МҮМКІНДІК КӨП ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕНГЕ

551

0

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі болса да қолөнермен айналысып, ағаштан түйін түйіп, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шеберлер аз емес. Солардың бірі  – жаңақорғандық Данияр Ахметов.  
Ол он жылдан бері қолөнер бұйымдарын жасап келеді. ­Данияр үйінің ауласын шеберханаға айналдырып, кәсібінен нәсібін көріп отыр.
– Қолымнан шыққан әрбір бұйым елдің игілігіне жарап жатса, мен үшін үлкен қуаныш. Тұты­нушылар оң бағасын бер­генде, жұмысыма деген жауап­кершілік артады. Сенімім нығая­ды. Шабытым шалқиды,–дейді ағаш шебері.
Данияр біршама уақыт бұрын «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу курсына қатысты. Жобасын ұсынып, қолдау тапты.  Сонымен бірге «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына құ­жат­тарын тапсырып, қаржыға қол жеткізді. Нәтижесінде ағаш жонатын аппараттар мен қажетті құрал-жабдығын түгендеді. Енді ісі жеңілдей түсіп, тапсырыс­ты ерте аяқтауға қол жеткізді. Шебердің туындылары елімізде үздік жоба деп те танылды. Елордада «Атамекен» ҰКП V съезі аясында «Бас­тау» жобасы түлектерінің форумы өтіп, жобаның бастауымен іске қосылған 30 үздік бизнес-жобасы марапатталды. Олардың қатарында біздің кейіпкер де бар.
Сондай-ақ, Данияр жақында Қызылордадағы Кәсіпкерлер үйін­­де «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіп­кер­лердің өнімдерінен облыстық көрме-байқауына қатысты. Онда облыс әкімі байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттады. Көрме-байқауға қатысушылар –  тағдыр тауқыметіне қарамастан, қоғамнан өз орнын тауып, кәсіп ашып, өзгелерге де қолдау көр­сеткендер. Олардың ісі көпке үлгі. Шебер осы шарада көптеген өзі сынды жандармен танысып, пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Сондықтан мұндай жиынның ­Данияр үшін маңызы зор.
–Қазір елімізде кәсіпкерлерге қолдау көп. Бастаған ісіңді кеңей­туге барлық жағдай жасалған.  Оқу курсына қатысып, жобамды қорғап шықтым. Нәтижесі жаман емес. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Тек жалқаулық пен енжарлықты жеңе білу керек.  Қызығушылық танытатын жастар да келіп жатады, –дейді Данияр.
Даниярдың бос уақыты жоқ. Тапсырысын уақытылы орын­дау, қабылдау сияқты күнделікті тіршілік астасып жатыр. Көбі­не балабақшалар мен жеке тұрғындардан тұрмысқа қажетті заттарға ұсыныс түседі екен. Ағаштан сандық, үстел, кітап сөре­лері сынды дүниелерді жасайды.
Ұлтымыздың сонау ықылым заманнан келе жатқан қолөнерін меңгеріп, ғасырлар көшіне жал­ғап келе жатқан Данияр секілді жандарды көргенде қуанасың. Он саусағынан өнері тамған шеберлер қашанда керек. Олардың қымбат қазынасы – өткеніміздің белгісі, келешегіміздің келбеті. Шебердің қолынан шыққан бұйым­дарын көріп, біз де риза болдық, тілектестік білдірдік.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<