Су тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

1819

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова егісті суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Нұрымбетовты, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменовті және «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетовті қабылдады.

Қабылдауда сала басшылары қазіргі уақытта облыстағы егін шаруашылығы жағдайы мен суармалы су жеткізу жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, С.Нұрымбетов биылғы нақты егілген егіс көлемі мен жағдайы, аудандар бойынша су тапшылығы орын алған егіс көлемі мен су жеткізу барысында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. Табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының басшысы Б.Шәменов Сырдария өзені бас­сейніндегі су­дың жай-күйін баяндады. «Қазсу­шар» кәсіпорны Қызылорда фи­лиа­лының директоры Х.Бейім­бетов шаруашылықтармен бірге суды тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлады.

Облыс бойынша 184,7 мың гектар егіс егіліп, негізгі дақыл – күріш 89,6 мың гектарды құрады. Бүгінде каналдар арқылы егіске күнделікті секундына 404 текше метр су алынуда.

Атап айту керек, өткен жылмен салыстырғанда, «Нарын – Сырдария» каскадының су қоймаларында су көлемі 4,4 млрд текше метр аз. «Шардарадағы» жиналған су 2,3 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 1,1 млрд текше метрге азайып, төменге Сырдария өзені арқылы секундына 520 текше метр су тасталуда. Бұл былтырмен салыстырғанда 180 текше метрге аз болып отыр.

Осы жағдайлар сумен қамта­масыз етуге кері әсерін тигізіп, барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалып отыр. Аймақтағы 1853 гектар күріш егісіне су жетпей 405 гектар егіс мүлдем сусыз қалған.

Өңір басшысы Сырдария өзе­нін­дегі тапшылыққа байланыс­ты облыстың егін алқаптарын сумен қамтамасыз етуде қалып­тасқан күрделі жағдайды күнде­лікті бақылауда ұстап, тікелей ұйымдастыруды және су тапшы­лығын алдын алу бағытында жұмыс жасауды тапсырды.

– Су тапшылығын қайта болдыр­мас үшін алдағы жылдың егісін жос­­парлағанда күріштен басқа суды аз қажет ететін, тиімділігі жо­ғары дақылдарды егу жолдарын қа­рас­­тырыңыздар, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы қалыптасқан мә­се­лені жедел шешу бойынша Үкімет пен салалық министрлікке шұ­ғыл ұсыныс жолданатынын және алдағы күндері Үкіметте өте­тін мәжілісте аталған мәселені Премьер-Министрдің назарына жеткізетіндігін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<