Португалия – футзалдан Еуропа чемпионы

598

0

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионы анықталды.

Құрлықтық додада биыл Португалия жеңіс тұғырынан көрінді. Аталған құрама финалда Ресеймен шеберлік байқасты.

Ойын барысында бірінші кезеңде ресейлік Антон Соколов 9, Андрей Афанасьев 12-минуттарда мергендігімен көзге түссе, оған португалдық Томаш Паку 18-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде Португалия сапынан Андре Коэлью 26, 31-минуттарда қос соқса, Пани Барела 39-минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Португалия Ресейден 4:2 есебімен басым түсіп, қатарынан екі мәрте Еуропа чемпионы атанды. Олар 2018 жылы алтыннан алқа таққан болатын.

Ал 3-орын үшін сайыста Испания Украинадан 4:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол созды.

Еске салсақ, биылғы құрлықтық додада Қазақстан құрамасы да бәсекеге түсті. В тобында бақ сынаған отандастарымыз алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды. Ал ширек финалда Украинаға 3:5 есебімен жол берді.

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания – 7, Италия – 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<