Мектеп асханалары талапқа сай ма?

111

0

Облыстағы жалпы білім беретін 294 мектептің барлығы  асхана, буфеттермен қамтылған. Дегенмен, ондағы тазалық пен ас мәзірі, тағамдар сапасы қай ата-ананы болса да алаңдататыны анық. Жуырда республика бойынша «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы басталған-ды. Осы орайда қызылордалық партия мүшелері бірқатар мектепке мониторинг жасады.

Қызылорда мектептеріндегі асханаларда жоспарлы мәзір талапқа сай бекітілмейді. Тағам құнарсыздығы мен та­мақ сақтау тәртібінің бұзы­луынан бөлек, қарапайым ыдыс-аяқтың өзі дұрыс жуыл­майды. Оқу­шыларды тамақ­­тан­дырудағы осын­дай олқы­лықтарды орта білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізген ведомствоаралық сарапшылар тобы анықтап отыр. Денсаулық сақтау саласы, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар комитетінің өкілдерінен құралған мониторингтік топ жоба аясында бірнеше рейд өткізді. Арнайы мониторингтік топ жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов санитарлық-эпидемиологиялық талаптардан өзге жылдық және апталық мәзірдің жасақталуы, сондай-ақ тыйым салынған азық-түліктің сатылуы қатаң бақылауға алынғанын айтты.

– Оқушыларға небәрі 220 тең­гелік тамақтың берілуі ақылға қонымсыз. Арзан астың құнары болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Осындай кем­шіліктерді анық­тап, партия өкілдеріне ұсыныс жасап жатырмыз, – деді Ж.Тұсмағамбетов.

Мониторингтік топ қаладағы №9, 136, 211, 12 мектептерге барып, онда­ғы асхана жұмыстарын көзбен көрді.

– Партиялық жоба аясында болашақ ұрпақтың саулығын нығайту көзделіп отыр. Айта кетейік, бүгінгі күні партия бас­тамасымен барлық мектеп­ке Қазақ тағамтану ака­демия­сының ұсыныстарына сәй­кес және санитарлық-эпи­де­миологиялық қадағалау ор­ган­дарымен келісілген жаңа ас мәзірлері жолданған бола­тын. Алайда, кейбір талаптар бірқатар мектептер әлі де қолға алынбаған. Осы мәселе бойынша нақты шара­лар ұйым­дастырылуын бақы­лаймыз, – деді партиялық бақылау комис­сиясының жетекшісі Аида Әбибуллаева.

Мәселен, Аида Әбибуллаева­ның айтуынша, стандарт бойынша бала­лардың жасына қарай кемінде күндік асқа 550 -700 теңге қаралу керек екен. Жеміс-жидек мүлдем берілмейтін бо­лып шықты. Тек сәрсенбі күн бір түйір алма беріледі екен. Кейбір мектептерде арнайы комиссиялардың жұ­мыс жоспары жоқ, күнде­лікті ас мәзірінің кестесі бекі­тілмеген, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай берілетін ас мәзірі қамтылмаған, ас сақтау қоймаларының жағдайы да көңіл көншітпейді.

Мониторинг жұмыстары аясында сараптама тобының мүшелері кемшіліктерге орай мектеп директорлары мен асхана меңгерушісіне тиісті ескертпелер жасады. Мектеп басшылары мен шағын кәсіп иелері аталған кемшіліктерді түзеуге уәде етті.

Шынар Бекбан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз