«ТІРІ ЭКСПОРТҚА» ТЫЙЫМ біз осы кімнің мүддесін көздейміз?

403

0

  Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірілей экспорттауға тыйым салғалы атакәсіптің айналасында жүргендердің пікірі екіге жарылды. Бірі қуаттаса, келесісі қарсы. Алайда, бұл еліміздегі мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттары егелерінің тілегінен туған шешім екенін ескерген жөн.
Уақытша тоқтам ірілі-уақты малдың аналығына қатысты болып отыр. 156 мың бас сиырды айтпағанның өзінде, өткен жылы 264 мың қой шет ел асыпты. Оның 200 мыңы – Өзбекстанға, 21 мыңы – Ресейге, 12 мыңы – Иранға, 8 мыңы – Әзербайжанға. Ауылы аралас, жайла­уы жапсарлас ала тақиялы ағайын малды сатып алған соң сойып, етін өңдеп, өзімізге, өзгелерге қымбатқа сататын көрінеді. Министрліктің мораториий жариялауының бір себебі – осы. Статистикаға сүйенсек, сыртқа жөнелтілген ірі қараның 147 мыңы – бұқа да, 8830-ы – аналық сиыр. Алайда, отандық сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. «Ветеринарлық ұйымдардың деңгейіне байланысты қағаз жүзінде баспақты бұқаға айналдыру экспортшылар үшін еш қиын емес» деп есептейді олар. Аналық басты елден шығаруға қарсылық былтыр жазда басталған еді. Шекарадағы тексерістен кейін ғана министрлік «тірі экспортқа» тыйым салды.
Енді «еліміздегі мал борда­қы­лайтын орындар түлігін неге сыртқа, оның ішінде Өзбекстанға өткізуге құмар?» деген сұрақ туын­дайды. Өйткені көршілеріміз мал шаруашылығын жандандыруға ден қойып отыр. Арнайы бағдарлама бойынша фермерлерге қой-сиыр сатып алу үшін арзан несие беріледі. Осыдан келіп олар Қазақстаннан семіз малды келісіне 800-ден 950 теңгеге дейін төлеп, сатып алады. Отандық ет комбинаттарының ұсынатын бағасы одан 100 теңгеге арзан. Ал кім көп төлесе, шаруалардың қолындағысын соған беретіні – нарықтың бұлжымас заңы.
– Мораторий ет және ет өнімі бағасының қымбаттауына, ет өңдеуші кәсіпорындар мен мал бордақылау алаңдары жүктемесінің тө­мендеуіне байланысты жарияланды. Былтыр кәсіпорындар қуатын толық пайдалана алған жоқ. Оған шикізат тапшылығы себеп. Ал шикізат шет елге кетіп жатыр, – дейді министрліктің де­пар­тамент директоры Еркебұлан Ахметов.
«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы шаруаларды өзбектер сияқты өзіміз де ынталандыра алатынымызды алға тартып отыр.
– Еліміздегі ет өңдеуші 15 кəсіпорын 45 процентке ғана жұмыс істеп тұрғанда біз Өзбекстанның шикізат көзіне айналып отырмыз. Мал өсіруге арналған субсидияларды сол үшін бердік пе? Өзбекстан содан шұжық, ет консервісі тəрізді дайын өнім əзірлеп, өзімізге сатып жатыр, – дейді палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Мораторий бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­­жан Мамытбеков бас­қа­­ратын Қазақстан ет ода­ғы­ның сынына ілікті. Себебі бұл әлем­дік тәжірибеде көп кез­деседі.
– Австралия жылына 1 миллионнан астам ірі қара­ны, қойдың өзін бірнеше мил­лиондап экспорттайды. Сонда да ел үкіметі мен фермерлері «Индонезия немесе Қытайдың шикізатына айналып» бара жатырмыз демейді. Керісінше, жануарларды тірі күйінде экс­порттау – халықаралық тә­жіри­беде үлкен дәреже. Мал­ды кез келген елден са­тып ал­майды. Мысалы, Қы­тай Моң­ғолияның малын сойғы­зып, шикі етті ыстық суға сал­­дырып, вирустық микроб­тарды өлтіріп барып қа­был­дайды. Қой-сиырымызға сырт­­тан сұраныстың болуы Қа­зақ­станның ветеринария са­ласына сенімін көрсетеді, – дейді А.Мамытбеков.
