ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛДЫҢ ШАРУАСЫН ТҮЛЕТКЕН ШОЙЫН ЖОЛ

952

0

Елбасы бастамасымен салынған «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы айдынды Арал өңірінің тіршілігіне жан бітірді. Жаңа бағыт бойынша бірнеше станса мен бекет бой көтерді. Жоба аясында аудандағы іргелі елді мекен – Сексеуіл тораптық стансаға айналып, мұнда жаңа ғимараттар салынды. Маң даланы түлеткен теміржол Қарақұм ауылына да көп өзгеріс әкелді. Бұрын малды ауыл саналатын Қарақұмнан жаңа мамандықты игерген жастар шыға бастады. Жаңарған ел тұрмысын көзбен көрмекке Аралға аттандық…

Сапар басы Сексеуіл

Аудан орталығына шығып, Сексеуілге жол тарттық. Соңғы жылдары көркейк түскен кенттің өкпе тұсынан «Базой-Бейнеу-Шымкент» мұнай құбыры өтсе, одан әрірек халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолы жатыр. Ел экономикасының күретамыры саналатын – теміржол мен жөндеу депосы да осы кенттің басты ажары. Олай дейтініміз, тұрғвндардың 70% осы салада жұмыс істейді. Түтін саны 2200-ден асып жығылатын тіректі елді мекенді аралап жүріп, көз жеткізгеніміз, Аралдың әлеуметтік-экономикалық дамуында мұндағы бюджеттік мекемелерден бөлек, теміржол мен жеке кәсіпкерлердің салмағы орасан екенін байқадық.

Мұнда «Мега» бар

         Расымен кей аудан орталығынан табыла бермейтін мұндай сауда орталығын Сексеуілден көрдік. Жергілікті кәсіпкер Мейрамбек Таласов орталықты осы жылы халық игілігіне пайдалануға берген. Нысанның ашылуына өз қаражатынан 150 миллион теңге қаржы жұмсаған. Ғимараттың екі жақ бетінде сауда дүкендері бар. Ал екінші қабатында түрлі тұрмыстық зат сататын 44 сауда нүктесі, бірінші қабатында балаларға арналған ойын-сауық алаңы орналасқан. Бүлдіршінін ерткен мұндағы ана-аналар арнайы мерекелерде, аптаның демалыс күндері осында табылып жатады. Кенттің кәсіпкерлік ісі жөніндегі маманы Гүлназ Жүсіпованың айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бизнес кеңесші» курсын 11 азамат оқып бітірсе, оның бесеуі өз жобасын қорғап шыққан. Бір азамат 1 миллион 500 мың теңге грант ұтып алған. Биыл 14 тұрғын «Бастау-Бизнес» курсын оқуға оқуға ниет білдірген. Соның ішінде 10-ы оқуын бітіріп, 3 адам өз жобасын қорғап, кәсіпкерлік негізде несие алған.

         Кенттегі кәсіпкерлік саласында азаматтардан бөлек, жас аналар да, мүмкіндігі шектеулі тұрғындар да бар. Мысалы, 3-ші топ мүгедегі Елубай Төремұратов 1 жарым миллион теңге грант жеңіп алып, оған жаттығу залын ашып отыр. Кенттегілердің жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізу мақсатында ашылған бұл кешенде оқушылардан бөлек, теміржолшылар да жаттығады.

         Кентте кәсіпкерлік тізгінін ұстаған жас аналардың бірі – Гүлзия Сақтағанова. Біз айтып өткен «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бизнес кеңесші» курсын бітіріп, жобасы жақсы бағаланған. Қазір 24 жастағы жас кәсіпкер 1 жарым миллион теңге қайтарымсыз несиеге кілем жуу орталығына қажетті құрал-жабдықтарын алуда. Бұрын бұл қызметті аудан орталығынан ғана көретін ауылдағы ағайын жергілікті жерде мұндай нысанның ашылуын қуана құптап отыр. Жалпы айтқанда, кенттегі кәсіпкерлер саны жыл басында 395 болса, қазір 421-ге жеткен. Осы жылы кәсіпкерлер арқылы 5 нысан ашылып, жергілікті 21 тұрғын жұмыспен қамтылған.

