ДЕРТКЕ ДӘРУДІ ЕҢБЕКТЕН ТАПТЫ

406

0

Әрбір жетістіктің артында адамның ерік-жігері мен білімі тұрады. Оған тіпті дене-бітіміндегі кемшілік те, денсаулығындағы кінәрат та кедергі келтіре алмаса керек. Арал ауданының Шижаға ауылында тұратын Шолжанбай Райымбаев – осы сөзіміздің жарқын үлгісі. 

Жас күнінде қолқасына салқын тиіп ауырған азамат кейін мүгедектікке шығуға мәжбүр болды. Ауа райы қолайсыз уақытта, әсіресе, желді күні далаға шығу мұңға айналды. Бірақ ол ауруының емін еңбектен тапты. 2000 жылдан бері Шолжанбай ауыл адамдары үшін дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып келеді. Төрт жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын жолға қойды. 2 бас сиыр сатып алып бастаған тірлікті ақырындап айналдыра берді. Ақыр соңында, міне, онысы шағын шаруашылыққа айналды. Қазір 60-қа жуық ірі қарасы бар.

– Сиыр сүтінен құрт, айран, қаймақ, брынза, ірімшік жасап, келісілген сауда орындарына, мектептер мен балабақшаларға сатамыз. Мұндай жұмыс жаздың күні, малдың аузы көкке ілінген кезде қыза түседі. Сол кезде өнім айтарлықтай мол болады, – дейді кәсіпкер.

Шолжанбай Райымбаев шаруашылықта әзірге сүт өнімін өндіруге басымдық беріл­генін, алдағы уақытта ет бағытында да бақ сынап көру жоспарда барын жеткізді. Бұл орайда оған жұбайы үнемі қолғабыс етіп жүреді. Кез келген мәселені екеуі бірге кеңесіп шешеді. Олардың басты бақыты – ұл-қыздары. Балаларының алды жоғары оқу орындарында оқыса, кейінгілері – мектепте.

Сырқатын сылтауратпай кәсіппен шұғыл­данып, өзгелерге үлгі бола білген азаматты ауылдастары мақтан тұтады. Жастармен кез­десуге шақырып, табанды тірлігі туралы айтуын сұрайтындар да аз емес. Одан бөлек, ауыл әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес құрамында. Шамасы келгенше қайырымдылық шараларына атсалысып тұрады. Кешегі Білім күнінде «Мен мектепке барамын» акциясы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың оқуға дайындығына жәрдемдесуі – көп көмегінің бірі ғана.

Кәсіпкер жуырда облыс орталығында «Өзіңе сене баста» атты облыстық көрме-байқауға қатысты. Тағдырдың сынағына сынбаған 50 азамат онда ағаш, тоқыма, сурет, тағам, басқа да өнім түрлерін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге Аралдан әдейілеп алып келген ағарған өнімін қойды. Көрме-байқау ол секілді азаматтар үшін мемлекет тарапынан қолдаудың толастамайтынын тағы да анық байқатты. Елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отырған тұста Шолжанбай Райымбаев өз кәсібінің әлі де қанат жая түсетініне сенімді.

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<