БАРШАМЫЗҒА БІР ӘЛЕМ

422

0

Бүгінде әлемде аутистік ауытқулары бар балалар саны күрт артып барады. Осыдан 20 жыл бұрын әр 10 мың балаға шаққанда аутизммен ауырған 3-4 бала тіркелетін болса, қазір бұл сан 10-нан 20-ға дейін жеткен. Мұндай дертке шалдыққан балалар облыста да бар.
Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай «Асыл Мирас» аутизм орталығы мен «Ұлағат ұландары» педагогикалық жасағы жастарының ұйымдастыруымен шара өтті. Шараға аутизммен ауыратын балалар мен олардың ата-анасы, белсенді жастар қатысты.
«Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Болатбек Айтбенбетовтің мәлімдеуінше, орталық екі жыл бұрын ашылған. Осы уақыт аралығында 400-ге жуық бала ем алған.
– Балалар аутизмі – психологиялық дамудың бұзы­луы, мұндай балалар адамдармен қатынаста және әлеуметтік әрекеттестікте қиындыққа ұшырайды. Ең қиыны – елімізде аутизммен ауыратын балалардың нақты саны белгісіз. Себебі, ондай дертті дәл анықтап, диагноз қоятын мамандар да аз. Орталыққа бейімделуге тек облысымыздан ғана емес, басқа өңірлерден келіп 3 айлық курстан өтеді. Барлық балаларға қызмет тегін көрсетіледі, – деді орталық жетекшісі.
Осында ем алушы Ақнұр Бақытжанның анасы Алтынгүл Дүйсенғазиева орталық қызметкерлеріне өзінің алғысын жеткізді. Олар заманауи оңалту, түзету және консультациялық көмек алып қана қоймай, әр түрлі ойындар арқылы дамыту сабақтары өтетінін айтты.
Айта кетейік, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қорының ұйытқысымен жүзеге асырылып отырған еліміздегі үшінші жоба. Бейімдеу орталығы, заман талабына сай жабдықталған. Мұнда арнайы бағдарлама бойынша әрбір жеткіншек алты айға дейін оңалту курстарынан өтеді. Балалармен білікті педагогтар, психологтар мен әлеуметтік мамандар жұмыс жасайды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<