Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиісті көмек көрсетілуде

596

0

Облыста 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 835 бала бар. Оның 750-і толыққанды отбасында тәрбие алса, 85 бала білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында тәрбиеленуде.


Сондай-ақ, балалар ауылының түлектерін әлеуметтік қолдау мақсатында әлеуметтік бейімдеу орталығы қызмет етеді. Онда 16-23 жас аралығындағы 29 жасөспірім тәрбиеленеді. Оның 12-і жоғары оқу орындарында, 17-ы кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында оқиды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Жүнісова Шолпан хабарлады.


-Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері толық мемлекеттің қарауында. Өткен жылы асыраушысынан айырылған 95 баланың 80-і қорғаншылыққа, 3-і сәбилер үйіне орналастырылды. Ал облыстық мамандандырылған сәбилер үйінде төрт бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін 8 білім бөлімдері бар. Олар өз кезегінде балаларды асырап алу және тәрбиелену бойынша заң аясында жұмыс істейді. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы жанындағы қабылдаушы ата-аналар мектебі әр аптаның сенбі күндері екі тілде қашықтықтан курс ұйымдастыруда. Аталған курстан 256 үміткер сертификат алды. Бүгінгі күні 45 үміткер қашықтықтан білім алуда, – деді Шолпан Жүнісова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<