Халықаралық Аралды құтқару қоры Алматыдан Қызылордаға көшуі мүмкін

315

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекниязбен кездесті.

Кездесуде Аралды құтқару Қорының Арал өңірінің әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жобалары мен бағдарламалары сөз болды.«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші фазасын бастауға Халықаралық Аралды құтқару қорының рөлі ерекше болды. Қазіргі таңда, «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайту компоненті өңір тұрғындары үшін өте маңызды.


Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалары бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан, жобаның техника экономикалық негіздемесін әзірлеу барысында жан-жақты қарауға, экологиялық және экономикалық жағынын тиімді жобаның іске асырылуына атсалысуды сұраймыз, – деді облыс әкімі.


Сонымен қатар кездесуде Болат Бекнияз Аралды құтқару Қоры тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстан Республикасындағы Атқару Дирекциясы туралы Ережеге сәйкес оның қызметінің негізгі мақсаты Арал теңізі алабының қазақстандық бөлігіндегі су шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайларды жақсарту бойынша өзекті мәселелерді шешуге және практикалық іс-шараларды үйлестіруге қолдау көрсету болып табылады.


Бүгінгі күнге дейін Қор тарапынан Арал теңізін құтқару және сақтау бойынша халықаралық және жергілікті деңгейде көп деген кездесулер ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің өзекті мәселелерін шешу жөнінде Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының, Дүниежүзілік банк, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерімен, Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен және Алматы қаласындағы Бас елшілігімен кездесу, Су шаруашылығы бойынша кәсіптік стандарттардың негізінде Білім беру бағдрламалары мен оқыту жоспарларын әзірлеу бойынша Тараз қаласында «Су шаруашылығы» дайындық бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің жиналысы және т.б ұйымдастырылды.


«Барсакелмес» Мемлекеттік табиғи қорығымен, Ботаника және фитоинтродукция Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен, Балық шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен, Ы.Жахаев атындағы күріш шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен, су шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институтымен, және т.б. бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте ХАҚҚ ҚР Атқару Дирекциясының қызметкерлері қызмет күндерінің көп бөлігін Арал теңізі бассейнінде далалық жұмыстар мен іс сапарларда өткізеді.


Қазіргі уақытта Қордың облыстағы филиалы Қамбаш көлінің жағалауында орналасқан «АРАЛ» ғылыми-туристік , Көкарал түбегінің оңтүстік бөлігіндегі, биосфераны қорғау орталықтарында аңшылық шаруашылығы бойынша жұмыс атқаруда.


Сондай-ақ, Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР Атқарушы дирекциясының директоры Арал теңізін қалпына келтірудің басты факторы судың болуы екенін атап өтті.

– Арал теңізі бассейнінің негізгі өзендері – Әмудария және Сырдария бойынша экологиялық су жіберулерге қалдық қағидатты пайдалана отырып, Арал теңізін бұрынғы шекараларға қайтару мүмкін емес. Теңізді толтыру үшін оған жылына кемінде 60 млрд. текше метр су келуін қамтамасыз ету қажет, сондықтан суармалы жерлерде су тұтынуды азайту, кейбір су қоймаларын босату қажет болуы мүмкін. Қазақстанда 2005 жылғы тамыздан бастап көлемі 27 млрд. текше метр Солтүстік Арал теңізі сақталды, осы кезеңде Үлкен Арал теңізіне шамамен 40 млрд. текше метр су құйылды. Көл жүйесіне жыл сайын шамамен 1500 млн. текше метр жіберіледі, – деді Болат Бекнияз.


Мұнымен қоса жиында Арал өңірінде шешімін табуды қажет ететін көптеген экологиялық проблемаларға байланысты Халықаралық Аралды құтқару Қорын Алматы қаласынан Қызылорда қаласына көшіру мәселесі қозғалды.
Жиын соңында Болат Бекнияз аймақ басшысына ұйымдастырылған кездесу үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз