Ауылдың дамуы – алға басудың айғағы

1135

0

Өткен аптада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал, Қазалы аудандарында 40-қа жуық ауыл мен маңызды нысандарды аралаған еді. Бұл сапардың мақсаты – ел жағдайы, тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесу. Сейсенбі күні аймақ басшысының сапары Жалағаш ауданында жалғасып, осы аумақтағы 14 ауылды түгелдей аралады. Сапар нәтижесінде тиісті сала басшыларына тапсырма беріліп, ел тілегі ескерусіз қалмайтыны тағы бір айқындала түсті.

Алдымен аймақ басшысы Жаңадария ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыз су нысанының жұмы­сымен танысты. 2018 жылы басталған құрылыс былтыр қыркүйек айында аяқталған. Осылайша бес жүзден аса адам тұратын ауылда ауыз су мәселесі оңтайлы шешіліпті. Жаңадариялықтардың негізгі кәсібі – егін шаруашылығы. Сондықтан ақсақалдар бас­тысы «Іңкәрдария» каналына қазу жұмыстары жүргізілсе және жастарды өнер арқылы топтастыратын клуб салынса деген тілегін жеткізді. Осыған орай аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қала мен ауыл өмірінің арасында алшақтық болмауы керегін, бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Сала басшы­ларының ай­туынша, бүгінде «Іңкәрдария» каналын қа­зуға байланысты жұмыс жүргізілуде. Елді­мекенде ұялы байланыс бар, бір көше жарық­тандырылған. Ал жұ­мыс­сыз­дар саны қазір 7 адамға жеткен. Сондықтан өңір бас­шысы ауыл әкімі Ғалым Жаңашевқа ауыл шаруашылығына қолайлы елді мекенде жұмыссыз адам болмауы керегін, кәсіпкерлік саласына қатысты қолдау түрлері тұрғындарға жете түсіндірілуін тапсырды.

Бұл ауылға көршілес Аламесек ауылдық округінде де дала еңбеккерлері көк­тем шығысымен қызу тір­лікке кірісіп, егін шаруа­шы­лығымен айналысады. №124 мектепте өткен кездесуде ауыл тұрғындары көпірге қатысты мәселені жеткізді. Еңбек  ауылымен Есет батыр ауылы аралығындағы «ЮК-16» коллектор көпірі он жылдай бұрын жөнделген, десек те қазір құлап кету жағдайында тұр. Сондай-ақ, ақсақалдар мектептің алдыңғы бөлігі соңғы жылдары салынғанын, ал арғы бөлігінің құрылысы 1980 жылдары тұрғызылғанын айтты. Сондықтан ескі аумағының жылуы да аз, электр жарығы да жөндеуді қажет етеді. Бұған қатысты сала мамандары көпірді де, мектептің электр жүйесін жөндеу үшін де құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді. Ақсақалдармен әңгімелесу барысында Қуанышбек Ысқақов ауылдық жерде өмір сүрудің өзіндік мүм­кін­діктері бар екенін атап өтті.

– Осы кезге дейін газбен қамту мәселесі өзекті болғаны белгілі, бұл жұмыстар да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биыл ақпан, наурыз айларында Жалағаш кентіне газ берілсе, әрі қарай елді мекендерге «көгілдір отын» тартудың жобалық-сметалық құжаттары жасалатын болады. Газды халыққа тез таратудың пайдасы мол, себебі газдың құны арзандай түседі. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, айта кету керек, тұрғындар әр ауылды салыс­тыра қарап, «мына ауылда көшесі жақсы екен», «ал мына ауылдың спорт кешені, клубы жаңа екен», «мына елді мекен қалып кетіпті» деген ойларын білдіреді. Бірақ, мемлекеттен қаржы ауылдарға бірдей бөлінеді. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ел азаматтары өздерінің туған жеріне дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, спорт кешені, балабақша сынды әлеуметтік нысандар салып беруде. Кәсібін жолға қойған ел азаматтары осындай игі іске себепкер болса, ауылға жанашырлықпен қараса, бұл кәсіпкер үшін де, мемлекет үшін де тиімді болмақ, – деді облыс әкімі.

Жалағашта ауыл қақпа­сынан енгеннен-ақ жайлылық пен үйлесімділік байқалатын елді мекеннің бірі – Еңбек. Мәдениет үйіндегі ауыл тұрғындарымен кездесуде «Батыр ана» ансамблі әуелеген әнмен қарсы алды.  Айта кету керек, алды 18 баланы дүниеге әкелген аналардың жолын қазір келіндері жалғауда. Тұрғындар ауыл тұрмысы жылдан-жылға жақсарып, кәсіпкерлер ел игілігі үшін қолдау көрсетіп жүргенін жеткізді. Ауылда «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында М.Байділдаев, Мүсірәлі баба, Ғ.Мұратбаев көшелеріне энерго тиімді көше жарығы орнатылып, желілер жаңартылған, сондай-ақ, тағы бір көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылдың көр­кейіп, жарқырай көрінуіне «Еңбек-Жер» ЖШС үлкен үлес қосқан. Серіктестіктің жеке қаражаты есебінен ауылда  мейрамхана, шағын маркет, спорт кешені, шаштараз салынып, көшелерге асфальт төселіп, жарықшамдар мен бетон қоршау орнатылған. Енді ауыл тұрғындары тағы бір көшеге асфальт төселсе деген тілегін білдірді. Еңбек, бұрынғы Аққошқар ауылының осыншалықты гүлдене түскеніне оң баға берген облыс әкімі бұл жұмыс та шешімін табатынын айтты.

Мұнан кейін сапар Аққұм, Мақпалкөл және Жаңаталап ауыл­дарында жалғасты. Аққұм ауылына спорт кешені қажет­тігін айтқан ауыл ақсақалдары жақын орналасқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында мал шығыны көп болатынын да жасырмады. Облыс әкімі бұл республикалық маңыздағы күре­­жол болып есептелетіндіктен, ұсы­ныс­тарды тиісті атқарушы органдар қарайтынын, ал спорт кешенін салу бойынша жұмыс жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ, бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да шешуге болатынын айтып, жауапты тұлғаларға тапсырды. Ал, тұрғындар Мақпалкөл ауылында электр жарығы желілері мен бағандары ескіргенін, мектеп те жөндеуді қажет ететінін, Жаңаталап ауылдық округінде 1960 жылдары салынған клуб үйінің әбден тозығы жеткенін айтып, жаңасын салу туралы ұсыныс білдірді. Халқының саны мыңға жетпейтіндіктен бұл ауыл мен көрші ауылға учаскелік полиция бір. Ақсақалдар «өзіміздің учаскелік полициямыз бөлек болса, штат бөлінсе, көлікпен қамтамасыз етілсе» дейді. Облыс әкімі клуб салу жұмысы МЖӘ не мемлекеттік бюджет есебінен шешілетінін, сондықтан аудан әкіміне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Ал, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Шамшадин Егембердіұлы екінші мәселе заң аясында шешілетінін айтты.

– Учаскелік полиция бекі­тілу үшін ІІМ бұйрығына сәйкес халық саны 1800-ден асу керек. Дегенмен, өтініштеріңіз қаралады, – деді ол.

Соңғы жылдары Аққыр ауылында үп еткен желге де жалп етіп сөне қалатын жарық­тың жайы жақсарып, электр желілері, бағаналары ауыс­тырылған. Ауызсу да барлық үйге жетіп тұр. Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдыбек Шорабек мектептің күрделі жөндеуден өткізілмегеніне 30 жылдай уақыт болғанын жеткізді. Сондай-ақ, шекараға жақын бұл ауылда учаскелік полиция көлігінің ескілігі де тұрғындарды алаңдатады. Тиісті сала мамандары ұсы­ныстарға жауап беріп, шешімі қарастырылатын болды.

Түс ауа сапар Мәдениет, Мырзабай ахун, Таң, Бұқар­бай батыр, Қаракеткен, М.Шәменов, Ақсу ауылдық округтерінде жалғасып, облыс әкімі тұрғындардың барлық мәселелерін тыңдады.

Тіректі елді мекен саналатын Мәдениетте ауыл ақсақалдары білім, денсаулық, спорт саласы бойынша көрсеткіштер жақсы екенін, тек бір көше асфальтталмай қалғанын айтты. Ал, Мырзабай ахун ауылында Мәдениет үйі жоқ болса, медициналық бекет көне ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ жол мәселесі де бар. Кездесу барысында облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсылық Абдусаметов биылғы жылы мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік аясында дәрігерлік амбула­торияның құрылыс жұмыс­тары аяқталып, ел игілі­гіне берілетінін айтып ауыл азаматтарын қуантып қойды.

