Шартарапқа тараған шамшырағы

826

0

Екіғасырлық тарихты артқа тастаған Қызылорданың қазіргі келбеті де, болмысы да бөлек. Бір кездегі сұрғылт, еңкіш үйлердің орнын еңселі ғимараттар басты. Көгеріп тал өспейді делінетін шаһарды жасыл-желек көмкерді. Өзгеше өң сыйлаған сұлулығы бір бөлек, Қызылордада, ең бастысы, адамға сенім сыйлайтын аура бар. Бұл – қаладағы тоқтаусыз дамудың, ниет пен еңбектің айғағы. Бет-бейнесі өзгерген, өзіндік мәдениеті қалыптасқан қаланың ішкі әлеуеті, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қалай? Ол үшін арнайы дерек пен дәйекке зер салдық.

Қаланың

қазіргі келбеті

Үш жүз мыңнан астам тұрғыны бар қаланың қай кезде де жаңалығы көп. Шаһарда көзге алғаш түсетіні – қарқынды құрылыс жұмыстары. Соңғы жылдары Қызылорда қаласында 14 шағын аудан ашылып, 7 тұрғын үй кешені бой көтерді. Соның арқасында 10 мыңға жуық қызылордалық қоныс тойын тойлады. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік нысандардың басым көпшілігі жаңа, архитектурасы да ерекше. Сондай-ақ, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар нысандар қайта жаңғыртылып, сапасы да, сыртқы келбеті де жақсара түсті.

Иә, қалада басты мәселе баспананың жайын реттеп алғандар саны артты. Сондай-ақ, жыл өткен сайын әлеуметтік нысандар көбейе түсуде. Айталық, қала күніне орай, Жаппасбай батыр көшесіндегі 600 орындық мектеп пайда­лануға берілсе, қала тұр­ғын­дарының сұранысына сәйкес, «Бәйтерек» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп салынуда. Жеке инвестор есе­бінен «Саяхат» шағын ауданы мен Е.Демесінов көшесінің бойынан да білім ордасын салу қолға алынды.

Байқаған боларсыз, биыл ка­рантинге қарамастан, Қы­зыл­орда кө­шелеріне қиыршық тас төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Әсіресе, кедір-бұдыр жолдан зәре­зап болған шеттегі шағын ау­дан тұрғындарының қуанышы тым бөлек. Биылдың өзінде қала ау­мағында 260 көше күрделі, орташа жөндеуден өтуде. Сонымен бірге ұзындығы 171,8 шақырым болатын 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Ал, 68 көшеге жаяу жүргінші жолы, 70 аялдама салынуда.

Қалада жаяу серуендесеңіз, ғимараттардан бөлек, әдемілік сыйлайтын көп дүниенің өзгеріп кеткенін байқайсыз. Ор­талық көшелермен жүріп, Назарбаев даңғылына түссеңіз, жердегі тас төсеніштен бас­тап, орындық, жарықшам, су­бұр­қақтың өзі ерекше екенін аңғарасыз. Бұрынғыдан жаңа, әлдеқайда әдемі. Бұл жұмыстар да биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілді. Мұндай абаттандыру нәтижесін «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» монументі, теміржол паркі маңайынан да көруге болады. Әсіресе, биыл «Сыр ананың» сұлулана түскені, жан­ға жайлы демалыс орнына айналды.

Сол жағалаудағы жаңалық

Танымал америкалық теле­журналист Ларри Кингтің «тарихқа үңілер болсақ, ел­дердің шаһарларды жаулап ал­ғанын көреміз, ал Қазақстан қала салады» деген сөзі бар. Расымен де, ерке Есілдің жа­ғасында бой көтерген елорда, Сырдарияның сол қапталында бой түзеген жаңа қала да – ел дамуының нақты белгісі.

Осыдан екі жыл бұ­рын, Қызылорданың 200 жыл­дық мерейтойы аясын­да Сырдарияның сол жаға­лауындағы жаңа қалада ең ал­ғашқы ғимарат – «Қызылорда қаласы тарихы» музейі мен «Рухани жаңғыру» орта­лы­ғының ашылу салтанаты өтті. Жаңа ғимарат 1925 жылы 15 сәуірде Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі өткен Қазақ Орталық Атқару комитеті үйінің үлгісімен салынған. Бұл ұлт тарихындағы ең маңыз­ды кезеңнің бірі, себебі съезде сол кезге дейін ресми жаз­баларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлттың «қазақ» атауы қайтарылып, Ақмешіт қа­ла­сы­ның аты Қызылорда деп өзгертілді.

2018 жылы сол жағалауға алғашқы тұрғындар да қоныс­тана бастады. Мұнан кейін жаңа қалада «Жастар орталығы», балабақша, мектеп, «Болашақ» университеті пайдалануға бе­рілді. Сол жағалауда қоныс тойы жиі тойланатыны рас. Мұнда соңғы екі жылда рес­пуб­ликалық, облыстық бюджеттен 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үй, сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың есебінен 604 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, ел игі­лігіне берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 680 пәтерлік арен­далық 14 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жос­парлануда. Ал жеке инвес­тор­лардың қаражаты есебінен 86 пәтерлік 1 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

Алдағы уақытта сол жағалауда «Шығыс базары» бой көтереді. 3 гектар аумақта тұрғызылатын жабық сауда орнының бірінші ке­зеңі 2021-2022 жылдары салынып бітеді деп жоспарлануда. Әзірге алғашқы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жыл соңына дейін мұнда «Транстелеком» АҚ әкімшілік ғимараты аяқталады. Ал, алдағы уақытта көпсалалы аурухана, физика-математикалық мектеп, қан орталығы сынды елге аса қажет нысандар бой көтереді. Сәнімен, салтанатымен болашаққа деген ел сеніміндей болып бой түзеген жаңа қаланың жаңалығы осындай.

Кәсіпкерлер көбейді

Қалада соңғы уақытта кәсіп­керлікке ден қойған тұрғын­дардың саны артып келеді.  Жыл басынан бері 1244 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 1278 жұмыс орны ашылды.

Ал, өңдеуші өнеркәсіп пен асы­­раушы сала саналатын ауыл­ шаруа­шылығы бойынша облыс­тық статистика депар­та­менті мәлі­мет­теріне зер салсақ, өң­деуші өнеркәсіп саласында 27 827 млн теңге өнім өндіріліп, өт­кен жылдың салыстырмалы кезеңі­мен 100 процентті құрады. Бұл – жалпы өнеркәсіп өнімінің 8,5 проценті. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі қаңтар-тамыз айларында 2614,2 млн теңгені құрап, өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 102,9 процентті көрсетті. Қай кезде де жұмыссыздық мәселесі – басты назарда. Жыл басынан жұмысқа орналасқан азаматтар саны 6765 болса, оның ішінде тұрақты жұ­мыспен қамтылғаны – 5118 адам.

P.S. Сыр елінің орталығындағы сан мың жұмыс, жылдар бойғы еңбекті бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ең бастысы, жаңа ғасырда жаңа қала тұрғызған Қызылорда – болашаққа деген сенім мен руханияттың ордасы. Туған күніңмен, Қызылорда!

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<