Саяси кеңес бюросы отырыстары өтті

226

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Бүгін партияның облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырыстары өтті. Алғашқы жиында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне енгізілгендер арасында бос депутаттық мандатты бөлу мәселесі қаралды.

Бюро отырысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова Қызылорда облыстық мәслихатының бос депутаттық мандатына партиялық тізімінен ұсынылған кандидатты таныстырды.

Ол өз сөзінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIIІ сессиясы шешіміне сәйкес Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануына байланысты депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғандығын атап өтіп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының және «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының талаптарына сәйкес, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттығына партиялық тізім бойынша депутаттық бос орынға партияның Орталық органдары келісіміне сәйкес Тлеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлының кандидатурасы ұсынылып отырғандығын жеткізді.

Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі салалар мен басқармаларда басшылық қызмет етіп, қала әкімі орынбасары мен аудан әкімі қызметтерін абыройлы атқарған облысқа танымал азаматтың кандидатурасын Бюро мүшелері бір ауыздан қолдады. Бюро отырысының шешімі партияның аймақтық филиалы атынан облыстық сайлау комиссиясына арнайы хатпен ұсынылды.

Келесі алқалы жиынның күн тәртібінде облыстық мәслихаттың депутаттығына партиялық тізімнен ұсынылған Тлеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлын облыстық сайлау комиссиясының облыстық мәслихат депутаты ретінде тіркеуі туралы қаулысы шығуына орай партия Жарғысына сәйкес «AMANAT» партиясының атынан облыстық мәслихат Төрағасы лауазымының бос орнына кандидатты келісу мәселесі қаралды.

Бұл лауазымға партияның Орталық органдары келісіміне сәйкес Тлеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлының кандидатурасы ұсынылып, Бюро мүшелерінің қолдауымен «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының қарауына ұсыну туралы қаулы қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<