Шижағада кәсіп ширай түсті

438

0

Шижағада  кәсіп ширай түсті Облыста биылдан бастап жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына басымдық беріліп, кәсіпкерлікті қолдау мерзімі үш жылға ұзартылды. Бұл ең алдымен салық базасының ұлғаюына, екіншіден жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік береді. Бүгінде ауылдық жерлерде де мемлекеттік қолдау көмегімен кәсіп ашып, идеясын игілікті іске айналдырған азаматтар қатары артып келеді. 

Соның  бірі –  Арал ауданындағы Октябрь ауылдық округінің Ши­жаға тіректі елді мекені. Екі мыңнан аса тұрғыны бар ауыл­­дың негізгі кәсібі – мал шаруа­шылығы. Далалық жердегі ұсақ шаруа­шы­лықтарды біріктіріп, коопе­ративке айналдыру ауыл шаруа­шылығының өз деңгейінде дамуына жол ашады. Шижағада бұл бас­тама тиімді іске асуда. Жекеменшік мал өсіретіндердің шығынын азайтып, табысын еселей түсу мақсатында құрылған «Шижаға 16» коопперативі қазіргі кезде 53 ұсақ қожалықтың басын біріктіреді. Өткен жылы кооператив құрамындағы 19 кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Елбасы халыққа арнаған бір сө­зін­де «Боинг» ұшағын құрастырып аме­ри­калықтардан, «Мерседес» шы­­­­ға­­рып немістерден оза алмай­тын­­­­­ды­ғымызды айтқан болатын. Ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда әлем­­дік нарыққа еркін шығатын бір жол бар, ол ауыл шаруашылығы де­ді. Шынымен де, ата кәсібі төрт тү­лікпен байланысты қазақ жұрты, бүгінде шағын несие көмегімен мал шаруашылығын дамытуға басымдық берді. Мұндай бастама Шижағада да ширай түскенін байқадық.

– Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорына түйе малын өсіру бағыты бойынша 2 жоба ұсынылды. Жуырда Әбу Мінәсіповтің жобасы қолдауға ие болып, 2 млн теңге қаржыға қол жеткізді.  Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасымен жылқы өсіру бағыты бойынша және тігін цехын ашу жобалары комиссия қарауына ұсынылып жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі Нұрбек Жандәулетов.

Тіректі елді мекенде «Гранттық қаржыландыру» жобасы аясында 3 жоба ұсынылып, Ерболат Абдулаевтің «Вулканизация ашу» бастамасы 700 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ие болған. 

Қазіргі кезде кәсіпкерлікке ниет­тілермен қатар ауылдан түлеп ұшқан азаматтар да Шижағадағы қызмет көрсету саласын дамытуға басымдық берген. Айталық, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәдуақас Бабасов жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жаңа спорттық кешеннің жобасын, құрылыс бағасын, жобалық зерттеу және мемлекеттік сараптама жұмыстарын өз қаражаты есебінен жасап беруде. Елге белгілі спорт саңлақтарының басым бөлігі ауылдан шығатынын ескерсек, бұл істің сұранысқа орай ұтымды ұсыныс болғаны анық.  

«Жұмысы жемістінің өмірі келіс­ті». Бүгінге дейінгі тәжірибелер көрсеткендей, Шижағада да ша­ғын несиеге қол жеткізген азамат­тардың бизнесі береке мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны даусыз.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы». 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<