Әлеуетті арттырудың айқын бағдары

95

0

 Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты  халыққа үндеуінен туындайтын міндеттерді саралаған облыстық ­актив жиыны өтті.  

Елбасы Парламент палата­ла­­ры­ның бірлескен отырысында бес бастамадан тұратын үндеуін жария­лаған болатын. Аймақ бас­шысы оның дамудың ұзақмерзімді ұлттық бағдарламасы – 2017 жылғы конституциялық реформаның, «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, эконо­миканы цифрландыру жөніндегі бағдарламаның қисынды жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы үндеуде көтерілген мәсе­лелерге кеңінен тоқталып, олардың өңірімізде орындалу барысын жет­кізді.

Қазақстан Президенті көтерген негізгі бастаманың бірі «7-20-25» бағдарламасы. Онда баспана алудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ, несие өсімінің мөлшер­лемесін жылына 7 проценттен асыр­мау, бастапқы жарнаны 20 процентке азайту, несие мерзімін 25 жылға дейін ұлғайту көзделген.

Облыс әкімі осы мақсатта 3 жылға арналған «Орда» тұрғын үй құрылысы жол картасы әзірленгенін айтты.

– Несиелік тұрғын үйдің көпба­лалы отбасылар, мүгедектер мен тұрғындардың аз қамтылған топ­тарының барлығына бірдей  қол­жетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салы­нып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Оларды тұрғындарға кейін өтеу құқығымен алғашқы төлемсіз ай сайынғы жалға алу құны шартымен беретін боламыз. Осылайша, «Орда» тұрғын үй бағдарламасы Президент бастамасының қисынды жалғасы болмақ, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі бастапқы жарна ретінде есепшотында 20% қаржысы жинақталған несие алушылардың санын анықтау үшін салымшыларға талдау жасауды тапсырды.

Елбасы жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтуды ұсынды. Бұл ай сайын есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы, яғни, 60 мың теңге алатындарға салынатын жеке табыс салығы бойынша жасалатын болады. Осылайша, салықты азайтудан босатылған қаржы олардың жалақысын көбейтуге бағытталады. Бұл жұмысшыға да, жұмыс берушіге де жағымды жаңалық болатынын негізге алған облыс әкімі салықтық және бюджеттік заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу және әкімшіліктендіру тетігі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған үшінші бастама аясында аймақ басшысы Қызылордадағы мектеп бітірушілердің Ресей Үкіметінің гранты есебінен білім алып жатқанын атап өтті.

«Жуырда Ресей Федерациясының федералдық бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің К.А.Тимирязов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына бакалавр бағдарламасымен «Білім саласындағы ақпараттық жүйелер» мамандығына сегіз талапкерді және магистратура бағдарламасы бойынша «Инженерлік білім беру жүйесін ақпараттандыру» мамандығына  жиырма талапкерді жаңадан оқуға қабылдау жөнінде келісімге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Біздің жастарымыз талантты және біз оларды жаңа қоғамның қажетті  мамандықтарына бағыттауымыз қажет», – деді облыс әкімі.

Білім саласын дамыту бойынша өңірімізде мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде өткен жылы мектеп бітірген түлектердің 97 проценті арнаулы орта және жоғары оқу орындарына түсті. Ресейдің жетекші техникалық оқу орындарында Сыр елінің 452 перзенті сол елдің гранты негізінде білім алуда. Бұдан бөлек, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, ауылдық жерлердің  балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін облыс әкімінің  гранты тағайындалған болатын. Бүгінде 700-ге жуық жас аталған грант иегері болып отыр. Облыс басшысы бұл саладағы жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Биылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жыл сайын «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша 20 грант бөлетін болады. Сонымен қатар, Татарстан Президентімен жыл сайын 20 адамды (өңір есебінен) ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім бар. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесіз болмасы анық. Бұл ретте облыс басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің басшылығына техникалық, инженерлік, ауыл шаруашылығы және нанотехнология салаларын дамыту үшін осы салалардағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік білім тапсырысын 2018-2019 оқу жылында тиімді бөлуді жүзеге асыруды, облыс аумағында және көршілес облыстарда кешенді кәсіби-бағдар беру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Президент көтеріп отырған  төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту. Биыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланып отыр. Облыс басшысы 90 мыңнан астам өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды жұмысқа орналастыру міндеті тұрғанын айтып, бұл мақсатта облысқа қосымша ресурстарды тарту қажеттігін және  «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған осы жыл бұл мәселелерді түбегейлі шешу керектігін мәлім етті.

– Ағымдағы жылы жалпы бюджеті 32 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлікті дамытудың «Жол картасын» бекіттік. Ауыл тұрғындарын шағын несиелендіруде оң тәжірибесі бар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына үлкен сенім артып отырмыз, – деген облыс әкімі үндеудегі бесінші бастамаға тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру мәселесін шешу үшін «Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Өткен жылы облысымызда  Астана қаласы мен солтүстік өңірлерді газдандыру үшін жоспарланған жоғары технологиялы газ компрессорлық Қараөзек станциясы іске қосылды. Аймақ басшысы облысnа бұл жобаны жүзеге асырудың ерекше маңыздылығын айтып өтті.

«Бүгінгі күні Елордамыз Астананы газдандыру біздің Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш.  Біз бұл мәселені бірнеше жыл зерттедік. Нақты айтар болсақ, бұл  – сметалық құны 370 млрд теңге болатын инвестиция, бюджетке түсетін түсімдермен, ең бастысы, жаңа жұмыс орындары. Жоба бойынша кемінде 200 қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады», – деді облыс әкімі.

Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы Елбасы бастамаларын орындау мақсатында орынбасарларына және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».