Қазалыда облыстық ашық турнир басталды

430

0

Кеше Қазалы ауданында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, спорт саласының құрметті қайраткері, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Қуанған Бәкеновтің жүлдесіне арналған грек-рим күресінен облыстық ашық турнир басталды.


Байрақты бәсекеге Қызылорда облысының аудандарымен қатар, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облысы және Шымкент, Қызылорда қалаларынан 250-ден астам жас балуандар келіп, бозкілемде бақ сынауда.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп, белгілі спорт саңлағының жүріп өткен жолына тоқталды.

– Бүгінгі жасөспірімдер арасындағы турнир ортамызда тұрған спорт шебері Қуанған Бәкеннің өнегелі өмір жолдарын ұлықтауға, бұқаралық спортты дамытуға мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қуанған ағамыздың қасиетті Қазалы ауданында грек-рим күресін дамытуда еңбегі ерекше. Соңғы жылдары спорт мектебін басқарып, бүгінде зейнеткерлік демалысқа шықты. Сол уақыттарда қазалылық балуандар облыстық, республикалық чемпионаттар мен біріншіліктерде жүлдегер атанды. Қазіргі кезде игі дәстүр заңды жалғасын табуда. Чемпиондар қатары да жыл сайын жаңа есімдермен толығып келеді, – деді Мұхтар Әуесұлы.


Мұнан соң қазақша күрес бойынша ҚР спорт шебері, дзюдо бойынша Халықаралық дәрежелі төреші, ҚР құрметті спорт қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Садық Мұстафаев құттықтау сөз сөйлеп, жас балуандарға сәттілік тіледі.
Бозкімдегі бәсекелердің жеңімпаздары бүгін анықталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<