7 КӨРСЕТКІШ: жетістік және жауапкершілік

385

0

Экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында. Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің  кезекті кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өз баяндамасында осылай деп мәлімдеген болатын. Сөз жоқ, бұл – Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстарға берілген оң баға. Кешеге дейін өнеркәсіп өндірісінің 70 проценті мұнайға байланысты болып келген және оның көрсеткіші жыл санап кеміп бара жатқан Сыр өңірі үшін бұл жағымды жаңалық десек, артық айтпағанымыз. Соңғы жылдары облыста өнеркәсіп өндірісінен басқа барлық  макрокөрсеткіштерде оң динамикаға қол жеткізіп, үздіктер қатарында келеміз. Өткен 2019 жылы да осы үрдіс сақталғандай. Сонымен, Үкіметтің кеңей­тілген отырысында қандай көрсеткіштер назарға алынған еді? Таразылап көрейік.
Қызылорда облысыРеспублика бойынша
1.Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индексі109,1%110,4%
2.Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі154,3%112,9%
3.Шикізаттық емес экспорт көлемі (11 ай қорытындысы)96,4%96,1%
4.Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі117,4%108,5%
5.Өңдеуші өнеркәсіп көлемі101,3%104,4%
6.Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі108,8%104,9%
7.Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі104,4%100,9%
Енді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы ұсынған осы мәліметтерге қысқаша тал­дау жасап кетелік. Бір атап өтер­лігі, кестедегі облыс көр­сет­кіштерінің басым бөлігі республикалық орташа дең­гейден жоғары. Демек, бұл – аймақтың үздік облыстар қа­та­рынан көрінуінің негізгі дәлелі.
Өткен жылы облыс экономикасына салынған инвес­тиция көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 17 процентке өсіп, 400 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының кө­лемі 54,3 про­центке артып, 146 млрд теңгені құ­рады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы 8,8 процентке өсіп, 761,4 мың шаршы метрге артты. Ал өңдеуші өнеркәсіп көлемі 1,3%-ке көбейсе, ауыл шаруашылығының жал­пы өнімі 4,3%-ке жоғары­ла­ған.  Өткен жылдың 11 ай көр­сеткіші бойынша шикі­заттық емес экспорт көлемі 110 млн доллар болды. Ал 19 тауар түрі кіретін негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уарларының баға индексі республикалық орташа баға индексінен төмен. Соңғы көр­сеткіш – облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтермеу бағытында атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижесі. Ай­мақтың агроөнеркәсіп са­ла­сында бә­секеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнім өндіруді жолға қоя бастадық. Өңірде құс ша­руа­шылығы, сүтті және етті мал шаруашылығы, жылы­жай, жеміс-жидек, майлы дақылдар өндірісі сияқты са­лаларда даму бар. Сыр ди­қандары күріштің әр гек­тарынан, орташа есеппен алғанда, 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна Сыр салысын қамбаға құйды. Мал шаруашылығы да қарқын алып келеді.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі артса, ол өз кезегінде тұтыну баға­ларының, оның ішінде азық-түлік тауарларының индексі республикалық  орташа көр­сет­кіштен төмен болуына әсер етті. Оған жаз және күз айларында үздіксіз өткізіліп тұрған ауылшаруашылық та­уарларының жәрмеңкелері де өз септігін тигізгені анық.
Ал 2019 жылы барлық қар­­жыландыру көздерінен 720,8 мың шаршы метр тұр­ғын үй пай­далануға беру жос­парланған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық қаржыландыру көз­інен 1987 пәтерді құ­райтын көпқабатты 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1738 пәтерлі көпқабатты 40 тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Өткен жылы сол жаға­лауда және Байқоңыр қала­сында жаңа баспанаға ие бол­ғандардың алғашқы қоныс тойы өткізілгенін атап кету керек.  Сонымен бірге облыс­та 25 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, оның ішінде 9-ы аяқталып, пай­далануға беріл­ді. Қалған 16 нысан жоспарға сәйкес 2020 жылға өтпелі болып қалдырылды. Мұнан бө­лек, құрылысшылар еңбегі ар­қа­сында жүздеген шақырым инфра­құрылым желілері тар­тылды.
Өткен жылы негізгі ка­пи­талға 400 млрд теңге ин­вестиция тартылған. Оның ішінде бюд­жеттік емес кәсіп­орындар есе­бінен инвестиция көлемі 1,5 есе көбейіп отыр. Құрылысқа тартылған инвестицияның екі есе өсуі­нің нәтижесінде 556 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына тар­тылған инвестиция кө­лемі 4,1 процентке артты. Шет­ел­дік тараптармен бірлесіп атқарыл­ған жұмыстардың нә­тижесінде 100 млрд теңгеден астам қар­жыға көптеген жоба жүзеге асырылды.
Цемент зауытының, «Арал тұз» АҚ-ның екі бірдей испан цехының және басқа да кәсіпорындардың іске қо­сылуы   өңдеуші өнеркәсіп көлемі мен шикізаттық емес экспорт кө­лемінің артуына тікелей әсер етті. Оған таблицада кел­тіріл­ген көрсеткіштер дәлел. Осы жұмыстардың барлығы да ха­лық­тың нақты табысы мен тұр­мыс сапасын арттыруға бағыт­талған.
– Бұл – біздің бірлесіп жа­са­ған жұмысымыздың нәти­жесі. Дегенмен, қол жеткіз­ген жетістіктерге және көрсеткіш­терге тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызда Президент жүктеген ауқымды міндеттер тұр. Бұл бізге әлі де болса, жұмыс қарқынымызды күшейтуді талап етеді, – деген болатын облыс әкімі дүйсенбіде өткен актив жиынында. Шын мәнінде, жетістікті еселеу жолында ел бірлігінің, еңбекке деген құлшыныстың мәні зор. Алдағы міндет ауқымды. Ал көрсеткіштің келісті болуы әр­біріміз үшін маңызды деп білеміз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<