Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қызылорда облысының мәдениет саласында қандай жұмыстар атқарылды?

1643

0

Қызылорда облысында Тәуелсіздік жылдарында типтік жобадағы 31 клуб, 6 музей, 1 кітапхана, 1 мемлекеттік архив құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Аталған кезеңде 38 тарих және мәдениет ескерткіштері қайта жаңғыртудан өткізіліп, 109 монументті өнердің жаңа құрылыстары орнатылды. ҚазАқпарат тілшісі Сыр өңірінде Тәуелсіздік жылдарында атқарылған ауқымды істерді таразылап көрді.

Тоқсаныншы жылдардан бастап халықтық көркемөнер ұжымдарының мәртебесін көтеру мақсатында 29 ұжымға атақ берілді. Бүгінде өңірде барлығы 63 халықтық ұжым жұмыс жасайды.

1999 жылы облыстық кітапханаға ақын Әбділда Тәжібаевтың есімі берілді.
Ал 2000 жылы Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан Қорқыт ата музейі ашылды.

2001 жылы облыстық филармония жанынан «Томирис» би ансамблі құрылды. Ансамбль АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби, Ресейдің Қазан, Өзбекстанның Ташкент, Шыршық, қалаларында өткен өнер фестивальдерінде өнер көрсетіп, қазақ би өнерін насихаттады. Ансамбль жетекшісі – Гүлбану Мырзабаева.

2004 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік аясында өңірде 34 ескерткіш қайта жаңғыртудан өткізіліп, Шірік-Рабат, Жанкент қалашықтарына археологиялық зерттеулер жүргізілді.

2007 жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі құрылды.
Облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия құрылды.

2008 жылы Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітілді.

«Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антология жарық көрді.

2009 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың жетекшілігімен облыстық балалар студиясы құрылды.

Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі құрылды.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 400,0 мың дана кітап қорын сақтауға арналған типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстық кітапханада болып, зиялы қауыммен және жастармен кездесті.

2010 жылы алғаш рет Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітілді.

2013 жылы Францияның Ножан Сюр Марн қаласында қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың арнайы аллеясы ашылып, мүсіні орнатылды.

2013-2014 жылдары ауыл мәдениетін көтеру мақсатында ауылдық мәдениет ошақтарына облыстық бюджеттен 410, облыстық театр, филармония, музей және ескерткіштерді қорғау мекемелеріне 143 барлығы 553 штаттық бірлік енгізіліп, қажетті мамандармен толықтырылды.

2013-2016 жылдары Сыр бойының 22 жыршы-жырауларының орындауында «Шаһнама» эпопеясының музыкалық антологиясы, фольклортанушы ғалым Алмас Алматовтың авторлығымен «Шыңғыснама», «Жыр керуені» кітаптары, «Шыңғыснама» музыкалық дастаны жарыққа шықты.

2014 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан көркемсурет галереясы ашылды. Оған 2019 жылы галереяға кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді.
2014-2020 жылдары ежелгі Шірік-Рабат, Бәбіш мола,ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Жент, Сортөбе, Қыш қала, Асанас қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

2016 жылы Сыр бойы қаламгерлері шығармаларының электронды нұсқаларын QR-код арқылы оқу мақсатында «Мобильді кітапхана» жобасы жүзеге асырылды.

2016-2017 жылдары өңірімізде алғаш рет Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Материалдық және материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі отырысы өткізілді.

2018 жылы Қорқыт Ата мұралары «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Қаланың сол жағалауынан Қызылорда қаласының тарихы музейі ашылды.

2019 жылы «Жыр мұра» жобасы жүзеге асырылып, жоба аясында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елі» экспедициясы ұйымдастырылып, 45 жыршы-жыраудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саздар, 27 аңыз-әңгімелер, 5 қолжазба 25 терме-толғау мәтіндері, 10 дастан, 58 өнерпаздың орындауындағы терме-толғауы жазылып алынды. Сонымен қатар, аудандардан 4 «Жыр – терме», 7 «Қобыз» үйірмесі ашылды.

Сыр елінде алғаш рет «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды, ансамбль Украина мемлекетінде өткен «Яркие таланты осени» онлайн фестивалінен және Лондонда өткен «Super World Talent 2020» халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<