ҚАНАТ ИСЛАМНЫҢ БАТАСЫ

585

0

Сәмен ағайдың

секциясы

Біздің бала кезімізде көркем әдебиеттің құдіреті күшті еді. Ауыл баласы танымал шығар­малардың кейіпкеріне еріксіз еліктеп, әбден әлекке түсетін. Үлкен-кішіні жіпсіз байлаған әйгілі жазушы Бердібек Соқ­пақбаевтың «Жекпе-жек» по­­весі де сондай тартымды туын­дылардың бірі болатын. Соны жата-жастана оқыған біздің Қаратереңнің бүкіл баласы Мұрат Батырбаев секілді атақты боксшы болмаққа талпынды. Бүкіл баласы дегенді бекер айтып отырғанымыз жоқ. Ол кезде мектептің бар­лық оқушысы шетінен кітап кемі­ретін. Қа­зіргідей интернет бұлағының көзі ашылмаған кезде ауылдағы ұл-қыз күн ұзаққа кітапханадан шықпайтын.

Бірақ «Жекпе-жекті» бас алмай оқып, Қызылшекара орта мектебінде балаларды дамылсыз жаттықтырған бапкер Николай Трофимовичке, оның талантты шәкірті Мұратқа қатты қызыққаныңмен, бірден боксшы болып кету оңай емес екен. Жұдырығы жуан жігіттер жеткілікті болғанымен, кәсіби былғары қолғап шебері шыға қоймады біздің ауылдан.

1977 жылы КазПИ-дің фи­ло­логия факультетін бітір­ген Сәмен Құлбарақов деген жас жігіт орта мектепке мұға­лім болып келген соң қара­тереңдік ұландардың бокс­қа тал­пынысының жаңа кезеңі бас­талды. Себебі, ауыл­ға ару Алматының лебін ала жет­кен ағайымыз кәнігі бокс­­шы екен. Анау-мынау емес, қа­зақ боксының атасы Шо­қыр Бөлтек­ұлының өзінен жұды­рық­тасу өнерін үйренген. Әлде спорт шебері, әлде кандидат… Өзі өте сымбатты. Жігіт атаулының келістісі. Қара­тереңнің қыз-қыр­қыны оны күнде көшеде көрген сайын «нокдаун» алады. Оны айтасың, ол бері қарай бұрылды дегенше, біздің кластағы бой­жеткендердің жү­рісіне дейін біртүрлі болып өз­геріп кетеді. Шиыршық атып тұрған жас жігіт келе сала ауылдан бокс секциясын ашты. Сонымен, сабақтан соң бокстан басқа ермегіміз болмады. Қара сөздің хас шебері Бердібектің «Балалық шаққа саяхат» атты повесінде «Қара бұлттай қал­биған мынау Күміс, Соғады Тұрдыбекті гүрс-гүрс», – деп суреттеп жазғанындай, кешке қарай спорт залына жиналып, бір-бірімізді аяусыз қойғыласып жатамыз.

Алайда, қанша қойғылассақ та, ешқайсымыздан боксшы шық­пады. Жабайы жұды­рықтасу мен жаппай төбелеске құмар ауыл балалары бокс қолғабын киіп, рингте атой са­луға сонша құмартқанымен, шар­шы алаңның шебері болу көп күш-жігерді талап ететіні көрінді. Сәмбі талдай Сәмен ағам біздің қабілетімізді аша алмады ма, әлде біз былғары қолғап пен жай қолғапты ажырата алмайтын миғұла болдық па, білмейміз, әйтеуір екпіндеп басталған бокс секциясының жұмысы ақыры қожырап тынды.

Есесіне ол біздің әдебиет­тануға деген қабілетімізді аш­ты. Шетімізден қалам ұстауға құштар болдық. Күні бойы көсіліп, еркін тақырыпқа шы­ғарма жазып отырар едік. Ағайымыз бізді қатты тәрбиелеп жібергені соншалық, өзі де бок­сын жайына қалдырып, әдебиеттанумен шындап айналысты. Бүгінде осы саладағы белгілі ғалым­дардың бірі болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Тараздағы беделді оқу орнында кафед­ра басқарады. Оның боксшы ретіндегі бейнесі біздің санамызда әлдеқашан көмескі тартқан.

Бірақ шаршы алаңның ша­ңын шығаратындай шайқас көр­сек, бала кездің сол бір суреті көз алдымызға келе қалатыны рас.

