«Газа секторында атысты тоқтатуға тырысамын»: Трамп Палестина басшысына сөз берді

288

0

Фото: rawpixel.com.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп жұма күні Палестина ұлттық әкімшілік басшысы Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесіп, Газа секторында атысты тоқтату жұмыстарына атсалысатынын айтты. Бұл олардың 2017 жылдан бергі алғашқы тілдесуі, деп хабарлайды Kazinform Axios-қа сілтеме жасап. 

Дональд Трамп пен Махмуд Аббас АҚШ президенті Иерусалим қаласын Израиль астанасы деп танитынын жариялап, онда Америка елшілігін орналастырғаннан соң сөйлеспеген. Бұл тілдесу Палестина басшылығы Трамппен қарым-қатынастың жаңа кезеңін бастауға дайын екендігін білдіретін белгі болды. 

Өткен жылдың шілдесінде Трамп Аббастан келген хатты жариялады. Онда Палестина басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты алаңдаушылық танытатынын айтып, өңірде бейбітшілікті сақтау үшін барын салатынын айтқан. 

«Аббас Трампты жаңа мерзімге президенттік лауазымға сайлануымен құттықтап, оған қызметінде сәттілік тіледі. Ол, сондай-ақ, Трамппен бірге халықаралық легитимділік пен қағидаттарға негізделген әділетті әрі кең қамтымды әлем қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді» делінген Палестина басшылығының хабарламасында.

— Өз кезегінде Трамп соғыстың тоқтауын қалайтынын, ол үшін президент Аббаспен де, өзге өңірлік әрі жаһандық мүдделі тараптармен де аймақта бейбітшілік орнауы үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін білдірді, — деп хабарлайды Палестина президенттігінің өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар Трамптың жеңісі мен мұнай бағасының құбылуы теңгеге қалай әсер ететінін айтып берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<