Қызылорда облысынан табылған көне домбыра әлем назарын аударды

814

0

Бұдан жарты ғасыр бұрын Бидайық асар қалашығының орнын қазғанда шыққан «Қоссаз» домбырасы екі жыл бұрын Ресей музейінен табылған еді. Тапқан елге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев.

Біздің заманымыздағы төртінші ғасырға тиесілі «Баба домбыра» енді әлем ғалымдарының да назарын аудара бастаған. Қос мойынды немесе «Қоссаз» домбыра. Бұл әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі. Түпнұсқасы Ресейдің Шығыс мұражайының қорында сақтаулы тұр. Ал Қызылорда облыстық музейіне оның көшірмесі қойылды. Ғалымдардың айтуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары Хорезм экспедициясының олжасына айналған құнды жәдігер біздің заманымыздағы төртінші ғасырмен мерзімделеді.

Әйгерім Бекқұлиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

– Елімізге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев ол кісі Ресей Федерациясының шығыс музейінде болып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы домбыраны қолдан өзі қолдап жинаған болатын. Сөйтіп, үлкен жаңалық қылып шығарды. Бұл «Баба домбыра» деген атқа ие үлкен құнды дүние. Бұл дүние Сыр елінде табылғандықтан осы Сыр елінің музейінде Қызылорда облысының айнасы саналатын облыстық музейде тұру керек деп шештік.
Кезінде Монғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы 7-ғасырға жатқызылып, «Ата домбыра» аталып кетсе, Сыр еліндегі қос мойынды аспаптың тарихы одан 3 ғасырдай ерте екенін ескерген археологтар «Баба домбыра» деуге толық негіз бар, дейді. Және бұл туралы Әзілхан Тәжекеевтың ғылыми жариялымына норвегиялық ғалымдар да қызығушылық білдіріп, өз зертеулеріне қосқан.

Әзілхан Тәжекеев, Тарих ғылымдарының кандидаты, PH.D доктор:

– Бұл мақала жоғары рейтінгілі журналда жарияланды. Ізін ала Израильдің, Англияның газеттері бұл жайлы жан-жақты жазып жатыр. Ол мақалалардан байқайтынымыз Сантон Ху обасындағы лираның атасы табылды. Соның түпкі нұсқалары шығып жатыр. Қазақстан территориясынан 4 мың шақырым қашықтықта деген сияқты таңқалыспен қазір БАҚ жазып жатыр. Бұл бір жағынан біздің жерімізде табылған осы жәдігердің Еуропамен байланыс болғанын дәлелдей түсетін тағы бір деректердің бірі деп айтуға болады.

Көне «Қоссаз» домбыра Англиядағы Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лира аспабынан да бірнеше жүздеген жылға көне екені нақтыланған. Мұндай құнды жәдігерлеріміздің қатары алдағы уақытта тіпті көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін 700-ге жуық ағаш бұйымдардың бөлшектері бар екен.

Әзілхан Тәжекеев, Тарих ғылымдарының кандидаты, PH.D доктор:

– Енді алдағы уақытта біз жаңағы қалған 700 ағаш бұйымның фрагменті бар деп. Қазіргі домбыраның шанағына ұқсас фрагменттер болды. Енді осы зерттеулерді жалғастырып, біз әлде де басқа музыкалық аспаптарды құрастырып шығарамыз деген ойымыз бар.

Қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі Сыр еліндегі жыраулық дәстүрдің тарихы да өте терең болғанын айтулы «Баба домбыра» дәлелдей түседі. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеулер әлі де жалғаса бермек, дейді ғалымдар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<