СЫРДЫҢ САЗЫ ЛОНДОНДА ҚАЛЫҚТАДЫ

319

0

Бұған дейін газетімізде хабар­ланғандай, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Лондонда өткен Наурыз тойына қатысты. Мерекелік шара өткен сенбі күні «Victoria Embankment Gardens» саябағында ұйымдастырылды. 

Айтқандай, аталған шара Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйытқы болуымен өтіп отыр. Оған Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов қатысып, мерекемен құттықтады.

Сыр елінен арнайы барған өнерпаздар лондондықтар үшін екі бірдей концерт қойып, көрермендерді түрлі жанрдағы музыкалық шығармалармен сусындатты. Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» сынды шығармалар мен әлемдік классикалық туындыларды орындаған ұжымның жеке орындаушылары да жыр-термеден шашу шашты.

«Өнерпаздарымыздың тартуы арқылы біз ұлттық өнерді дәріптейміз. Бұған дейін де шет мемлекеттерде концерттік бағдарлама ұсынып жүрген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі осы жолы да Сырдың сазын нақышына келтіре орындады», – дейді филармония директоры Талғат Мақашев.

Жаңалықтың әп-сәтте шартарапты шарлап тұрған дәуірі.

«5 мың 671 шақырым (Қызылорда-Лондон) қияннан қобыз бен домбырасын ала келіп, Лондон төрінде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуі үлкен мақтанышқа айналды. Бұл Наурыз фестивалі басқа елдерде тұрып жатқан этникалық қазақтар мен қазақстандық қандастардың (оның ішінде осы елде жұмыс істеп жатқандар мен «Болашақ» студенттері бар) танысып-білісуіне үлкен себеп болды» деп пікір жазады «Болашақ» бағдарламасының студенті, жерлесіміз Нұрбек Әмиша әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, «Ақмешіт» Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2009 жылы облыстық филармония жанынан құрылған болатын. Құрамында 12 өнерпаз бар ансамбль репер­туарында 100-ден астам қазақ күйлері мен заманауи өңделген шығармалар жинақ­талған. Өнерпаздар республикалық, халық­аралық конкурстар мен фестивальдарда жеңімпаз атанып жүр.

Соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен ансамбль өнерпаздары Өзбекс­тан, Ресей, Түркия елдерінде гастрольдік сапарларда болды.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<