БАЯННЫҢ БАЗАРЛЫҒЫ

780

0

Баян десе баяғының бек сұлулары еске түседі, әдебиеттің тұңғиығына түсе кетесің. Ал, бұл Баян да сол бек сұлулардан бір мысқал кем түспеген, әдебиет десе қолынан қаламы түспеген қаламгер ретінде танымал. Оны «Ордакент» кинотеатрында  «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған Баян Үсейінованың «Сара сөзден інжу терген» атты шығармашылық кеші айқын аңғартты. 

Көрермен залға лық толды, еркін әңгіме өрбіді. Бәлкім, кешті Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, айтыс ақыны Сыздықов Әбілхайыр жүргізуі де өз әсерін берген болар.

Алдымен Б.Үсейінованың «Қос мұңлық» мақаласы желісінде қойылған театрландырылған көрініс ұсынылды.

Ия, журналистика саласында өзіндік орнын қалыптастырған, маңызға ие мақалаларымен көпшілікке кеңінен танылған ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани жаңалықтарды оқырманына жеткізіп, қаламгерлік  қызметінде қалаулы орнын танытып келеді.

Кеш шымылдығын  аудандық мәслихат хатшасы Ерғали Илиясов, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов ашып, мерейтой иесіне облыстың Құрмет грамотасын табыстады. Мұнан кейін Әбсұлтан Байкенжеевтің орындауында «Ақ Баян»  атты әдемі де әсерлі әсем әні әрледі.

«Атадан – өсиет, анадан – қасиет» демекші, Баян Әләудинқызының бойына біткен сөз өнері ауданға белгілі ұлағатты ұстаз, өнегелі отбасының тірегі, белгілі ақын, анасы Қадиша Баязитова анамыздың ақ сүтімен берілсе керек. Қадиша анамыздың қызына арнаған өлеңі де оқылды.

 «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясы ұжымы дайындаған Баян Әләудинқызы жайлы түсірілген бейнебаян көрермен назарына ұсынылды.

 «Жаңақорған тынысы» газетінде 1990 жылдан жылдан бастап еселі еңбек етіп, тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары секілді қызметтік баспалдағы бар кеш иесі туралы «Жаңақорған тынысы» газетінің бұрыңғы бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айдархан Бибасарұлы мен аудан әкімінің әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева ыстық ықыласын білдірді. Жас журналист Айсұлу Алданазар Баянның шығармашылығынан өлең оқыды, әнші Ақмарал Зайдашева «Жаңбыр» әнін орындады.

Елу деген белеске шыққан белгілі журналист  Баян Үсейінова шығармашылық кеш мәресін өзі жасады. – Газет – қоғамдық пікір тудыратын, жаңалық жаршысы ғана емес, бұл журналистің де еңбегін көрсететін әрі танытатын ықпалы зор. Отыз жылға таяу журналистік еңбегімді ел бағалап, осында игі іс өткізу бұйырды. Көркемдік дейгейі, тағылымы тартымды шынайы шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз. Бұл өткен ой жіберіп, есеп бергенім, базарлығым болды, – деді ол.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<