«Қара тізім» қақпаны

357

0

сурет ашық дереккөзден

Кейінгі жылдары халықтың несиесі еселеп артып жатыр десек, жалған сөйлегеніміз емес. Бұны статистикалық деректер арқылы оңай айғақтауға болады. Мәселен, қазір елімізде еңбекке жарамды халықтың 84 пайызының, яғни, 8,5 миллион азаматтың несиесі бар. Ал 2021 жылы бұл санатта 6,1 миллион адам болған. Аз уақытта 2,4 миллион адам қосылып отыр. Оның үстіне проблемалық несиелердің көбеюі тұтастай елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс ықпал етуде.

Несібені несиеден іздейміз бе?

Сонымен, ә дегеннен сандарды тізбектеуіміз бекер емес. «Халық несие қамытын киіп отыр» деген сөздің жиі айтылуы бекер емесін аңғартқымыз келді. Бұл мәселе жөнінде Үкімет пен Парламент талай жиын өткізген, жұртты кейде ақтап, бірде даттап та алады. Адамдардың несиеге тәуелділігін айтып бір қынжылса, мінберде «халықтың қаржылық сауатының төмендігі» деп тағы селкеу түсіреді.

Жоғарыда 8,5 миллион адамның несиесі барын айттық, соның ішінде 1,7 миллионы қарызын уақытылы төлей алмай жүр. 90 күннен кешіктірілген несие көлемі 1,3 триллион теңгеден асқан. Осының бәрі жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Ал Үкімет банктердің бұрынғы кредиттері жабылмаған азаматтарға да неліктен несие бергенін түсінбей әлек.

Банктерді былай ысырғанда, микроқаржы секторында қарызының жалпы сомасы 98 млрд теңгені құрайтын проблемалық қарыз алушылар саны – 347 мың. Мәселенің әбден дендеп кеткенін өзіңіз болжай беріңіз.

Несие алуға байланысты елімізде түрлі жағымсыз статистика бар. Әйткенмен шындықты қабылдауға мәжбүрміз. Жақында «Қарызсыз қоғам» жобасының зерттеушілері келесідей деректерді ұсынды: жобаға қатысушылардың 63,1 пайызы кредиттің пайызы мен артық төлем мөлшерін білмеген, ал 38 пайызы айлығы 70 мың теңге бола тұра, банк пен микроқаржы ұйымдарынан кемі 2 несие алған. 13,8 пайызының атында оннан астам несие болған. 58 пайызы – көпбалалы отбасылар.

– Қазақ менталитеті мен несие алудың арасындағы байланысты жоққа шығара алмаймыз. Негізгі аспектілерінің бірі – үйлену, сүндет той, бесік той мен басқа да мерекелерді, дәстүрлі рәсімдерді атап өту. Кей адамдар несие өтеуге шамасы жетпейтінін білсе де, абыройын түсірмес үшін алады, – деп мәлімдеген жоба жетекшілері.  

Негізі мамандар несиеге 24-28 пайыз үстеме қосып, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл жүктеу біздің елде ғана бар үрдіс екенін алға тартады. Біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған. Расын айтқанда, Қазақстан осы уақытқа дейін Үкіметтен қолдау қаржы бөліп, банктерді демеп келді. Сол арқылы өзіне проблема артып алды. Енді Үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа, бірінші кезекте банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап етуі керек. Бұған дейін Парламент Мәжілісінің мінберінде бірнеше депутат бұл мәселені көтерген, оны әлеуметтік желі арқылы елдің өзі де жақсы біледі, бірақ құлаққа жағатын сөздің іске асып жатқанын байқамадық.

– 2004-2005 жылдары шетелдің қаржы институттары Қазақстандағы банктерге 2 пайызбен қарыз бере бастады. Біздегі банктер 2 пайызбен алған қарызын халыққа 22-24-28 пайызбен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер 10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. Алайда 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарызын қайтара алмай, бірқатар банктер дағдарысқа ұшырады. Бұл – банктер үшін өте қауіпті жайт. Мұның арты үлкен дағдарысқа апарып соқтырады, – дейді экономист Жұмаділда Баяхметов.

