Абыздың ақ батасы

621

0

Отан отбасынан құралады. Ынтымағы мығым әрбір шаңырақ – елдің баға жетпес байлығы. Ұлттық үрдіс тінін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын ширатып, болашақты берік жалғастыратын да солар. Осындай адамгершілік құндылықты қасиет тұтып, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық, облыстық кезеңінде бас жүлде алып, республикалық сынақта лауреат атанған Бекарыстан би ауылындағы Смағұловтар әулетін қалай дәріптесек те артық етпейді.

Қарашаңырақтың алтын діңгегіне айналған қазыналы қарт Қабақ Смағұлов былтыр жүз жастың асқар асуын бағындырды. Есте қаларлық мерейтойды аудан халқы Жеңіс мерекесімен қоса-қабат атап өтіп, қарт жауынгерге құрмет көрсетілді.

1923 жылдың көктем айында «Мыңбаймыса» қыратында жарық дүние есігін ашқан Қабақ ақсақалдың бозбала шағы қасіретті қуғын-сүргін уақытымен тұспа-тұс келген. Жеті жасында Жетес атасының жазықсыз халық жауы ретінде атылғаны балғын жүрегіне өшпес қаяу салған. Ашаршылық пен тұрмыстағы жоқшылықтың да біраз тауқыметін тартқан.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жалпақ жұрттың басына төнген қиындықты да көппен бірге бөлісті. Әкесі Смағұл алғашында Ресейдің Магнитогорск қаласындағы еңбек майданына алынады. Ұзамай неміс-фашист басқыншыларынан жерімізді қорғау жолындағы жорықта белгісіз жауынгерлер қатарында шейіт кеткен. Бір қуантарлығы, 2017 жылы Беларусьтің Витебск облысының Дубровна елді мекеніндегі бауырластар зиратында жерленгені анықталды.

Он тоғыз жасында қан майдан төсіндегі сарбаздар қатарын толықтырған Қабекең де Мәскеу бағытындағы шайқас даласында жаумен бетпе-бет келіп, Тула, Орел қаласын азат етуге қатысады.

Ол соғыс аяқталысымен Жаңабасшылық, Октябрь колхозында есепші, кітапханашылықты атқарған. №24 мектепте, аудандық оқу бөлімінде, интернатта, мал сою пунктінде қызметін жалғастырады. 1969 жылы Майдакөл ауылдық кеңес атқару комитеті жанындағы орталықтандырылған бухгалтер аппаратына бас есепшілікке ауысады. Содан он алты жыл бойы ілкімді іс атқарып, 1985 жылы зейнет демалысына шыққан.

Қос ғасырдың куәгері, соғыс және еңбек ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қабақ Смағұловтың кеудесінде майдандағы ерлігі үшін берілген «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен бірге «Социалистік жарыстың екпіндісі» төсбелгісі, II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Еңбек ардагері», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», Маршал Г.К.Жуков атындағы және Ұлы Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медальдары жарқырайды. Ол отбасында Құдай қосқан қосағы Гүлжан екеуі тәлімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да өмірден өз жолдарын тауып, ата-ана мен ел-жұртының абыройын асқақтатып жүр.

Атап өтсек, тұңғышы Барша Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Ұзақ жыл білім саласының өркендеуіне атсалысқан ұлағатты ұстаз. Кемал – жоғары білімді экономист. Қазалы ауданының бірнеше совхозында, аудандық қаржы бөлімінде есепші-экономист, кірістер инспекциясының, бюджет бөлімінің бастығы, аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары болған. Алматы өңіріне қоныс аударып, облыстық қаржылық бақылау басқармасында, тексеру комиссиясында, ҚР Қаржы министрлігінің орталық аппаратында қаржылық бақылау бойынша жауапты қызметтер атқарған. Гүлшара Арқалық қаласындағы медициналық училищені аяқтап, еңбек жолын туған ауылында медбике болып бастаған. Аудандық ауруханада, туберкулезге қарсы күрес диспансерінде істеген. Төлеген мектептен кейін Қызылорда совхоз техникумында зоотехник мамандығында оқып, шаруашылықта кіші мал дәрігері болған. Қазір «Смағұл» жеке қожалығының құрамында жылқы бағып, атакәсіп тізгінін қолға алған.

Қарттыққа жеткен әкесін қамқорлығына алған Төлеу Алматыдағы теміржол институтын тәмамдаған. Ақтөбе қатынас-құрылыс мекемесінің бетон цехында, №244 ПМС мекемесінде, Қазалы аудандық салық басқармасында қызмет етті. 2000 жылы «Смағұл» жеке шаруа қожалығын құрып, егін, бау-бақша дақылдарын өсірді. Бүгінде ет өнімдерін өндірумен айналысады. Сонымен бірге «Тілеулес» мейрамханасы арқылы тұрғындарға кәсіпкерлік қызмет көрсетіп, алғысқа кенелуде. Төлеуден кейінгі Гүлнар Алматы қаласындағы білім беру жүйесінде отыз жылдан астам мұғалім болып, жас ұрпақ бойына тәлім-тәрбие нәрін егуде. Гүлназым аудармашы-редакторлық қызметті меңгерген. Қалдыгүл – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының химиотерапия бөлімінің меңгерушісі. Денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы. Сондай-ақ қасиетті босағаны аттаған Ордагүл, Мариямкүл, Жанар, Қарлығаш, Гүлнар, Фарида, Әсел, Бигүл, Назымгүл есімді келіндердің де жүзіне нұр, көкірегіне иман ұялаған ізетті де ибалы жандар. Солардан өрбіген немере, шөберелер мен шөпшектер тал-шыбықтай бой түзеп келеді.

Тіршіліктің жайлы да жайсыз, соқтықпалы-соқпақсыз асуларын артқа тастаған қадірлі қартқа сөз арасында: «Денсаулықты күту үшін не істеген дұрыс. Ұзақ жасаудың сыры неде?» деген сұрақ қоюдың ыңғайын келтірдік. Бұған: «Дене, аяқ-қолымыз үнемі қозғалыс үстінде жүргені абзал. Әйтпесе қуат-күшіміз әлсіреп, қан айналысы бұзылады. Осыған байланысты шынықтыру жаттығуларын жасап, жаяу жүрген, болып жатса бау-бақша егу, басқа да қимыл жұмыстарымен айналысқан тиімді. Ал кімнің қанша жасқа жетерін Алла Тағала біледі. Сонда да әркез байсалды жүріп, күйгелектік, ашушаңдыққа ұрынбағанды қалаңдар. Көкіректі таза ұстап, әбес сөздер айтпай, бітпей қалған шаруаны уайымдап, жүйкеге қысым түсіруден сақтаныңдар. Артық салмақ жинап, толыққан да пайдалы емес. Әбу Насыр әл Фараби «Адамның өмірін ұзартуға музыканың, әннің көп пайдасы бар» дейді. Сол үшін де бос уақытта осыған да назар аударыңдар» деп пайымды пікірін айтты.

Бұдан соң ақжарма лебізін жеткізген мерейлі отбасының ақылшысы: «Айналайындар, қазір нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған керемет заман. Бүгінгі жас толқынға өсиетім, әрқашан адамгершілік қасиетті биік ұстаңдар, бір-біріңе адал да мейірімді болуға талпыныңдар. Білімге ұмтылып, Қазақстанды жер жүзіне танытып, Тәуелсіздік тұғырын нығайта беріңдер!»  деді көтеріңкі көңіл-күймен.

Сахи ҚАПАР,

журналист,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<