Сағынтаев Дін істері министрлігінің ұжымына жаңа министрді таныстырды

276

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұжымына жаңа министр – Дархан Кәлетаевты таныстырды. Бұл туралы primeminister хабарлайды.
  «Бүгін Мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевты Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатып, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды», – деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев. Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Ермекбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. «Ведомствоның құрылғанынан бері бір жарым жыл ішінде оның басшылығымен министрлік жұмысы жүргізілді, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, кәсіби ұжым қалыптасты», – деді Бақытжан Сағынтаев және Нұрлан Ермекбаевқа алдағы кәсіби қызметінде табыс тіледі.
Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Дархан Кәлетаев ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды. Бақытжан Сағынтаев түрлі жылдарда еліміздің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өміріне белсенді қатысқан Дархан Кәлетаевтың кәсіби қасиеттерін атап өтті. Министрліктің жаңа басшылығы мен ұжымына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша міндеттер жүктелді.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<