Сырдың 

«Сары 

қасқыры»

Осымен Арал теңізінің қолтығындағы шағын ауылдағы бокстың күні біткендей болған. Біз елден жырақ кеткеннен кейін мектепке келген дене тәрбиесі пәнінің оқытушылары да біраз талпыныс танытып көргенге ұқсайды. Алайда, былғары қолғап киген өрендердің ауылдан ұзап шыққанын ести қоймадық.

Жоқ күні бітпепті! Ел жақтан тай-құлындардың дүбірі тағы да естіле бастады! Ауыл іргесіндегі Кіші Арал үлкен үміттің отын жаққан соң басындағы бағын  қайта тапқан Қаратереңнің білте шамдай өшіп қалған баяғы боксы қайта жанданыпты. Бұған біраз азаматтардың септігі тиіпті. Олардың сала­құлаш тізімін сағыздай созбай-ақ қояйық. Бастыларын айтар болсақ, Олимпиадалық резерв даярлайтын балалар мен жас­өспі­рімдер спорт мектебінің директоры Жалғас Бітімбаев, Қаратерең орта мектебінің директоры Кешубай Маханов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдар Әмишаев, балаларды жаттықтыру үшін ауылға арнайы келген бапкерлер Тұрар Мырзалиев пен Әсет Жұмағалиевтер бұл іске барынша үлес қосады. Біздің Сәмен ағайдың заманындағыдай Алматыдан келе сала бокс секция­сын аша беретін мамыражай кез емес, олар көк есік пен көп есіктің бәріне кіріп шығады. Ауыл ағалары тиісті орындарға хат жолдайды. Тым белсенділері талай мекеменің табалдырығын тоздырады. Тіпті, бұл мәселеден облыс басшылығы да құлағдар болады. Ақыры, авиаторлары­мен, қаламгерлерімен және су­рет­шілерімен баршаға танылған Қаратереңде тағы бір өнерді іл­герілетуге жол ашылады. 

Бүгінде бірде жүрелеп, бірде тұралап, ақыры жұмысын бас­тап кеткен бокс секциясының түтіні түзу ұша бастаса керек. Қаратереңнің ұландары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралатын болыпты. Мектептегі секцияға алпысқа жуық бала тартылған. Ауыл тұрғындарының айтуынша,      Қа­зақ гуманитарлық заң және тех­никалық колледжінің түлегі Дамир Ибрагимов бапкер боп келген соң Қаратерең боксының көші ілгерілей түскен. Бұлшық еті шымыр, ұстаздық қабілеті жоғары Дамир біздің ауылдың бірбеткей балаларының тілін тапқанға ұқсайды. Кезінде өзі де бокспен айналысып, бір­шама жетістікке жеткен ол те­ңіз жағасында балық жеп өскен қаратереңдіктердің бүгінгі буы­нын шынықтыруға шындап кіріскен сияқты. Талай адам қолға алып, тапжылта алмаған спорттың бұл түрінен соңғы кезде жеңімпаздардың көптеп бой көрсетуі – осының дәлелі.

Солардың ішінен Қайрат Тұр­маханов деген сары уыз боз­бала суырылып шық­ты. Қар­­сыластарын шақ келтір­мей­ді. Аудан, облыс, респуб­лика көлеміндегі жарыстарға барса, жүлдесіз қайтпайды. Тек бірінші орынға ұмтылады. Бойы бір тұтам болғанына қарамастан спорт шеберлігіне кандидат көрінеді. Оған кәнігі бокс мамандары кәдімгідей назар аудара бастапты. Жұрт сары уыз боксшыға «Сары қасқыр» деген лақап ат беріпті. Соны естігенде Бердібек ағамыздың баяғы «Жекпе-жегіндегі» Мұрат Ба­тыр­баевтың америкалық қар­сыласы Питер Сандерестің ла­қап аты «Қисық мұрын най­зағай» екені есімізге түсті.

Боксшы Мұрат рингте сол Сандерестің қисық мұрны әб­ден тегістеліп болғанша соқ­қылайтын еді…

Шаршы 

алаңның 

шыбығы

Жақында сол «Сары қасқыр» Астанада ұйымдастырылған беделді республикалық тур­нирге келіп, шаршы алаң­да бақсыдай ойнады. Қарсы­лас­тарын ойсырата жеңіп, фи­налға қиналмай жетті. Тек ақ­тық бәсекеде сәл асығыстық таны­тамын деп, есе жіберіп алды. Бірақ жеңілдім деп жүні жығылған жоқ. Көзінде от. Қимылы ширақ. Намыстан жылап жібергелі тұр. Осының бәрін әлеуметтік желі арқылы тікелей репортаж жүргізген журналист әріптесім, Ұлыбританияда білім алып, елге оралған озық ойлы оғылан Нұрбек Әмиша бокс жанкүйерлеріне түгел көрсетті. Оның өзі де аулымыздың ақ құмында аунап өскен бала. Сол күні күллі Қаратерең жұрты телефонға телміріп, кәсіби репортер Нұрбектің әр сөзін үздіге тыңдап отырды. Сөйтіп, ол «Сары қасқырдың» әжептәуір жарнамасын жасады.

