Ұлт құндылығын ұлықтаған тұлға

333

0

 Биыл ұлттың әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі ­Мырзабек Дүйсеновтің туғанына 90 жыл.  Осыған орай  Сыр елінде «Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Жиында республикаға белгілі ғалымдар мен ақын, жазушылар Мырзабек Дүйсеновтің шығармашылығын, ғылыми-танымдық туындыларын талдап, естеліктермен бөлісті. 

Сыр елі – сонау Қорқыт бабадан бас­талатын өлең-жыр, өнегенің алтын тін арқау жібін үзбей бүгінге жеткізген аймақ. Қызылордадай қазақтың нағыз рухани орталығында өскен Мырзабек Дүйсенов қазақ әдебиетінің тарихын түгендеген тұлға. Ол 200-ден астам ғылыми мақала мен бірқатар әңгімелер жинағының авторы. Жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов конференция Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында атқарылған нәтижелі қадам екенін айтты.

– Бір мемлекет екінші елге тек үш дүниемен ғана мақтана алады екен. Ол – төл әдебиеті, өнер-ғы­лы­мы, тарихы. Әлемдегі барлық ғы­лым мен мәдениетті «өркениеттің алып көші» деп қарастырсақ, қазақ әде­биеті сол көшке көз қызықтырар сән-салтанатымен қосылатыны даусыз. Аралдан бастап Қарт Қаратауға дейінгі кең өлкеде қазақ руханиятына еңбек сіңірген тұлғалар аз емес. Заңғар тұлға Мырзабек Дүйсенов те сол қатарда. «Әдебиет – ардың ісі» дейтін болсақ, кешегі кеңестік дәуірде Алаш қайраткерлерін шығармасына арқау етіп, қазақтың классик ақыны Ілияс Жансүгіровтен бастап Әбділдә Тәжібаевқа дейінгі қаламгер еңбектерін тыңғылықты зерттеп, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты, – деді Руслан Рүстемұлы.

Қаламгер жазушылық пен ғалымдық еңбекті қатар атқарып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. «Ант», «Гүлжан сүйеді», «Біз күн перзенттеріміз» атты шығармалары кітапқұмар қауымның олжасына айналды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы қазіргі кезде де студенттердің бұл еңбектерді қызыға оқитынын жеткізді. Әсіресе, жазушы-ғалымның қолына қалам ұстағанан бастап үзбей жазған күнделіктерінің негізінде жарыққа шыққан «Күнделік» туындысын жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл еңбекте кеңес заманындағы қазақ интеллегенциясының ерекшелегі, бір-бірімен қарым-қатынасы көркем шежіредей қатталған. «Бұл күнделік жанрына сия бермейтін көркем дүние» дейді Бағдат Кәрібозұлы.
Конференцияда филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда «Ұлттық әдебиеттегі рухани жаңғыру» тақырыбында баяндама оқып, «жазушы еңбектері неліктен құнды» деген сауалға жауап берді.
– Рухани жаңғыру деген барымызды бағамдау, өткенімізді түгендеу. Ал бүгінгі шара соған дөп келіп отыр. Мырзабек Дүйсенов балалар әдебиетіне үлес қосты, ғылыми-танымдық дүниелер, зерттеулер жазды делік, бірақ басқалардан несімен ерекшеленеді? Кеңес үкіметі кезінде біздің бойымызға «қазақ оқымаған, надан, халқының 2 процентінің ғана көзі ашық болған» деген түсінік қалыптастырды. Қаламгер сол көзқарастың дұрыс еместігін шығармалары арқылы дәлелдеді.
Филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет жазушы қаламынан туған Мұхтар Әуезов бейнесіне тоқталды. «Әуезовтің шәкірттері әртүрлі болса, әрбір шәкірттің өз Әуезові бар» дейді ол. Айталық, Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовым» еңбегінде жазушыны қол жетпес, асқақ, ерекше бейнеде суреттесе, Мырзабек Дүйсенов қарапайым адамдармен бірдей өмір сүрген Әуезовті бейнелеген.
Конференция барысында жазушы-ғалымның идеясы бойынша жаңа жинақтар жарық көріп, шығармалары одан әрі тереңірек зерттелу керек екені айтылды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<