БАҚУАТТЫ ҚОҒАМҒА БЕТБҰРЫС

395

0

Ақпанның 27-сі күні өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға атау­лы әлеуметтік көмек көр­сетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Содан бері әлеуметтік көмекке қатысты сауалдардың легі толастамай тұр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қа­ра­ғанда, біздің өңірімізде 35 мың­нан астам көпбалалы ана бар. Кәмелетке толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасылардың саны  18,5 мыңнан асады.

Қазіргі кезде аудандар мен Қы­зыл­орда қаласында құ­рылған арнайы комиссиялар аулаларды аралап, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың жағ­дайымен танысып, оларға ең бірінші кезекте қандай көмек қажет екенін анықтады. Бүгінгі күнге 2356 отбасының, тұрмыстық жағдайы зерттеліп, әлеуметтік картасы жасақталуда. Ол әрбірінің қажет­тілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді.

Жаңа бастамалар ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді ықпал етеді. Біріншіден, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен 70 процентке дейін көтеріледі.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде от­ба­сының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, сон­дай-ақ, балаларға арналған мүге­дектігі бойынша жәрдем­ақылар, стипендия алып тасталады. Аз қамтылған от­ба­сы балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады.

Үшіншіден, сұратылатын құжат­тарды оңтайландыру арқы­лы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіледі. Осылайша, ақпараттық жүйе­лерде мәліметтер (туу туралы куәлік, жеке куәлігі, т.б.) бол­маған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдері тиісті мем­лекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады. Бұл үшін Е-халық ақпарат жүйесі пайдаланылатын болады.

Елбасы, сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана­ларға қамқоршылар мен от­басыларға жәрдемақыны 30 процентке көтеруді тапсырды. Нә­тижесінде, облыс бойынша атау­лы әлеуметтік көмекпен қам­тылатын адамдардың саны 2 есеге дейін көбеймек. Биылдан бастап 5529 мүгедек бала тәрбиелеп отырған жәрдемақы алу­шылардың жәрдемақы мөл­шері 31183 теңгеден 40538 тең­геге арттырылады. Ол үшін қо­сым­ша құжат рәсімдеу қажет емес.

Сонымен қатар, көмекке мұқтаж көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын әлеуметтік қолдау мақсатында 21 ақпаннан бүгінгі күнге дейін аудан және қала әкімдерінің ұйымдастыруымен қайырымдылық акциялары өткі­зіліп отыр. Акция барысында 2400-ден астам отбасына 50,1 млн теңгеге қайырымдылық кө­мектері көрсетілді. Наурыздың 4-нен бастап жергілікті өкілетті ор­ган өкілдері облыстық бас­қармалар, аумақтық департа­мент­тер мен инспекциялар қа­­йы­рым­дылық акцияларды жал­ғастыруда. Акция 22 наурызға дейін жалғасады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға респуб­ликалық және жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау шараларын көрсету үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасының жобасы әзірленді. Жол картасына қосымша әлеуметтік қолдаулар, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруі, ыстық тамақпен және киім-кешекпен қамтылуы, мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуын субсидиялау, дәрі-дәрмекпен және тұрғын үймен қамтылу мәсе­лелері енгізілді.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<