Ойсылқараның орны ерекше

          Аралдың қыр жақтағы ауылдарынан Ойсылқараның тұқымын жиі көресіз. Мұндағы жұрт үшін түйе мал шаруашылығында маңызды рөл атқарады. Кент әкімі Сәкен Мырзағазиевтың мәліметінде жылқы мен мүйізді ірі қарадан көрі өркешті жануардың саны көп екенін байқадық. Сексеуілдің өзінде, жылқы мен сиыр 2000 жуық болса, түйе саны 3 жарым мыңға жеткен. 4000 жуық ұсақ малы және бар. «Арал Ырысы» бағдарламасы арқылы кәсіпкер Нұрдәулет Текебаев 107 түйе, 32 бас жылқы, 14 сиыр алуға 43 миллион алған. Сексеуіл кәсіпкерлері етінен бөлек, емдік қасиеті мол шұбаты мен шудасы ел арасында сұранысқа кеңінен ие түйе шаруашылығын дамытуда алда тұр.

Шынығам десең…

Кентте №20 аудандық балалар мен жасөспірімдерге арналған  спорт мектебі бар. 2018 жылдың 8 маусымында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен салтанаттты түрде ашылып, пайдалануға берілген бұл мектепте болашақ  чемпиондар жаттығып жүр. Чемпион демекші, Сыр аймағының намысын қорғап жүрген талантты ұлдар, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы Әділет Ахабай мен еркін күрестен жүлдегер Аяр Кенжеев осы Сексеуілдің тумасы.

– Мектепте 726 бала бар. 6 спорттық топ жұмыс жасайды. Мұның ішінде бокс, қазақ күресі, еркін және грек-рим күресі, волейбол, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері енеді. Жалғыз бізде ғана емес, Тоқабай, Шижаға, Жақсықылыш, Қаратерең, Қаратерең, Бекбауылда біздің штаттағы арнайы жаттықтырушылар жұмыс жасап отыр. Оқу орнының ашылғанына жыл болмаса да біздің шәкірттер облыс, республикада топ жарып жүр, – дейді спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Жетпісбай Қорғанбаев.

Ел азаматтарының жастар тәрбиесінде көрсетер бұдан өзге өнегесі көп. Кентте тәрбиелік мәні зор шаралар жиі атқарылады. Біз барған уақытта ауыл ағалары жастардың басын қосып, бейіт маңына тазалық жүргізіп, сыртын қоршап жатыр екен. Дін мен дәстүрді құрмет тұтқан жастар ауыл ортасындағы бос алаңды темірмен қоршап, тал-теректер отырғызып, саябаққа айналдырған. Кенттегі жастар көшбасшысы Ақтілек Есеев өз қатарластарының уақытын тиімді өткізуге бар жағдай жасалған деп отыр. Қарты бірлікке шақырып, еңбекке жұмылған бұл елдің ендігі базынасы – жолдың тегістелуі мен ғасырға жуық тарихы бар ескі ғимаратта орналасқан 25 орындық ауылдық аурухананы жаңарту. Шойын жол жиегіндегі орналасқан шаруасы жайлы елдің бар тілегін қойын дәптерге түртіп, кері қайттық. Алда Қарақұм сапары.

Қарақұм-ай, қарағым-ай!

Таң біліне сала Жақсықылыш пен Тоқабайдың үстін асып, Қарақұмға табан тіредік. Негізгі бағыт – Қарақұмның орталығы Абай ауылы, ондағы жаңа теміржол станциясы. Әрі «Қарақұм-ай дегенше, қарағым-ай десеңші» деген бұрынғының сөзі де есте. Тарихты ақтарсақ, Қарақұм өңірінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әр жерде малшы ауылдар қоныс тепкенге ұқсайды. Малдан өзгені кәсіп қылу бұл жердің табиғатына келмейтіні де белгілі. Кезінде мыңғыртып мал айдаған миллионер ауылдың тірлігі бүгінде де мығым. Оған себеп те жоқ емес. Тоқсаныншы жылдары басқа ел үдере көшіп жатқанда, бүтін қалпын сақтап қалған бірден-бір ауыл осы. 1957 жылдан бері қарай «Қарақұм» совхозы болып, мал шаруашылығы өркендеген мұндағы қалың жұрттың қабағы бүгінде жадыраңқы. Орталықтан жүз шақырым шалғайда орналасса да теміржол келгелі түтін саны көбейе түскен. Орталығы Абай ауылы деп аталатын Қарақұм округінің аймағына Ерімбетжаға мен Көкаша елді мекендері кіреді. 15 мыңға жуық ұсақ малы, 13 мыңнан асатын ірі қарасы бар. Ауыл бизнесінің тізгінін ұстағандардың дені осы шаруашылықтың айналасында. Мұнда да басым көпшілігі ірі қара өсіруді мықтап қолға алғанға ұқсайды. Былтыр да, биыл да ауылдағы көптеген азамат кәсіпкерлік негізде оқуға ықылас танытып, өтініштері қабылданған. Мысалы, өткен жылы ауыл тұрғыны Нүркен Мамитанов «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» арқылы жылқы өсіруге 6 миллион теңге несие алып, 22 бас жылқы сатып алған. Бүгінде кәсіпкер жеке қаражатына 100 басқа арналған бордақылау алаңын салған. Үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесі алдағы уақытта жерлестеріне тойхана да салып бермек.