Одақ төрағасы осы орайда еліміздің Өзбекстанның ши­кізат базасына айналып бара жатқаны туралы уәжпен келіспейді.
– Қазақстан Өзбекстаннан қайта өңделген ет өнімін алып отырған жоқ. Шұжық та, кон­серві де сатып алмайды. «Мал­ды тірі күйінде сатып, оны дайын өнім ретінде қайта алып жатырмыз» деген сөз нақты жағдайға сәйкес келмейді, – дейді ол.
Аусыл ауруы бойынша буферлік аймақтан шыққан соң Қызылорда облысы да Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, Моңғолия, Ресей және Өзбек­с­танға тірілей қозы, ірі қара экспорттай бастады. Былтыр өзбек еліне – 295, Иран­ға 56 бас мал жөнелткен Қазалыдағы «Сыр маржаны» серіктестігінің директоры Мінәжадин Өтеев төлдейтін мал экспортына тыйымды қуаттайды.
– Бұған дейін жеке шаруа­лар, шағын шаруашылықтар сыртқа аналық, жас қой-сиырларды өткізген болуы әбден мүмкін. Ендігі жерде іріктеу қатаң түрде жүргізілуі тиіс, – дейді ол.
Серіктестік тарапынан бүгінде Қызылорда қаласында экспортқа бағытталған, жыл­дық қуаттылығы 5 мың тонна болатын ет өңдеу комбинаты салынып жатыр. М.Өтеев комбинат жыл соңына қарай іске қосылып, онда шұ­жық, консервідегі ет өнімі шығарылатынын айтып отыр. Аталған нысан ет өнімінің экспорт көлемін ұлғайтуға серпін бермек.
Мемлекет қолдауының арқасында өңірдегі мал басы өткен ғасырдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелген 1993 жылдағыдан асты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Арыстан Омаровтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылмен салыстырғанда былтыр мүйізді ірі қара – 2,6, аналық сиыр – 8,4, қой мен ешкі – 2, түйе – 4,7, жылқы саны 8,7 процентке артты.
– Төрт түлікті шет елдерге тірілей сату республика көлемінде мал басының кемуіне, ет құнының шарықтауына әкеп соққаны жасырын емес. Сондықтан уақытша болса да бұған шектеу қойылғаны дұрыс, – дейді ол.
Ет-сүтпен өзімізді жарылқай алмай отырғанда шикізатты өзгеге өткізудің қисынға келмейтінін өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов та растайды.
– Бізде малды семіртіп, етін өткізудің қиындығы өз алдына. Өйткені жем-шөп өте қымбат. Оны әзірлейтін монополист шаруашылықтар бірауыздан бағаны көтере салады. Ал бұл қарапайым шаруаның қалтасына кәдімгідей салмақ түсіреді, – дейді ол.
Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты Қызылорда ғылыми-зерттеу ветеринария стансасының филиал меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимов шет елдерге қазақ даласының құнарлы су-шөбімен қоректенген қой-сиырдың өзін емес, етін өткізген әлдеқайда тиімді деп есептейді.
– Тірілей мал экспорттау жекелеген мал егелері үшін ғана тиімді шығар. Бірақ біз алдымен жергілікті өніммен өз қажеттілігімізді қамтамасыз етуіміз керек, – дейді ғалым.
Қазақстанда мал ба­сын көбейтудің ұлттық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ол бойынша 2018-2027 жылдар аралығында ірі қара санын қазіргі 7 миллионнан 15 миллионға, қой санын 18 миллионнан 30 миллионға жеткізу көзделген. Сәйкесінше, ірілі-уақты мал етінің жылдық өндіріс көлемін қазіргі 600 мың тоннадан 1,1 миллион тоннаға артуы тиіс. «Сыбаға» бағдарламасы аясында қымбат бағалы асылтұқымды малды Қазақстанға тасымалдаудың бір себебі – осы. Сөйте тұрып, сыртқа қайтадан мал өткізудің қан­дай мәні бар деген ойға қаласың.
Министрлік жариялаған мораторий – уақытша шара. Бұл саланың даму динамикасына кері әсер етуші жайттарды талдап-таразылап, нормативті құжаттарды тағы бір пысықтау үшін қолға алынып отыр.
Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<