КҮРІШ ӨНДІРІСІ: ҒЫЛЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕ ҮЙЛЕСТІГІ ӨТЕ МАҢЫЗДЫЫ

1290

0

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан ашылған «Қызылорда» білім тарату орталығында оқу-әдістемелік семинар өтті. Семинарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­­шысының орынбасары Сей­ілбек Нұрымбетов, «UKAZ Group» ЖШС бас директоры Андрей Черноморов және инс­ти­туттың бас директоры Ба­қыт­жан Дүйсембеков сөз сөй­леді.

Облыста негізінен «Лидер», «Янтарь» және «Маржан» сорт­­тары өсірілуде. Өткен жы­лы ауа райының қолайсыз­ды­ғы­нан «Лидер» сортын еккен сол­түстік аудандардағы бір­қа­тар шаруашылықтар дұрыс өнім ала алмай қалған. Қазіргі институт «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» сорттарын сынақтан өткізу бағытында  жұмыстар жүргізуде. Бұл жаңа сорттарға үлкен үміт артылып отырған жайы бар. Болашақта олардың тұқымын көбейту міндеті тұр.

«Жаңартылған сорт бұрын­ғы егіліп келген сортпен салыстырғанда жоғары өнім­ділігімен, ауруға төзімділігімен, сапасымен және ең бастысы жергілікті жерге бейімделуімен ерекшеленбейтін болса, онда оны ауыстырудың ешқандай қажеттілігі жоқ». Бұл пікірді институттың бөлім меңгерушісі Құрманбек Бәкірұлы келтірді.

Күріштің ауыспалы егісі­нің жаңа үлгілері және топы­рақты өңдеудің ресурс үнем­де­гіш технологиялары жайлы  өз кезегінде күріш институ­ты­ның өкілі Имамадин Шерма­ғам­бетов  айтып берді. Ол бұрын­ғы қалыптасқан сегіз танапты егістік бүгінде біраз өзгеріске түскенін жеткізді. Диқан қауы­мы ауыспалы егістікті сақтай бермейді. Жоңышқаны үш жыл, түйежоңышқаны екі жыл еккен­нен кейін сол алқаптарға күріш еккен абзал. Егер де жо­ңышқадан кейін жерді қай­та жырту керек болса, түйе­жоңышқадан соң жерді жыр­тудың қажеттілігі жоқ. Ол өзі бірден органикалық қорекке айналып кетеді. Оның орнына егілген күріштен әдетте мол өнім алынып жүр. Сондай-ақ арпа, күздік бидай сияқты дәнді дақылдар немесе мақсары се­кілді майлы дақылдарды да ау­ыс­тырып егудің мерзімін сақ­тай білген жөн.

Семинар барысында мине­ралды тыңайтқыштарды бе­ру әдістері мен егілетін тұ­қым са­пасын арттыру жайында инс­титуттың басшысы Бақытжан Дүй­сембеков пен ғылыми қыз­мет­кері Хасис Жамантықов айтып өтті. Олар ең бірінші ке­зекте ғылыми тәжі­рибелерге сүйене отырып жұ­мыс жүргізу қажеттігін алға тартты. Ауыс­палы егістікте егілетін әрбір дақылға минералды тыңайтқыш берудің өзіндік тәртібін сақтай білу қажет. Институт мамандары Қазақстанда шығарылатын барлық тыңайтқыштарға зерт­теу жүргізген. Соңғы кез­дері калий тыңайтқышы егістік­тер­де қолданылмай жүр. Кері­сін­ше азот-фосфор көбірек бе­ріліп жүр. Ал сульфат-амоний қолданылған жерлерде ауру түрі көбейгендіктен, оны пай­далану шектелген. Оның ор­нына амофос беріле бас­тады. Құрамында фосфор бол­ғандықтан оның пайдасы көп. Бірақ ғалымдар фермерлерді  тым препаратшыл болмауға ша­қыр­ды. Оның орнына орга­ни­калық тыңайтқыштарды кө­бі­рек беруге тырысу керек.

Ал тұқымды сауықтыру мә­селесі аса маңызға ие, сон­дықтан міндетті түрде фитосараптамадан өтуі тиіс.  Өйткені, тұқымның сыртында да, ішінде де зиянды аурулар бар. Соларды анықтағаннан кейін про­филактикалық шараларды өт­кізіп, дәрілеп сауықтыру қа­жет болады. Сауықтырылған тұ­қымнан алынатын өнім көлемі 40%-ға дейін артады. Тұқымды дәрілеудің де өз талаптары бар. Тұқымда бірнеше ауру түрі табылса, оны бір ғана препаратпен сауықтыру мүмкін емес. Саңырауқұлақ ауруына бір бө­лек, бактериялық ауруларға бір бөлек дәрі беріледі. Дәрілеп бол­ғаннан кейін витаминмен және пай­далы микроэлементтермен сау­ықтыру да ұмыт қалмауы тиіс.

Семинарда «Сингента Қа­зақстан», «UKAZ Group» ме­ке­мелерінен Е.Жасақбаев, А.Тө­леуов және А.Кенжебеков се­кілді ғалымдар мен білікті ма­мандар өңірімізде көктемгі егіс жұмыстарының өзекті мә­селелері, тұқыммен қамтамасыз ету және оның өнімділігін кө­терудің инновациялық жолда­ры, тыңайтқыш, өсімдік аурулары мен зиянкестеріне қар­сы қолдануға ұсынылатын жа­ңа препараттар туралы ке­ңі­нен мағлұмат берді. Мысалы «Смерч», «Оливер», жә­не «Солито» гербицидтері Ши­елі ауданында сынақтан өт­кен. Ал ресейлік «АгроХим­Пром» компаниясының Қа­зақ­стан­дағы өкілі Аят Раджа­пов ком­паниясының күріш тұқы­мын сауықтыруға арналып шыға­рылған жаңа өнімі «Зеребра аг­ро» препаратын таныстырды.

Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электр­лендіру ғылыми-зерттеу инс­титутының өкілі Шәбден Бек­мұхамедов фермерлік қо­жа­лықтарға арналған машина­лар мен жабдықтардың же­тіл­дірілген, Қазақстанның оң­түс­тік аймақтарына бейім­дел­ген түрлері туралы ақпа­рат­пен бөлісті. Олардың қата­рында соқа, жер тегістегіш, ку­ль­тиватор, сеялка, косилка се­кілді техника мен жабдықтар түрі бар. Бұл техникаларды сатып алушылар үшін 25% субсидия қаралған.  

Фермерлер үшін ғылыми-зерттеу орталықтарының жа­ңалықтарынан хабардар болып отыруы  өте маңызды. Ға­­лымдармен жиі кездесіп тұ­ру еңбекке өнбек әкелмек. Ел­­басы Жолдауында ауыл кә­сіп­керлеріне шаруашылық жүр­­гізудің жаңа дағдыларын үй­рету үшін жаппай оқыту жүйе­сін қалыптастырған жөн деп тапсырма қойғаны бел­гілі. Осыған байланысты «Қы­зыл­орда» білім тарату орта­лығы базасында өңірдің ау­ыл шаруашылығы саласы маман­дарының кәсіби білікті­ліктерін көтеруге арналған оқу семинарларын өткізіп тұруды жос­парлап отыр. Оның жоспарын  осы орталықтың жетекшісі Жан­­ұзақ Байманов таныстырды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<