АБЫЗ АДАМ АҚЫРЕТКЕ АТТАНДЫ

376

0

Соңғы сапар

Қазақтың қабырғасын қайыстырып, жүрегін ауыртқан, бауырын сыздатқан қаралы оқиға басына қалың қауым жиылды.
Тәуелсіз еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткері, ақиқаттың алдаспанындай болған азамат қоғамдағы турашылдығын қалай сақтаса,  еңсесі еңкеймей, тізесі бүгілмей өмірден де тік қалпында өтті.
Кеше, облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында С.Шаухамановты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митинг болды.
Митингіні облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов ашып, «Көш бастайтын көсемің  кім десе – Сейілбек ағаны көрсетер едік, сөз бастайтын шешенің кім десе – Сейілбек ағаны айтар едік, ел бірлігін сақтайтын биің кім десе – Сейілбек ағаны алға тартар едік» деген көңілқосымен көптің  көкірегін бір қарып өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.
Сондай-ақ, Үкімет басшы­сы Б.Сағынтаевтың, ҚР Парламенті Сенатының  төра­ғасы Қ.Тоқаев­тың, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулиннің, Мем­лекеттік хатшы Г.Әбдіха­лықова­ның   жеделхат жолдаған­дарынан хабардар етті.
Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов сөз алып, іссапарда жүрген облыс басшысының көңіл қосын жеткізді. С.Шаухамановтың елге сіңірген еңбегі мен ақсақалдық, абыздық тұлғасына тоқталды. Әлем назарын Аралға аудару ісінде, экологиялық аймақтың әлеуметтік қорғалуы туралы заңның қабылдануында С.Шаухамановтың дара еңбегі бар екенін атады. «Ол Сыр халқының арқасүйер азаматы болды» дей келе, барша жұрттың қайғысына жұбату айтты.
Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері – И.Адырбеков, В.А.Брынкин, ел басқару ісіндегі шәкірті Б.Қуандықов, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Мұқышев, ел ағасы Т.Маханов, т.б. кісілер көңіл қосын білдірді. Батыс аймақтағы бауырларымызды бастап келген Қ.Бекенов Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың жеделхатын оқып, асыл адамды алыстатып бара жатқан орны толмас қазаға ортақтасты.
Арқалы ақын Иран-Ғайып азалы жырын оқыды.
Сөйлеушілер мемлеке­ті­міз­дің іргесін бекіте түсуде Елбасымыздың сенімді серігі болған С.Шаухамановтың ықпа­лы тиген, ырысқа айналған игі істерінің жалғаса беретініне сенім білдірді. Өмірінің соң­ғы жылдарында басқарған об­лыстық ардагерлер кеңесі республикаға өз тәжірибесін таратып,  барша облыс қарттарына бейнетінің зейнетін көруге жол ашқанын айтты. Бірде-бір алқалы жиын, баталы астың Сейілбек ағасыз басталмайтынын еске түсіріп, сынды сыпайы, шынды жарқырата жеткізетін адами болмысын ұлықтады. Жоқтан бар жасап, бардың берекесін кіргізген азаматтың ел алдындағы еңбегін қайталанбас  қасиеті деп таныды. Ақтық демі біткенше аттан түспей елдің ауызбіршілігін уағыз еткен абыз ақсақалды бір ғасырда бір туатын тау тұлға деп бағалады.
С.Шаухамановтың  мүрдесі туған жері – Жаңақорған ауда­нындағы ата-баба бейітіне қойылды.
«Білгенге – абыз, білмегенге – аңыз» дегендей, С.Шаухаманов артына өлмес атын қалдырып бара жатқан тұлға. Оның бейнесі кейінгі күндерге аңыз болып жетіп, өнегесі ұрпақ өмірімен бірге жасай бермек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<