*сурет ашық дереккөзден алынды
Бүгін – төл теңгеміздің 30 жылдығы. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктер – экономикадағы қарқынды істердің ең басты реттеушісі, алпауыт елдердің валюталары арасында төл теңгеміздің бәсекеге қабілетті болуының арқасы. Сол бәсекеге қабілеті арқасында еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар экономиканың күретамырына қан болып тарап, даму бағдарламаларының да жүзеге асуына зор септігін тигізді. Облыс орталықтары жаңара түсіп, кезінде жабылып қалған облыстар қайта ашылды, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистер дамып, облыстардан бөлініп шығып, дамыған дербес орталықтарға айналды. Сарыарқаның төрінен Астана құрылысы қарқынды жүріп, еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі өңірлік мәселелерге көңіл бөлетін, қақтығыстарда екі жақты татуластыруға арағайындық жасап, ортақ мәселелердің шешімін талқылайтын қолайлы, қауіпсіз алаңға айналды.
Ел экономикасының дамуы туралы сөз қозғағанда оның күретамыры – қаржы жүйесін айналып өту мүмкін емес. Себебі, қаржыгерлердің қатысуынсыз бірде-бір саланың толыққанды қызметін көзге елестете алмаймыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар ұмытыла қойған жоқ. Сол кезеңде бюджеттің мүмкіндігі тым шектеулі болуына байланысты зейнетақы мен еңбекақыны төлеу мерзімі бірнеше айға созылатын еді. Бюджет саласындағы мемлекеттік мекемелердің қаражатын бір орталықтан басқару қажеттілігі туындаған болатын. Жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өту кезеңінде бюджет, жеке және нарықтың басқа салаларынан оқшаулау мақсатында алғашында 1992 жылы Ұлттық банк жанынан мемлекеттік бюджетке кассалық қызмет көрсететін есеп-касса орталықтарын ашу ұйымдастырылды. 1993 жылдың қараша айында сол кезде айналымда жүрген кеңестік рубльден төл теңгемізді енгізгенде есеп-касса орталықтарындағы қызметкерлер уақытпен санаспай, күні-түні еңбек етті.
ҚР Қаржы министрлігі бюджеттің жоспарлануын, кірістерінің есепке алынуын, шығыстары бойынша төлем операцияларын бір орталықтан басқаруды қадағалап отыру үшін министрлік жанынан 1994 жылы қазынашылықтың бас басқармасын, 1995 жылы аумақтық қазынашылық басқармаларын ашты.
Ұлттық банк құрамындағы есеп-касса орталықтарын қазынашылық жүйесіне өткізудегі өтпелі кезеңде 1996 жылы Қаржы министрлігіне қарасты Бюджеттік банк болып бөлініп шықты да, 1998 жылдан бастап Қаржы министрлігінің қазынашылық департаменті мен жергілікті жерлерде облыстық қазынашылық басқармалары, аудандық қазынашылық бөлімдері бір құрылым болып біріктірілді. Тарихы есеп-касса орталықтарынан басталған Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті мен аумақтық қазынашылық органдары болып құрылымдалған қазіргі қазынашылық органының да, оның қызметкерлерінің де тәуелсіз еліміздің төл теңгесінің айналымға енуіне қосқан тарихи үлесі зор.
Облыстық қазынашылық департаменті – аймақтың бюджет саласына кірістердің түсуін, жоспарланған шығыстары бойынша қаражатының есебін жүргізудегі, оның мақсатты бағыттарына шығыстаудағы төлем операцияларын бақылайтын, жоспарланған мерзімінде өткізілуін қадағалайтын ең маңызды органдардың бірі. Теңге бағамының тұрақтылығы жоспарланған қаражатты белгіленген мақсатқа жұмсауға қол жеткізілуіне, бюджетке түсетін салықтардың да құнының сақталуына кепіл болады. Қазынашылық органдарының шығыстар бойынша төлемдерді уақытылы және жылдам өткізуді ұйымдастыруының арқасында құрылыс саласындағы, мемлекеттік сатып алуға қатысатын өнім беруші мекемелердің қол астындағы жеке тұлғалардың еңбекақысын уақытылы алуы қамтамасыз етілуде.
Жоғарыда аталған қызметтерден бөлек, құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу барысында әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін электронды конкурс кезінде автоматты түрде бағалау мақсатында олардың өз өтінімдеріне сәйкес, бұрынғы жасаған күрделі құрылыс жұмыстарының есебін жүргізу үшін электронды депозитарийге тіркеу жүргізіліп келеді. Мемлекеттік сатып алулар бойынша мемлекеттік мекемелердің келісім-шарттарын міндеттемелері бойынша жоспарланған қаражат есебінен қазынашылық органдарына тіркеу арқылы бюджет қаржысын алдын ала резервтеуге мүмкіндік береді. Әлеуетті өнім берушілерге де өздерінің ұсынған өнімдеріне қаражаттың уақытылы төленуіне мемлекет тарапынан кепілдік берілуде. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалатын келісім-шарттарды да қазынашылық органдарында тіркеу арқылы жеке тұлғалардың әлеуметтік салаға инвестиция құюына мемлекет тарапынан кепілдік беріліп отыр.
Қазынашылық органдарында күрделі құрылыс жұмыстары бойынша жоба-сметалық құны 2 миллиард теңгеден асатын нысандардың бас мердігерлері мен қосалқы мердігерлерге қазынашылықтан арнайы мемлекеттік сатып алу шоттары ашылып, қаржылық қамтамасыз етілуіне қызмет көрсетілуде. Қаражат нақты қаралған нысанның құрылысы бойынша ғана шығысталып, басқа бағыттарға жіберілмеуі қадағалануда. Сондай-ақ сол құрылыс нысанының салықтары мен жұмысшылар жалақысының уақытылы берілуі қамтамасыз етілуде.
Бұл төлемдердің уақытылы жасалуына қазынашылықтан бөлек, осы бюджет қаражатын алдын ала жоспарлайтын, салықтардың уақытылы түсуін ұйымдастыратын, оларға енгізілетін түзетулер мен өзгерістерді уақытылы реттейтін, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізетін орталық органдардың жергілікті жердегі құрылымдары мен тиісті жергілікті атқарушы органдардың да еңбектері зор екендігін атай кету керек.
Облыстық қазынашылық департаментінің ұжымы өңірдегі барша қаржыгерлерді, қаржы саласының ардагерлерін, облыстық Ұлттық банк, екінші деңгейлі банк қызметкерлері мен ардагерлерін, қазынашылық органында қызмет атқарып, қазіргі таңда басқа салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестерді, қазынашылықтан зейнетке шыққан барша ардагерлерімізді 15 қараша Ұлттық валюта – Теңге күні және Қазақстан Республикасы қаржыгерлерінің төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Егемен еліміздің экономикасының дамуына күш-жігерін аянбай жұмсап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз елене берсін, қызметтеріңіз абыройлы болып, халықтың алғысына бөлене беріңіздер деп тілек білдіреміз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ә.Дүйсенбаев,
облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<