ГАЗДАНДЫРУ: қарқынды еңбек халықтың игілігі

59

0

Сыр өңірінде облыс, аудан орталықтары ғана емес, аймақтағы ауыл тұрғындары да көгілдір отын игілігін көре бастады. Ұзаған жылдың қараша айында Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев және Бидайкөл елді мекендері табиғи газға қол жеткізіп, ауылдағы ағайын мәре-сәре болып қуанып қалды. Иә, аймақты газдандыру жұмыстары қалың елдің көз алдында. Нақты кезеңде облыс халқының 64 проценті, ал Қызылорда қаласы тұрғындарының 95 проценті табиғи газ тұтынып отыр. Бұл мүмкіндікке Елбасының тікелей бастамасымен қол жеткізілді.
Қызылорда облысы еліміздегі инфрақұрылымы дамыған аймақ­тардың қатарына жатады. Бір ғажабы, мұндағы барлық 7 аудан орталығы  Сырдария өзенін жағалай қоныстанған болса, экономиканың күре тамыры – теміржол мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі де, сонымен қатар, батыстан бастау алатын аталған магистральді газ құбырының 846 шақырымы облыстағы барлық аудан орталықтарының үстінен өтеді.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылған ірі стратегиялық маңызы бар жобаның бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры жобасы. Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағынан өтеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, айтулы жоба игілігін аймақ халқының басым бөлігі көріп отыр. Бастысы, облыстың аудан орталықтары мен елді мекендерін осы магистральді газ құбырына қосу бағытындағы жұмыстар толассыз жалғасын табуда. Сәл шегініс жасайық.
Осыдан 15 жыл бұрын «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы басталды. Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды шаралардың ішінде бұл жобаның алар орны ерекше. Жоба 2004 жылы қолға алынды. Нәтижесінде облыс орталығына 124 шақырымдық «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральді газ құбыры тартылып, газтурбиналық станса пайдалануға берілді. Сол тұста ілеспе газдың құны елдегі ең төменгі бағаны құрауы да тұрғындардың әлеуметтік деңгейінің жақсаруына, яғни отын сатып алуға кететін шығындардың азаюына әкелді. Бұл тарихи сәттің қызылордалықтар есінде ұзақ сақталары анық.
Қызылорда облысын кешенді газдандыру жобасының І кезеңі осыдан 5 жыл бұрын басталды. 2015 жылы аймақтағы 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері, сондай-ақ, Байқоңыр қаласы газдандырылды. Қазіргі таңда осындағы тұрғындардың 80 проценті көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал қалған 3 аудан орталығына газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда облыстағы 3 аудан орталығын (Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек) газдандыру бойынша бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жосалы кентіне арналған АГТС (автоматтандырылған газ тарату стансасы) құрылысына өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 991,4 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған нысанның құрылысы өткен жылдың мәресінде аяқталды. Ал Тереңөзек кентіне арналған АГТС орнату жобасына былтыр 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 43,4  шақырымдық газ құбыры жүргізілді. Бұған қоса, АГТС бой көтерді. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары алдағы ақпан айында аяқталады. Келесі кезекте кентішілік газ желілерінің құрылысы басталады.
Сонымен бірге, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланы газдандыру құрылысын аяқтау үшін облыс қазынасынан 650 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынмен жүргізілді. Аталған нысан таяу күндері қолданысқа беріледі.  
Көптің көкейінде «Енді қай ауылдарға газ барады?» деген сауал жүр. Басқарма мамандарының айтуынша, өткен жылы «Қызылорда қаласындағы шыны зауытынан АГТС-1, БГРП-1 және БГРП-2, ГРП-Наурыз, Махамбетке дейінгі жоғары қысымды 1,2 МПа газ құбырының құрылысы және Махамбет, Нау­рыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру» жобалары бойынша қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда жоба-сметалық құжаттама дайын. Ол мемлекеттік сараптаманың қарауында.
Сонымен қатар, облыс орта­лығымен іргелес жатқан Досан және Абай елді мекендерін газдандыру жұмыстары 2019-2020 жылдары мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жүзеге асырылмақ. Осылайша, 2020 жылға қарай аймақ халқының 90 проценттен астамы көгілдір отынның игілігін көретін болады. Айта кетейік, облыстағы барлық елді мекендердің 85 проценті Сыр еліне үлкен мүмкіндік берген «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының бойында орналасқандықтан мәселе оң шешімін табады деп сеніммен айта аламыз. Ал, тым шалғайдағы ауылдарға сығымдалған газ тасымалданатын болады.
Газдандырылудың аяқталуы облыс орталығының өндірістік деңгейінің дамуына, сонымен қатар, аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақ­саруына, отын сатып алуға кететін шығын­дардың азаюына, сапалы газбен қамтамасыз етілуіне әке­леді. Атап айтарлығы, өткен жылдың 11 желтоқсан күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде Қызыл­орда облысынан 2 ірі индустриялық жоба іске қосылды. Соның бірі – «Қараөзек» газ компрессорлық станциясынан басталатын «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы. Аталған газ құбыры Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалалары арқылы елордамыз Аста­наға жеткізіледі.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз