МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ МҮДДЕСІ ҚОРҒАЛАДЫ

134

0

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы Сырдария ауданы әкім­дігінің мемлекеттік қызмет және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ту­ралы заңнамалары бұзушылықтарының про­филактикасы бағытында атқарған жұмыстары жайлы аудан әкімі Ғ. Қазантаевтың хабарламасы тыңдалды.  
Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 7-бабына сәйкес аудан әкімі аппараты мен аудан әкімдігіне қарасты кент, ауылдық округ әкімінің аппараттары және аудандық атқарушы органдардың жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда ішкі талдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурстарының құқық бөлігінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, іс-шаралар жоспары, аудандық комиссия құрамы және ішкі талдау қорытындысы жөнінде ақпараттар орналастырылған. Хабарламашы ауданда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылық деректері жайын да айтып өтті. Атап айтқанда, өткен жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы 12 қылмыс тіркеліп, 4 лауазымды тұлғаға қатысты соттың айыптау үкімі шыққан. Осы орайда Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен аудан әкіміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия отырысында білім, денсаулық саласындағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды арнайы қарап, тиісті шешімдер қабылдау,  аудандық білім, денсаулық және басқа да мемлекеттік мекемелердің сыбайлас жемқорлық көрі­ністерінің себептеріне мониторинг жасап, ішкі талдау жүргізу ұсынылды.
Отырыста, сонымен қатар, облыстық құры­лыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларының профилактикасы бағытында атқарылған жұмыстар туралы басқарма басшысы М.Әлсеріковтің және мемлекеттік  қызметшінің қызметтік міндеттері мен лауазымдық нұсқаулықтарына, жұмыстан тыс уақытта қалу деректері бойынша жүргізілген талдау нәтижесі туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыс бойынша филиалы директоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ғ.Жақсылықовтың хабарламасы тыңдалды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның жолын кесу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарғанына қарамастан, құрылыс саласында аталған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың азаймай отырғандығы айтылды. Мәселен, өткен жылы осы сипаттағы 20 қылмыс тіркеліп, 4 лауазымды тұлғаға қатысты соттың айыптау үкімі шыққан. Одан бөлек, былтыр сыртқы талдау жүргізіліп, қызметкерлерге сыйақы тағайындау мақсатында тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу тәжірибесі қалыптасқаны анықталған. Атап айтқанда, басқарманың 7 қызметкерінің тәртіптік жазасы 1-2 ай ішінде мерзімінен бұрын алынып тасталған. Осыған байланысты аталған басқарма басшысы М.Әлсеріковке орын алған жағдайларды тиісті сала мамандарының қатысуымен ұжым арасында талқылап, қылмыстың алдын алу бағытында нақты іс-шаралар жоспарын бекіту ұсынылды.
Ал, Ғ.Жақсылықов мемлекеттік қызмет­шілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалу деңгейін зерттеуге көмектесетін әлеуметтік сауалнамалардың жүргізілгенін айтып, оның нәтижесімен таныстырды. Сондай-ақ, департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта қалып жұмыс жасайтын мекемелер бойынша арнайы рейд жүргізіп, бірқатар басқармаларда мемлекеттік қызметшілердің сағат кешкі 20.00-ден-22.00 аралығында жұмыс жасайтындары анықталған. Осы орайда Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов агенттік төрағасының тапсырмасына сәйкес 1 мамырдан кейін барлық мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу фактілерін жою мақсатында «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 32-бабының (жұмыс уақыты) сақталуын басшылыққа алу жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеп, алдағы уақытта бұл бағытта қатаң бақылау жасалатынын жеткізді.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».