Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет спорт майталмандарымен кездесті

725

0

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жетес Сүлейменов, КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері Марат Сатыбалдиев және ұлттық төреші Сергей Бредихинмен кездесті. Кездесуде Сыр еліндегі велоспорттың бүгіні мен келешегі сөз болды.


Меймандар ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт шебері Ж.Сүлейменовтың жүлдесіне арналған жасөспірім ұлдар және қыздар арасындағы тас жолдағы республикалық көпкүндік веложарысын өткізу мақсатында облысқа келген. Аталған бәсекеге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және бірқатар облыстан 13 команда, 150 спортшы қатысады.


Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сыр елінде республикалық веложарыс өткізуге бастамашыл болған азаматтарға алғыс айтып, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік екенін жеткізді

– Сіздердің еліміздегі велоспорттың дамуына сіңірген еңбектеріңіздің ерен екенін жақсы білеміз. Сыр өңірінің жас спортшылары жерлес ағалары Жетес Дәуренбекұлы мен Марат Қуанбайұлының жеңіс жолын жалғастыруға ұмтылатыны сөзсіз. Өйткені сіздер осы өңірде туып, Әлем, Азия чемпионаттарында топ жарып, мемлекетіміздің даңқын асырдыңыздар. Жас спортшыларды қолдау бағытындағы бүгінгі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Серік Ахмет.


Өз кезегінде Жетес Сүлейменов алдағы уақытта Қызылорда қаласында велоспорт орталығын ашып, жергілікті жастарды осы спорт түріне көптеп тартуды қолға алмақ екенін білдірді. Ал, Марат Сатыбалдиев облыс орталығында велотрек салынса деген ұсынысын айтты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет велотрек салуға қаланың Сырдария өзенінің сол жағалауынан жер бөлінгендігін, болашақта нысанды салу жоспарда бар екендігін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<