ӨҢІР ДАМУЫНА ОҢ БАҒА БЕРДІ

390

0

Бейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дәуренбаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады.

Алғашқы нысан Көкшоқы ауылдық округіндегі жылыжай болды. Аумағы 35 сотық болатын жылыжай құрылысы осыдан он жыл бұрын қаланған. Мұнда жылына 20 тонна қияр, 10 тонна қызанақ алынады. Өткен жылдың қазан айында тамшылатып суару әдісі бойынша 18 сотық жерге сарымсақ егілген. Өнімді жинау  сәуір айының соңына жоспарланып отыр. Бүгінде жылыжайда 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым уақытында олардың қатары 8 адамға толысады. Бұл туралы халық қалаулыларына кәсіп иесі Ербол Жеңсікбаев баяндап берді.

Мұнан кейін депутаттар “Мөлдір и К” толық серіктестігінің құс фермасы жұмысымен танысты. Жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған ферма 2016 жылы іске қосылған. Жалпы құны 165 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіреді.

– Біз құс шаруашылығын қолға алу арқылы облыс көлемінде жұмыртқа бағасының   төмендеуіне өз үлесімізді қосудамыз. Алдағы уақытта ет бағытындағы құс өсіруді жолға қойып, жылына 65 тонна құс етін өндіру жоспарда бар, – деген серіктестік басшысы Насырбек Мырзабеков халық қалаулыларына шағын кәсібін одан әрі дөңгелентуге мемлекеттен субсидия берілсе деген тілегін жеткізді.

Өңіріміз үшін маңызы зор нысандардың жұмысымен танысқан депутаттар атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

– Осы аймаққа келгелі барлық саланың жұмысымен танысып келеміз. Қай жағынан алсақ та, Сыр өңірінің даму қарқыны басым. Бүгінгі  Шиелі ауданының тыныс-тіршілігі осының бір дәлелі. Кәсіпкерлердің ауылдың өркендеуіне үлес қосуы мені қуантты. Екі кәсіпкер де табиғи таза өнім ұсынып отыр. Бұдан өзгелер үлгі алуы керек, – дейді Дархан Мыңбай.

Жалпы жұмыс сапары барысында халық қалаулылары кәсіпкерлер тарапынан түскен сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<