Ауыл азаматымен ажарлы екенін ескерсек, Қарақұмнан шыққан ұл мен қыздың туған ауылын түлетуде еңбегін айтпай кетпесек болмас. Талғат Назаров, Әділхан Жұқашов, Нұрлан Мұсаев, Жаңабай Балкенбаев, Берік Жандәулетов сынды азаматтар өз ауылының тұрақты қолдаушысына айналған. Мұндай игі істердің басында қарақұмдық Абай Қазбектің есімі ерекшеліп көрінеді. Ол туған ауылына өз қаражатына мешіт салып берген. «Өтеп ишан» атындағы Алланың үйі ауылдағы айшықты орынның бірі болып тұр. Мұнан өзге мектеп пен балабақша, жаңа емхана, интернат пен почта үйі тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Қоскөл мен Сексеуілдің арасы

Басты тіршілігі мал шаруашылығы болған қарақұмдықтардың өміріне соңғы жылдары соны жаңалық келді. Бұл ауылдың үстімен 2014 жылдың 21 тамызында алғашқы пойыз жүрді. Ақтаудағы теңіз порты арқылы батыс өңір мен Азия елдері арасындағы қашықтықты орта есеппен 600 шақырымға қысқарту және шет елдермен транзиттік жүк көлігін арттыру мақсатында салынған Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған шойын жолы біз ауыл өміріне серпіліс әкелді. Елдің батыс өңірлеріне жүктердің тікелей тасымалын құруды көздейтін жаңа теміржолмен күнара 1 жолаушылар пойызы мен 10-15 жүк пойыздары тұрақты қатынауда.  

– Абай станциясының қарақұмдықтар үшін маңызы ерекше. Жастарға жұмыс орындары табылды. Бір ғана Сексеуіл мен Қоскөлдің арасындағы бекеттерде 500 жуық қызметкер бар. Ал біздің станция бөлімінің өзінде сексеннен аса теміржолшы болса, оның 40-тан астамы Қарақұмның азаматтары. Жұмысшылардың басым көпшілігі жастар, – дейді станция бастығы Нұрлан Шүренов.

Қарақұмда қазір 80 жуық отбасы нәпақасын теміржолдан тауып жүр. Биылдың өзінде негізгі және орта мектепті бітіруші түлектердің біразы осы салаға қызығушылық танытқан. Нұрболат Төрежанов, Гүлзия Досқожаева сияқты жас мамандар экономика күретамыры саналатын теміржолдың туған жердің үстімен өтуін зор қуанышқа балайтынын жеткізді.

– Азық-түлікті қысты күні аудан орталығынан таситын біздің ауыл тұрғындары бұл күндері пойызбен тұрақты қатынайды. Бұл әсіресе, қыстың күні жол қатынасы қиындау уақытта тиімді. Қыстық отын көмірді де тікелей Жезқазғаннан келетін жүк пойызы арқылы аламыз. Бұрынғыдай аудан орталығынан тасымаймыз.  Жастарға тұрақты жұмыс көзі табылды, – дейді байланыс механигі Гүлзия Досқожаева. Жиырмадан енді асқан теміржолшы қыздың сөзінің жаны бар. Теміржол келгелі тіршілік те өзгерген сияқты. Алдағы екі жылда жұмысшыларға қызметтік үй, Абай станциясына сервистік орталық, почта қызметі, халыққа кассалық кызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Қарақұмға клуб керек

Әттең-ай, дейсің. Сан жақсы істің арасынан осындай жағымсыз көрініс көзге түссе өзің де қарадай қысылады екенсің. Бұл мәдениет ошағы 80-ші жылдардың ортасында көкөніс сақтайтын қойма боп ашылып, кейіннен жазғы клуб болып халық игілігіне берілгенге ұқсайды. Біртін келе төбесі жабылып, жан-жағы бітелгенмен 40 жылға жуық қызметін атқарған бұл клубтың қабырғасы қақырап тұрғаны жасырын емес. Төбедегі керме ағаштар майысып, сынғалы тұрған мәдениет ошағының жағдайы аса мәз емес екенін сыр көз де бірден байқайды. 2015 жылдан бері қарай апатты деп танылған бұл клуб әлі де ауыл іс-шараларында ашық тұрады. Қыста суық, жаңбырлы күні су тез өтетін бұл мекеменің жаңаруын қарақұмдықтар асыға күтуде.

Ержан ҚОЖАС,

Қызылорда-Арал-Сексеуіл-Қарақұм-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<