ҰСТАЛЫҚ ПЕН БАҒБАНДЫҚ ҚАТАР ҚОНҒАН

529

0

ҰСТАЛЫҚ ПЕН БАҒБАНДЫҚ ҚАТАР ҚОНҒАН Ақтан батыр ауылының тұрғындары бағбандық кәсіпке ертеден машықтанған. Кеңес өкіметінің тұсында ХХІІ партсъезд атындағы кеңшар аталған  елді мекеннің атағы күріш егіп, мол өнім алумен аймаққа танылды. Ұзақ Оралбаев басшылық жасаған сол кезеңдерде Жұмағали Өтепбергенов, Социалистік Еңбек Ері Әбуша Дінисламов, басқа да ел ағалары ауыл даңқын  шығаруға сүбелі үлес қосты. Сүйсінерлігі, осындай ізгі үрдіс қазір де жалғасын табуда.
Бағбандық пен ұсталық кәсіпті тел меңгерген ауыл азаматының бірі – Мәлік Балтабекұлы Махамбет.   Мәліктің шеберлігі, шаруасына пісенттілігі, кез келгеннің қолынан келе бермейтін бағбандығы  көрші ауылдарға да жақсы мәлім. Оның ауласына бас сұққаннан бойыңыз сергіп, жансарайыңыз ашылып сала береді. Жасыл желегі жайқалған жеміс ағаштары, алуан гүлдер, жапырағын самал тербеген саялы талдар, түрлі өскіндер бәрі табылады. Мұнда жүзімнің, алманың  көптеген сорты,  алмұрт, шие, өрікті көргенде өзіңізді табиғаты қытымыр  Қазалыда емес, теңіз жағалауындағы шипажайда жүргендей сезінетініңіз анық. Аула ішіндегі Мәліктің шебер саусақтарымен жасалған қалың жүзім шоғырымен жабылған киіз үйдің пішіні, еріксіз таңдай қақтырады.
Махамбет әулеті – осы ауылдағы іргелі шаңырақтың бірі. Мәліктің өзі Ресейдің Магнитогорск  қаласында дүниеге келген. Қалайша дейсіз бе?! Айтайын.  Өткен ғасырдың орта шенінде Мәліктің әкесі Балтабек пен анасы Набат апамыз туыстарының шақыртуымен осы қалаға қоныс аударыпты. Кейін ата қоныстарына көштерін қайта бұрғанға ұқсайды. Біздің кейіпкеріміз болса осы ауылдағы  мектепті бітіріп, әскери борышын Түрікменстанда өтеген. Еңбек жолын  бірқатар құрдас­та­рындай күрішші болып бастаған ол нарық буған тұста көп абыржыған жоқ. Әрине, қиналған шағы да кездесті. Десе де Балтабектің ұлдары «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» қағидасын ұстанды. Ең бас­тысы, ауызбіршілік таныта білді. Осылайша ағайындылар ұжымдасып, Жайықбай жазығынан күнделікті халық тұтынатын дақыл екті. Алғашқы жылы бақшадан көл-көсір өнім жинады. Өздерінің ішіп-жемінен ауысқан сәбіз, картоп, жуаны са­тып, қыруар пайда тапты. Осы сәттілік бірнеше жылға созылды.
Мәліктің басқа да қыры жетіп-артылады. Ол – он саусағынан өнер тамған шебер.
Қазіргі таңда Мәлік Махамбет балаларымен бірге жеміс-жидек, көкөніс егіп, өнімін өткізіп  ризықтарын табуда. Түрлі бұйымдар жасап, жалға беруді кәсіп көзіне айналдырған. Ел арасында Мәлік қолдан  жасаған горелка, әсем жабдықталған шатыр (палатка), қазан-ошақ, титан, жер үстелдер, киіз үйлерге сұраныс жоғары.
Ауласында жайқала өсіп тұрған қызыл, көк, қара түсті жүзім, қара өрік, сары өрік, алмұрт, жергілікті шағын алма, көк апорт, сары апорт, шабдалы, шие, жидек ағаштары алыстан жанарыңды арбайды. Оны айтасыз, Қазалыда көп кездесе бермейтін бірнеше түп грек жаңғағының ағашы үй иесінің нағыз майталман бағбан екенін айғақтайды. Айтпақшы, аулада қалың өскен сіпсе де (сыпырғыш буылады) бар.
«Таныстарым ауылдық жерге сыпыр­ғыш қажет деген соң, сіпсе ектім» деп қалжыңдайды екен. Талабы таудай азамат­тың еңбегі, міне, осындай үлгі.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы,
Ақтан батыр ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<