Үлкенге үйір, кішіге қамқор Нұрбек інім мұнымен де шек­телмеді. «Сары қасқыр» деген лақап аты бар бота тірсек бөлтірікті әйгілі боксшы, ұлты­мыздың мақтанышы Қанат Ис­ламға ертіп барады. Атағы жер жарғанына қарамастан тумысынан кішіпейіл Қанат былғары қолғап киген біздің бөлтірікпен біраз сөйлесіпті. Ең ақырында тілегін айтып, батасын беріпті. Төрткүл дүние­ге танымал кә­сіпқой бокс тар­ланының ниеті қабыл болсын дейміз де. Қа­наттың Қайрат інісіне бата беріп тұрған сәтін бейнелейтін эпизод әлеуметтік желіні шарлап жүр.

Қайратты айтқанда, оның атасы, қадірменді ағамыз Тұр­махан Алмағанбетовтің есімі ойға оралады. Ол өте қажырлы адам еді. Егде тартқан шағында да ширақ жүретін. Өн бойында артық еті жоқ, сыптығырдай кісі еді. Өзі өте қарулы болатын. Біздің Қаратереңнің нө­мірі бірінші спорттық бәсекесі – пішен ору. Ер-азаматтың күш-қуаты қанша бау пішен орға­нымен, жаз мезгілінде қанша күде шөп жинап алғанымен өлшенеді. Пішен оруға қыры жоқ еркек босбелбеу әрі борке­мік болып саналады. Ал енді сол Тұрмахан ағамыз пішен орудан алдына жан салмайтын. Қол орақты қиялап тартып, әр сілтеген сайын бір құшақ шөпті баудай түсіріп, дестелеп тастап келе жатқанда қимылына көз ілеспейтін. Боз көйлегін суға малып алып, маңдайы жіпсіп, қалың нуды жапыра жөнелетін Тұрмахан ағамның алапат ек­пініне бала біткен қызыға қа­рап тұратынбыз. Бойы ұзын болғанымен өзі ап-арық адамға осынша жігер қалай біткен деп таңырқайтынбыз. Міне, Қай­раттың бойындағы бұла күш­тің негізі қайда жатыр?! Бұл Қайрат – ілгеріде өмірден өткен Тұрмахан ағамыз бен Аққыз жеңешеміздің Дәулетхан деген ұлынан өрбіген перзент.   

Ашығын айтайық, бокстағы бағы мен бабы Қайраттың өз қолында. Ерінбей еңбектенсе, жа­лықпай жаттықса, тынбай тер төксе, талантты бапкер аға­сы Дамирдің ақыл-кеңесіне үне­­мі құлақ асса, бұдан да биік белестерді бағындырған үстіне бағындыра бермек. Бұл өнерді жан-тәнімен сүйетін Да­мир секілді жанкешті жат­тық­тырушы болмаса, қияндағы Қа­ратереңге кім бармақ?! Әр­кімнің үйінде жатып, мазасы кетіп жүргеніне қарамастан, ау­ыл­дың қарасирақ балала­рын жұдырықтасуға кім үйре­тер еді?! Оның үстіне, ел ақса­қалдары қайта-қайта хат жазып, бапкер тұрақтамайтын шалғай ауылға қаладан маман шақыра берер дейсің бе?! Ендеше, Қара­тереңге бокс қолғабын арқалап келген Дамирдің бар өнерін тездетіп бойға сіңіріп алған жөн. Сырдың «Сары қасқыры» белестен белеске беттесін десек, бәріміз де оған тілеулес болуымыз керек.

Ілгеріде белгілі журналист Қыдырбек Рысбекұлы әйгілі боксшы Мақсұт Омаров жөнінде «Шаршы алаңның шынары» деген мақала жазып еді. Бұл теңеу өз дәуірінде ел-жұрттың аузынан түспейтін тіркеске ай­налған-ды. Жұдырықтасу өне­р­інің әліппесін сәтті бастаған арал­дық боксшы баланы әзірге шаршы алаңның шыбығы деуге болатын шығар.

Несі бар, бабы келіссе шы­бық өсіп шынарға айналмайтын ба еді?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<