ларымен оқырманға ұсынылды.

Ұлттық өнер, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдердің мәнін ашып, мағынасын түсіндіретін «Алтын уық», «Бестің шайы», «Айтарым бар», «Халқым­ның қазынасы», «Рухыңды көтерсін киелі жыр», «Жыр-жауһар» сияқты айдарлар тұрақты түрде жұмыс жасады. Сонымен қатар, дүниеден өткен өнер және мәдениет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын насихат­тайтын «Сағынышқа айналған бей­нең…», «Қа­натты домбыра» жоба­лары да кө­рермен сұранысына ие болды, бұл жобалар биылғы жылы да өз жалғасын табады.


Облыс клуб кәсіпорындары бо­йын­ша 854 үйірме бүгінде 10606 өнер­пазды қамтып отыр. Әлеуметтік же­лілерде «Үйірме – өнер бастауы», «Өнерлі өрендер», «Ертегілер елінде» секілді айдарлармен түрлі жанр бо­йынша онлайн сабақтар өткізіп, үйір­ме мүшелерінің концерттік бағдар­ламалары таратылып келеді. Осы уақыт ішінде шет елдерде және рес­публика көлемінде өткен 45 халық­а­ралық конкурсқа өңіріміздің 180 жас өнерпазы қатысып, 64-і бас жүл­деге ие болды. Ал, республикалық 70 конкурсқа қатысқан 950 талап­кер­дің 75-і бас жүлдені иеленді. Бұл жетістіктердің бастауында жүйелі ұй­ым­дастырылған үйірме жұмыста­рының еңбегі жатыр.


Өңірімізде дәстүрлі өнердің жаңа толқынын қалыптастыруға нақты жұ­мыстар жасалмақ. Осыған дәлел, ҚР Президенті Жолдауындағы тап­сыр­маға сәйкес, балалар үйірмесі жұмыс­тары­ның жандануы үшін биыл облыс көле­мінде түрлі жанрдағы 62 үйірме ашу жос­парланып отыр.


2021 жыл мерейлі ме­рекелерге толы айтулы кезең бол­мақ. ҚР Тәу­елсіздігінің 30 жыл­ды­ғын жоғары деңгейде атап өту­дің маңыз­дылығы тікелей ұлттық құн­ды­лықта­ры­мызды насихаттауға ба­­ғыт­талмақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуел­сіздік бәрі­нен қым­бат» мақаласы мәдениет са­ла­сын мін­деттерін айқындап берді.


Алаш қайраткерлерінің мұрасын, Желтоқсан оқиғасы қаһармандарының ерлігін кейінгі буынға насихаттау мен Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ел есіндегі ерлік­терді елеусіз қалдырмай арнайы іс-шаралар мен конкурс-фестивальдар ұйымдастыру қолға алынуда.


Сыр өңірінің өнер тұғыры биіктеп, жаңа есімдермен толығуы жемісті жұмыстың нәтижесі мен алдағы міндеттің ауқымды бола бермегін айқындай түседі.

Жанат ҚҰРАМЫСОВА,
облыстық халық шығармашылығы және мәдени-продюссерлік орталығының директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз