Абырой – адал еңбекте

284

0

 Автогрейдер жүргізушісі Абзал Әбдіразақов – Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы. Бала кезінен түрлі техникалардың қасынан табылатын оның қимылынан үлкендер болашақта қай мамандықтың тізгінін ұстайтынын сезетін. Уақыт өте келе ол механизаторлықты меңгеріп, «Автомобиль жолдары басқармасы»  серіктестігіне жұмысқа орналасыпты. Қазір осы салада жүргеніне 10 жылға жуықтаған.

– Серіктестік ауқымды жоба­лардың басы-қасынан табылуда. Түрлі фракциядағы қиыршық тас, жуылған құм өндіретін тас ұнтақтау зауытын ұлғайтып, осы бағытта талай маман даярлады. Біз де бірнеше маңызды автожолдардың қайта қалпына келтіру ісіне атсалыстық. Бұған дейін «Батыс Еуропа– Батыс Қытай» автомагистралінің құры­лысымен, қаладағы Жібек жолы даңғылының, аудандардағы жүз­деген көше жолдарын жөндеу жұмыс­­тарымен айналыстық. Қуан­тар­лығы, сол жағалаудағы жол құры­­лысында да қолтаңбамыз қалды, – дейді ол.

Қарбалас тіршіліктің қазанында қайнаған кейіпкеріміздің маман­дығын мақтан тұтатыны көрініп тұр. Өмірлік ұстанымы – өз ісіне деген адалдық. Бұл ретте ол жөнін білсең, жұмыстың жаманы жоқ екенін, болашақта ел тізгінін ұстар жастардың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті мамандар қатарын толықтырғаны жақсы, дегенмен, олар тек беделдi қызмет атқаруды аңсап, мансап қуып кетпесе екен деген тілегін жеткізді.

– Автогрейдер –  жол құрылы­сы­­на қатысты кез келген технология­лық процесті жүзеге асыратын негізгі жаб­дық. Осы машинаның бар сырына қанықтым. Себебі, жұмыс сапасы бұл техниканы қаншалықты меңгергеніме байланысты. Тапсырманы тиянақты әрі уақытылы орындауға тырысамын. Өз кәсібімді жақсы көремін, күнделікті жұмыс маған қуаныш сыйлайды. Жұмысқа құштарлығымды арттыруға еңбек ұжымым үлес қосып келеді. Іс барысында бір-бірімізден үйренеріміз мол. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмысшы кадрының бүгін де, болашақта да орны орасан зор екенін айтқым келеді. Сондықтан жас буынға еңбек жолын қарапайым мамандықтан бастауға кеңес беремін. Кім ісін төменнен бастаса, соның түйгені көп, тәжірибесі мол болады, – дейді А.Әбдіразақов.

Серіктестік прорабы Самат Қарым­сақовпен тілдескенімізде де, ол кейіпкеріміздің жоғары жауап­кер­шілігін алға тартты.  Ұлы ұстаз Абай айтқан бес асылдың ішіндегі «Талап, еңбек, терең ой» Абзал Әбдіразақовтың еңбек жолындағы жетістіктерінің, қажыр мен қайратының сыры іспетті. Өмір бәйгесінде өзін-өзі жиі қамшылап, сөзбен емес, нақты ісімен ерекшеленетін кейіпкеріміздің шабысы талай жасқа үлгі боларлық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕт

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<