Оқ тескен каска

291

0

Қармақшы аудандық өлкетану музейінде оқ тескен каска тұр. Сұрапыл жылдардан қалған бұл белгі сонау бір кездері Мәскеу асып келген. Отанын жау­дан қорғаған сарбазға тиесілі қалқанды бас киім кешегі қанды қырғындағы қаһармандар ерлігін паш етеді. 

Касканы Мәскеудегі «Куркино Ленкова» қорымындағы бауырластар зиратында жерленген қармақшылық жауынгер Мырзахмет Досқалбаев киген екен. Бір үйден үш азамат қан майданға аттанса, соның ішінде біреуі – Қожахмет Жалғасбаев ғана дін аман елге оралған. Екі інісі Мырзахмет пен Молдахметтен хабар болмаған соң, көз жұмар шағында балаларына іздеуді тапсырып кетіпті. Іздеу нәтижесінде Ресейден келген хатта: «1922 жылы туған Мырзахмет Досқалбаев Ресейдің Тверь облысы, Оленин ауданы, Куркино деревнясында 101 дивизияның құрамында болып, 1942 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болған» делінген. М.Досқалбаев Жуковтың «Марс» операциясы бойынша Ржев түбіндегі шайқаста снайпердің оғынан ажал құшыпты.

Аты аңызға айналған 101 дивизия құрамында жаумен айқасқан сарбаздың есімі аты белгілі төрт жауынгердің ішінде тұр. Қорымда барлығы 200-ден астам солдат жерленген. Әйтсе де, төртеуінен басқасының кім екені беймәлім?! Сарбаздың інілері сол сапарда қорымнан бір уыс топырақ алып, елге қайтты. Оқ тескен каска мен тұтынған бұйымдарын ұрпаққа мұра етіп, туған жердің тарихына бекітті.

Арада жылдар жылжып, айлар асып барады. Ал жәдігер кешегі қанқұйлы соғыс зардабының бір белгісіндей боп мұражай сөресінде сақтаулы тұр.

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<