Бірлескен жобалардың тиімділігі талқыланды

819

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманиспен кездесті. Кездесуде ЕҚДБ-мен жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерін модернизациялау жөніндегі бірлескен жобалар туралы мәселелер талқыланды.

Қаланы жылумен жаб­дық­тау жүйесін қайта жаң­­ғырту жобасын іске асыру нәтижесінде екі газ-турбиналық қондырғыны жөн­­деуге, жылумен жабдық­тау жүйесінің гидравликалық моделін жасауға және 6,3 шақырым жылу құбырын  жаңғыртуға  мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта валюта бағамының құбылмалылығын ескере отырып, несие төлеуді жеңілдету мақсатында облыс әкімі ЕҚДБ-мен несиені теңгеге ауыстыру туралы қосымша келісімге қол қойды. Несиелік шарт АҚШ долларымен жасалған болатын, мерзімі 2018 жылдан 2027 жылға дейін.

Сумен жабдықтау жүйе­лерін қайта құру жобасы аясында жабдықтау жүйесінің гидравликалық моделі әзір­ленді, арнайы техника мен зертханалық жабдықтар сатып алынды. Пандемияға байланысты қалыптасқан эко­номикалық жағдайды ес­керіп, облыс әкімдігі ЕҚДБ-мен бірлесе отырып, негізгі қарыздың маусымдағы төлемін келесі жылға ауыстыру туралы қосымша келісімге келді.

Келісімшартқа сәйкес екі компоненттен құралған «Электрмен жабдықтау жүйе­сін жаңғырту» жобасы бо­йынша «Қосалқы станцияларда электресептегіштерін орнату және АСКУЭ-ға қосылу» компоненті өткен жылдың соңында аяқталды. Шиелі кенті мен Қызылорда қаласындағы желілерді жаң­ғырту жұмыстары 85% аяқталды.

Сонымен қатар, кездесуде қосымша екі жобаны 2021 жылы іске асыру мәселелері талқыланды. Олар – «Қызылорда-Пав­ло­­дар-Успенка-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жо­лының «Қы­зылорда-Жезқазған» учаскесін (424 шақырым) қайта жаңарту» және «Қызылорда қаласында ауысымына 100 адам қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы (онколо­гиялық бөлімшесімен қам­тылған)». Бұл екі жоба республикалық бюджеттен ЕҚДБ-мен бірлесе отырып қаржыландырылатын болады.

Бүгінгі күні ұзындығы 424 шақырым «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолы қанағаттанғысыз жағдайда және қайта жаңартуды қажет етеді.

Бұл учаскені қайта жаңарту облыстан елдің орталық өңірлеріне, сондай-ақ РФ-тың өнеркәсіптік өңірлеріне тікелей шығуды қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өту қажет.

Көпбейінді аурухана тұрғындарға (ересектер мен балаларға) білікті және мамандандырылған ме­ди­цина­лық көмек көрсетуге, кеңес беруге, ауруларды диагностикалауға, келген науқастарды тексеруге және емдеуге, дәрігер-мамандардың консультацияларына және халықты сауықтыру бойынша алдын алу іс-шараларына арналған.

Аурухананың ашылуы озық технологияларды енгізе отырып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аймақ тұрғындары облыс­тан шықпай-ақ сапалы медициналық қызмет алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<