ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСУДІҢ АЛҒЫШАРТЫ

356

0

Жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның жарқын болашағы – жастардың қолында. Сондықтан олардың толыққанды рухани адамгершілік және ұлттық мәдени дамуын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілігін дамыту маңызды міндеттер қатарында. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыруда Мемлекет басшысы түрлі жобалардың бастамашысы болып келеді. Бұл жастар мәселесінің үнемі назарда екенін білдіреді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген тапсырманы іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Жобаның гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында қолданылатын әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты қазақ тіліне аударуға арналғаны бізді қуантады. Бұл – ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан әрі дамыта отырып әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты. Оқулықтар студенттер үшін де, оқытушы мамандар үшін де таптырмас көмекшіге айналары сөзсіз.
Жобаны іске асыру арқылы қазақ тілін дамытып, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.
Аударылған 18 кітаптың қатарына Гарвард, Оксфорд, Кэмбридж университеттерінде қолданылып жүрген Дэвид Г.Майерстің, Жан М.Туенжтің психология саласындағы «Әлеуметтік психология», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітаптарының енуі педагог-психолог ретінде мені ерекше қуантты. Себебі кітап оқу арқылы адамның көзқарасы кеңейеді, өзін-өзі дамытады. Есте сақтау, ойлау қабілеті дамиды. Сауаттылығы артып, сөздік қоры молаяды.
Осындай оң бастамалардың нәтижесі мыңдаған жас қазақстандық үшін аса пайдалы. Еліміздің жастары өздерінің батыл ойлары мен армандарын белсенді түрде жүзеге асыруда. Бұл ретте жаңа 100 оқулықтың игілігін көретін мүмкіндік те туды.
Сымбат ӘБДІРАХМАНОВА, 
облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі, 
филология ғылымдарының магистрі, 
педагог-психолог.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<