Шілде айындағы оң өзгерістер

520

0

 Шілде айы бірқатар қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Елімізде жәрдемақы мөлшері артып, бірқатар бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы үстемеленіп, ең төменгі күнкөріс деңгейі көтерілді. Мұнан басқа қандай өзгерістер болатыны жайында тізбелеп көрелік.

1. Жәрдемақы өседі. Шілденің бірінен бастап ерекше қажеттілігі бар балалардың қамқоршыларына, сондай-ақ, бала кезден бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндерге төленетін жәрдемақы 30 пайызға көтеріледі. Қазір мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар 31183 теңге алып отырса, енгізілген өзгерістерге сәйкес оның көлемі 41 578 теңге болады. Бұл жәрдемақыны респуб­лика бойынша 95 мыңнан астам адам алады. Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Айгүл Маханованың мәліметінше, мұндай көмек өңірімізде 5400 адамға тиесілі. Бір айта кетерлігі, жәрдемақыны рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Жәрдемақы есептеу қандай да бір құжатсыз автоматты түрде жүргізіледі. Ол әр айдың 1-нен 15-не дейінгі аралықта төленеді. 

2. Ең төменгі күнкөріс деңгейі көте­рі­леді.  Шілде айынан бастап елімізде «Кедейлік шегінің мөлшерін анықтау туралы» бұйрыққа енгізілген өзгеріс­терге байланыс­ты ол 20 пайызға ұлғайды. Яғни, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызға көтеріліп, 20,8 мың теңгені құрайды.

3. Полиция қызметкерлерінің жалақысы артады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, патру­ль­дік полицияда 65 пайыз, жедел-тергеу бөлімшелерінде 55 пайыз, ал қалған санат­тағылардың еңбекақысы 25 пайыз­ға көбейеді.

4.  Шілдеден бастап еліміздегі 225 мыңнан астам медицина қыз­меткерінің жалақысы көтеріледі. Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін, ал кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға дейін артады. Оған қоса жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлер жалақысы да ұлғаяды.

5. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша республикадағы 643403 бюджеттік сала қызметкерінің жалақысы артты. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыскерлер, кітап­ханашылар, орманшылар, ветеринар дәрігерлер, іс жүргізушілер, аула сыпырушылары, техникалық персонал және басқа жұмысшылар бар.

6. Ұлттық банк шетелдік ком­пания­ларды бақылауға алады. Енді бұдан былай шетелдік қаржылық емес ұйымдар Қазақстанның ұлттық банкіне валюта операциялары туралы хабар беріп тұрады. Жаңашылдық «Валюта реттеу және валюталық бақылау туралы» заңға сәйкес енгізіліп отыр. Елімізде  валюта опе­рацияларын іске асыру тәртібі өз­ге­реді. Бұл, ең алдымен, айырбастау пункттеріне қатысты болмақ. Мұндай өзгерістер резвалюта нарығында алыпсатарлыққа жол бермеуге бағытталған. 

7. Ұлттық банк депозиттің жаңа түрін енгізеді. Шетел валютасын ел ішінде ұстап отыру мақсатында екінші деңгейлі банктер үшін депозиттің жаңа түрі енгізіледі. Ұлттық банктің өзінде ашуға болады. Оның мерзімі 1 ай. Ал жылдық мөлшерлемесі 0,5 пайызға дейін болады.

8. «Азаматтарға арналған үкі­мет» коммерциялық заңды тұлғаларды тіркейді. Шілденің бірінен бастап коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаларды тіркеу, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

9. Жүргізуші куәлігін енді «Аза­маттарға арналған үкімет» береді. 2019 жылдың 1 шілдесінен Қазақстанның ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшелерін таратады. Бұл бөлімшенің функциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі. Енді жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерден теориялық және тәжірибелік емтиханды ХҚКО қыз­меткері қабылдайды.

 

«СБ» ақпарат.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<