Ғасырлар толқынының дарабоздары

558

0

Күні кеше Арал қаласында «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты мерекелік іс-шаралар салтанат құрды. Оның аясында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл және халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына орай конференция, көпшілік әрі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Әуелі Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінің алдында «Әлем таныған Әбе» атты шараның ашылу салтанаты болды. Балықшы қауымның өмірін өрнектеген «Теңіз өмір арнасы» атты қойылым ерекше әсер сыйлады.  Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Жазушы шығармашылығы мен жүріп өткен жолы жайлы кеңінен тоқталып өтті.

– Әбдіжәміл Кәрімұлы – саналы ғұмырында туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға. «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Абыз жазушы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Ұлт перзентіне лайықты құрмет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Алматы қаласында қаламгер есімін ұлықтау мақсатында Қазақ ПЕН клубының ұйымдастыруымен және ҚР Жазушылар одағының бастамасымен халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» естелік кітабының тұсаукесері өткізіліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Біз бұл шарамен шектеліп қалмаймыз. Себебі Алашқа ортақ аңыз тұлғаның мерейтойын уақыт мөлшерімен шектеп тастауға келмейді. Айтып өткеніміздей, бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу үшін қонақтар әдебиет үйіне экскурсия жасады. Әдебиет үйінде Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды.

Салтанатты шара одан әрі қазақ күресінен республикалық турнирге ұласты. Бозкілемдегі балуандар бәсекесі көпшілік делебесін қоздырды. Еліміздің әр аймағынан жиналған сайдың тасындай спортшылар өзара күш сынасты.

– Бүгінгі турнирде ең үздік балуандар бақ сынауда. Қазақ күресінің апайтөс алыптары өзара мықтыны анықтамақ. Балуандарымыз жекелей сында 55, 60, 70, 80, 90, 100 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Одан бөлек түйе палуандар белдесі өтеді. Бұл қазақ спортының жаңа дәуірге көтерілгенінің көрінісі. Қазақ күресі арқылы Әбдіжәміл Кәрімұлының есімін ұлықтап, жастарға спорт арқылы патриотизмді насихаттаймыз, – дейді қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Ғалым Ержанов.

Мерейтой аясында Арал аудандық мәдениет үйінде ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толуына арналған «Ел қорғаны – Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткізілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы, тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты.

Конференцияны аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жүргізіп, жиынның маңыздылығы туралы дәйекті пікірлер келтірді. Ғалымдар батыр бабаның өміржолына арналған баяндамалар жасады.

Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған салтанатты шаралар аясында «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы жоғары деңгейде өтті.

Қылқалам шеберлері теңізді өлкенің киелі орындарын аралап, көңілге түйгендерін көркем туындыларына арқау етті.

– Бұл – өгей қалған өнер жанры. Қазақстан бойынша Арал халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі. Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым һәм жүрек керек. Суреткер жазушы Ә.Нұрпейісовтің мерейтойы тарихқа өнегелі таңбасын қалдырып жатқаны көңілге серпін береді, – деді ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

Мұнан соң мерейтой аясында академик Б.Кәрібаев пен түркітанушы-ғалым С.Қосановтың 60 жылдығына арналған «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Онда аудан әкімі  Аманжол Сақыпұлы ел дамуына ерекеше еңбек сіңірген бірқатар ел ағаларына «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұл марапатқа ие болғандардың бірі – Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер Жаңабай кемал.

Кешкілік орталық алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, Арал аспанын әсерлі ән мен көтеріңкі көңіл тербеп тұрды.

Осы күнгі салтанатты һәм рухани іс-шаралар әлем таныған Әбдіжәміл әлемімен әр жүрекке шуақ сепкендей әсер қалдырды.

Тұрар Бекмырзаев,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Арал-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<