Биыл облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанған Таң ауылдық округінде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған. Бұған ауылға кіре бергеннен-ақ көз жеткізесіз. Ақсақалдар мұнда «Таң» ЛТД ЖШС иесі Имамзада Шағыртаев сынды ел дегенде елгезек, жұрт дегенде жұмыла қызмет ететін кәсіпкердің үлкен еңбегі бар екенін айтты. Тек бір мәселе, ауылдағы емханаға дәрігер қажет. Бұл орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы дәрігерлік қызметке ауыл перзенттерін шақыру туралы ұсыныс білдірді.

– Дәрігер мәселесі облыс­та өзекті. Өткен жылдың басында аймақ бойынша 205 дәрігер жетіспеді. Былтыр өңірге 95 дәрігер келсе, соның 48-ін елді мекендерге жібердік. Бірақ осы ауылға келуге ниет танытқандары болмады. Бұл бағыттағы жұмыс жылда жүргізіледі. Биыл да республиканың барлық ЖОО мамандарымен келіссөз жүргіземіз. Егер осы елдің азаматтары басқа өңірде жүрсе, осы жылы оқу орнын тәмамдайтын болса, шақырыңыздар. Оларға үй алу үшін несие беріледі. Оның үстіне былтыр облыс әкімдігі, мәслихат қолдап, аса қажетті мамандарға 1 200 000 теңге көлемінде қосымша қар­жы бөлуге шешім шығарды. Мұндай көмекті ауылға келген маманға көрсетуге дайынбыз. Ал, дәрігерлік амбулатория мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынбақ. Облыстық бюджеттен қар­жысы қарастырылған, биыл қыркүйек айына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады, – деді Ж.Абдусаметов.

Мұнан кейін сапар Бұқарбай батыр ауылында жалғасты. Бір қызығы, елді мекеннің тұрмыс-тіршілігіне көңілі толып, жетістіктерін саралаған батыр ауылының тұрғындары бірде-бір мәселе көтермеді. Ал, Қаракеткен ауылында клуб үйінің ескіргені, учаскелік полиция көлігінің жоқтығы турасында ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ электр бағаналары да жөндеуді қажет етеді. Сала мамандары бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды саралап өтті. Клуб үйін күрделі жөндеуден өткізу, аяқсу сынды мәселелер М.Шәменов ауылында да бар.

Жалағаш ауданындағы сапар Ақсу ауылында қорытын­дыланып, мұнда да тұрғындардың ұсыныс-пікір­лері тыңдалды. Әсіресе, жас кәсіпкер Толғанай Жұма­бекқызының мал шаруа­шы­лығына қатысты батыл бастамасы елді елең еткізді.

–    Былтыр ауыл әкімінің ұсынысымен қаладан ауылға келіп, кәсіп бастауға бел будым. Қазір 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешені салынды. Жылыжай кешенінің құрылысы үшін өңірлік инвестиция орталығынан 10 млн теңге көлемінде несие алдым. Бүгінде кәсібіміздің игілігін көрудеміз, тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында өнімді егіп, толықтай жинап алдық. Сондай-ақ, тағы несие алып, 75 бас аналық мүйізді ірі қара сатып алдым. Қазір шаруашылықта 2 жылыжай жұмыс істеп тұр, көкпар мен бәйгеге қатысатын 3 жылқы бар. Үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Сондай-ақ, былтыр «Байқоңыр»-инвест форумында аудан әкімімен бірлесіп, мал бордақылау алаңын және ет өңдеу цехын салу үшін өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатынбыз. Биылғы жаңалық, ауыл шетінен 10 гектар жер алып кірпіш зауытының жұмысын бастағымыз келеді, – деді ол.

Еті тірі, ебі мол жас кәсіпкердің бұл бастамасына облыс әкімі ризашылығын білдірді. Айта кету керек, сондай-ақ бұл ауылда электр желілерін жөндеу туралы ұсыныс айтылды. Сала басшыларының айтуынша, аудан бойынша желілерді жөндеу кезең-кезеңімен іске асып келеді.

Сапар соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов барлық ауыл бойынша мәселелер жинақталып, талқыланатынын айтты.

– Кәсіпкерлікке бейім­делу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындары бұл бағыттағы мол мүмкіндікті пайдаланып, басқаларды да жұмыспен қамтуы қажет. Елді мекенде ауыл шаруашылығымен айналысып, кәсіп бастаудың игілігі көп. Облыс бойынша ауылдарды аралап болған соң, жұмыс барысы хаттамаға түсіріліп, барлық мәселе кезең-кезеңімен мүмкіндігіне қарай шешілетін болады, – деді аймақ басшысы.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<