Төленбеген қарыз – онжылдық сарсаң

Жоғарыда «қара тізім» деген халыққа жақсы таныс атауды сөз еттік. Шынында бірінші кредиттік бюроның базасында «қара тізім» деп аталатын, несие берілмейтін азаматтар тізімі жоқ, яғни, Қазақстанда банктер мен микроқаржылық ұйымдар несие бермейді деп бекітілген клиенттердің бірыңғай тізбесін таба алмайсыз. Банктер мен микроқаржылық ұйымдар өтінімдер бойынша әртүрлі негізде шешім қабылдайды. Әр несие берушінің ішкі тәуекел саясатына және ұйымның скорингтік моделіне байланысты әлеуетті тұтынушыны тексерудің өзіндік жүйесі бар. Рәсімделген несиелер туралы деректер бір базадан алынғанына қарамастан, компаниялар оларды өзінше талдайды. Сондықтан бізде жұрттың «анау банк несие береді, мынау бермейді» деп жүретінінің себебі – осы.

Дегенмен несие беретін ұйымдар қызмет көрсетер кезде қаржылық қиындықтарға тап болған адамдарды анықтай алады. Клиенттің сенімділігін бағалау мәселесі маңызды. Өтелмеген қарыздар неғұрлым аз болса, несие берушінің шығындары да соғұрлым аз болады. Қысқасы, «қара тізім» деген дүниені әр банк өзінше жасайды, база құрып, сенімсіз клиенттердің дерегін енгізеді. Оның үстіне қарызын өтемеген немесе өтей алмауы мүмкін адамдардың дерегі сот орындаушылар мен коллекторларда да болады. Кез келген азамат бірнеше рет қарызды төлеу мерзімін кешіктіріп алса мәліметтер несие тарихында көрсетіледі. Енді оның мерзіміне келсек, жалпы несие тарихы толық көлемде 5 жыл, ал оның маңызды мәліметтері 10 жыл бойы сақталады. Міне, бар мәселе осы жерден шығады. Егер адам бұрын қаржылық мәселесімен басы қатып жүріп, несиесін кешіктірсе, алайда кейін оны толық өтеген күннің өзінде алдағы 10 жыл бойы ипотека, автонесие секілді «кішігірім бақыттың» дәмін тата алмайды. Ал қазір көп жарнамаланып жүрген несие тарихын оңалту ісі де оңай шаруа емес.

Несие тақырыбына қайта оралсақ, елдегі қарыздың басым бөлігі тұтынушылық мақсатта алынғаны даусыз. Несиеге той жасау, азғантай қаржы, тұрмыстық техника алу тәрізді дүниелер осы санатқа кіреді. Әрине, несиенің жақсы жақтары да бар, соның бастысы – баспана алу үшін ипотека оңтайлы дер едік. Не себепті?

Біріншіден, Қазақстанда баспана алуға бағытталған пайызы төмен мемлекеттік бағдарламалар бар. «7-20-25»-тің ізбасары ретінде шыққан «9-20-25» – осыған бірден-бір мысал. Екіншіден, еліміздегі тоқтаусыз инфляцияны осы тұста тиімді пайдалануға болады. Мысалы, жыл сайын теңге тауар бағамына шаққанда құнсыздана беретіні жасырын емес. 2019 жылы бір отбасы Астана қаласынан ипотекаға пәтер алып, айына 110 мың теңге төлейтін болады. Ол уақытта бұл ақшаны ай сайын өтеп отыру қиын көрінген, алайда арада 5 жыл өткенде бұл сомманы төлеу еш қиындық тудырмайды. Салыстыру ретінде тағы бір мысал айтсақ, 2020 жылы елордада 2 бөлмелі пәтер айына 120-150 мың теңге аралығында жалға беріліп келсе, қазір бұл ақшаға 1 бөлмелі пәтердің өзін жалдау қиын. Демек, ұзақмерзімді ипотека банктерге ұтылмаудың бір жолы сияқты көрінеді. Бұны жақсы түсінетін азаматтар да көп тәрізді, өйткені былтыр елімізде 116,6 мың ипотека алыныпты.

Қайткен күнде де ел азаматтарының банктер алдындағы борышының өсуі – келеңсіз құбылыс. Өз кезегінде бұл фактор қоғамның әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететіні даусыз. Ал оның себебі банктердің жөнсіздігінде жатыр ма, әлде халықтың қаржылық сауатсыздығында жатыр ма, дөп басып айту мүмкін емес.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<