АГРОСАЛА МӘСЕЛЕСІ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕЛЕДІ

378

0

Сырбойылық диқандарды егін шаруашылығын субсидиялау көлемінің төмендігі алаңдатады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев және Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевпен кездесуде олар осы мәселені көтерді. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жүргізіп отырды.
Сала жетекшілері бір апта бойы еліміздің оңтүстік өңірлерін аралап, шаруалардың жай-күйімен танысқан. Бау-бақша, жүзім, күріш, мақта шаруашылықтарын дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерді жинақтаған. Кезекті кездесу еркін форматта өрбіді. Онда облыстағы шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, өзекті мәселелерді алға тартты. Қармақшы ауданындағы «Ақтөбе және К» ЖШС төрағасы Нұрлан Іздібаев жергілікті диқандар үшін ала жаздай атыз жағалап еккен күрішті енді өздері өңдеп, саудаға шығаратын мүмкіндік туғанын жеткізді.
– Былтыр аудан көлемінде бірінші болып біз Оңтүстік Кореядан күріш ақтайтын зауыт әкеліп орнаттық. Бүгінде өңделген өнімді алыс-жақын өңірлерге, Ресей, Түркіменстан елдеріне экспорттап келеміз. Бірақ күріш қауызын өңдеуге болмашы субсидия төленеді, бұл – біздің алдымызда тұрған үлкен мәселе, – деді шаруашылық төрағасы.
Аграрлық сала өкілдері субсидиялау ережесінің жиі өзгеруімен келіспейді. «Өзгеріске енді үйрене берген кезде ауысып кетеді. Қарамағымыздағы қарапайым диқан тұрмақ, өзіміз түсініп үлгермейміз», – дейді олар. Оларды, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін реформалау аясында өсімдік шаруашылығындағы гектарына төленетін субсидия көлемінің 2016 жылдан бастап азайғаны алаңдатады. Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Бердіқұл Қадыров осы орайда субсидияны проценті төмен несиемен алмастыруды ұсынды.
– Ресейде «Агробанк» деген бар, егін, мал шаруашылығымен айналысушы адамдарға, ұйымдарға өте төмен процентпен несие береді. Бізге де осы тәсілді қолдану керек сияқты. Субсидияны сонымен алмастырса, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді, – деді кәсіпкер.
Ал Жалағаш ауданындағы «Ер Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов ауыл шаруашылығы техникаларын субсиядиялау қажеттігін, Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінәжаддин Өтеев көп нәрсе күріштің өзіндік құнына байланысты екенін айтты. Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев сырбойылық шаруаларды тек күріш егумен шектелмеуге, егін шаруашылығын әртараптандыруға шақырды. Дегенмен, ықылым заманнан күріш өндірісіне негізделген аймақта бұл мәселе бүгін-ертең шешіледі деу қиын.
– Күрішті басқа дақылдармен ауыстырудың ыңғайын да, пайдасын да көріп тұрғаным жоқ. Бидай еккеннен көл-көсір табысқа кенеле алмайсың. Пәлен гектар жерге жоңышқа еккенмен бәрін бірдей өткізе алмайсың, – деді «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Бердіқұл Қадыров.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, доцент Лаура Тохетова сала ғалымдарының мәселесін жеткізді. Оның айтуынша, мақсатты қаржыландырудағы жүйесіздіктің кесірінен институт қызметкерлері жалақыны уақытынан кешіктіріп алып жүр. Сондай-ақ, ғалым ауыл шаруашылығында отандық селекцияның үлесін арттыру керектігіне тоқталды.
– Шетелдік селекцияға тәуелділік болашақта опық жегізуі мүмкін. Сондықтан отандық сорттарды дамытуға мән беруге тиіспіз. Өйткені ол – қашанда мол өнімнің кепілі, – деді ғалым.
Министрлік өкілдері жиында көтерілген мәселелерді шешу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруға уәде берді.
Назерке САНИЯЗОВА, 
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<